Таным • 30 Сәуір, 2024

Танымал әннің тарихы: «Келші, айым»

16020 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Көгілдір көл беті, көк елес көлбеді, Мен тұрмын жағада жабырқау», деп басталатын әннің тереңінде белгісіз мұң жатқандай…

Танымал әннің тарихы: «Келші, айым»

Композитор Мэлс Өзбеков консерваторияда оқып жүрген кезінде Айымзада атты қызға ғашық болады. Қос жүрек бірін-бірі түсініп, махаббаттың шарабына мас болып жүргенінде, жазғы каникул да келіп қалады. Екеуі қимай қоштасып, жаңа оқу жылында кездесуге уағдаласыпты. Демалыс аяқталысымен, Мэлс Алматыға қарай құстай ұшады. Іздегені – Айымзада. Оқу орнына барса, әлі келмеген екен. Не істерін білмей, сыртта тұрғанында мұны танитын курстас қыздардың бірі суық хабар жеткізеді. Айымзада каникул кезінде өзенге шомылып жүріп, суға кетіп қайтыс болған екен. Мұны естіген Мэлстің жай-күйі айтпаса да түсінікті. Көл басына барып, мұңайып отырып, әуеннен тыншу сұрайды. Сезімге толы «Келші, айым» әні осылай дүниеге келген екен.

 

«Нұрикамал»

па

Бұл – композитор Тұрдықылыш Ізтай мен оның жары, ақын Хан­бибі Есенқараның бірге жазған шы­ғармасы. Алайда туынды екеуі­нің ортақ сезімі туралы емес.

Т. Ізтай табиғат аясындағы бір отырыс­та Нұрикамал деген сұлу қызға ғашық болады. Сол кеште бойжеткенді биге де шақырған. Бірақ Нұрикамал бас тартыпты. Сазгер түнімен пианино ойнап, сезімін әнге қосуға тырысады. Мұны сезген ақынның жары әннің сөзін жазып, «Айтқың келгені осы ма еді?» деп өлеңді жолдасына өзі апарып берген. Ақын Ханбибі Есенқарақызы естелігінде: «Ол бойжеткенге ғашық болмау мүмкін емес еді. Бұл әнді Естайдың Қорланы сияқты бағаладым», дейді.

 

«Жас жұбайлар»

пр

«Сендерге әрдайым орын бар, Ақ отау төріне қоныңдар», деген игі тілектер айтылатын бұл әннің тарихы бөлек.

Сазгер Бекжігіт Сердәлі студент ша­ғында Құлтөлеу досының үйлену тойына пойызбен жолға шығады. Той өтетін мекенге жақындаған сайын жас жұбайларға қандай сый тартатынын уайымдай бас­тайды. Өйткені отау құрып жатқан Құлтөлеу де, Райхан да – сазгердің курстасы. Сондықтан Бекжігіт ерекше сыйлық жасау керек деп ойлайды. Бір кезде жол бойы дастарқанға айналған «Лениншiл жастағы» екi шумақ өлеңге көзі түседі. «Газет бетіндегі әлгi екi шумақты әуенге салып, айтып көрiп едiм, әп-әдемi ән шыға келдi. Сосын «Жас жұбайлар» деп атау таңдым», дейді сазгер. Ал әннің сөзін жазған Өтеген Оралбаевпен сазгер тек екі жыл өткен соң, 1986 жылы танысқан екен.