Ғылым • 30 Сәуір, 2024

Ғалымдарға қамқорлық

37 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университе­тінде Ғылым және ком­мерцияландыру депар­та­мен­тінің ұйымдас­ты­руы­­мен «Тампонаждық ма­те­риал­дар мен бұрғы­лау ері­тін­ділерінің қасиет­­­те­рін зерттеу» зертханасы ашылды.

Ғалымдарға қамқорлық

Зертхананың ашылу салтанатына Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы қатысты. Іс-шара барысында Мәлік Отарбаев пен М.Х.Дулати атындағы Та­раз өңірлік университетінің бас­қарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов алқызыл лентаны қиып, ізденіс ізіне түскен маман­дарға табыс тіледі.

Ғылыми зертхананың ашылу салтанатында сөз алған «Аман­гелді Газ» өңдеу зауыты дирек­торының орынбасары Болат Бухбанов, «QazaqGaz – барлау және өндіру» ЖШС өндіру бойынша инженері Құлмағанбет Уәлиев және техника қауіпсіздігі бойынша инженер Ғалым Дәндібай өз пікірін ортаға салып, ұтымды идеяларымен бөлісті. Олардың айтуынша, мамандардың біліктілігін арттыру ісінде зертхананың атқарар жұмысы аз емес.

Зертхананың іргесі Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғы­лым комитетінің гранттық қаржы­ландыру аясында қаланған. Жоба жетекшісі – PhD Арман Қабдышев екен. Зертхана өткен жылдың соңында талапқа сай то­лық жабдықталыпты.

Жоғары оқу орны басшы­лары­ның айтуынша, ғы­лыми қызмет­керлер, магистранттар мен студенттер зертханада ғылы­ми-зерттеу жұ­мыстарын тұ­рақты түрде жүр­гізеді. Зертха­на­ның мақсаты – мұнай-газ, кен орын­дарындағы ұңғы­лардың це­мент­телу сапасын арттыруға бағыт­талған. Мамандар қазіргі кезде өз жұмысын жүйелеп, нақты ғылы­ми бағыттар бойынша іске кірісуге бел буып отыр.

Іс-шара барысында сөз алған Президент кеңесшісі М.Отар­баев ғылымға бет бұрған жастар үшін бұл зертхананың маңызы зор екенін айтты.

– Қазіргі кезде ғылымды өркен­детуге айрықша назар аударылып отыр. Президент ғылымды дамыту мақсатында біршама нақты тапсырма берді. Бүгін сол бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Та­раз төрінде ашылған зертхана ғалымдардың жұмысына серпін беріп, мұнай-газ саласындағы құ­ры­лыста сапаны жақсартуға сеп­тігін тигізеді деп сенемін, – деді М.Отарбаев.

Университет ректоры Мұх­тар Байжұманов Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойынша Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі тарапынан жас ғалым­дарды қолдау жыл сайын күшей­тіліп келе жатқанын тілге тиек етті.

– Жас ғалымдардың зерттеу­ле­рін гранттық қаржы­ланды­руға ар­нал­ған конкурс­тар­дың нәтиже­сінде сұранысқа ие жобалар еліміздің әр өңірінде іске асы­рылып жатыр. Отан­дық ғалым­­дардың ғылыми жария­ланым­­дарының саны мен сапасы артты.

Нақты дерекке жүгінсек, 2024-2026 жылдарға арналған бюджетте жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 18 мил­­­лиард теңге қарастырылған екен. «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы Ғылым және жоғары білім ми­нис­трлігі Ғылым комитетінің грант­тық қаржыландыру аясында ашы­лып отыр.

Зертхана 2023 жылы желтоқсан айында толық жабдықталып біткен болатын. Қазіргі таңда зертханада PhD Арман Қабдышевтің жетекшілігімен докторанттар мен магистранттар, бакалаврлар білім алып, зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр. Кафедраның ғалымдары ғылыми жұмыстарын жүйелеп, мақалаларын жариялап жүр. Тек 2023 жылдың өзінде зертхана қыз­меткерлерінің арқасында 6 мақала Scopus базасына шыққан, өнертабысқа халықаралық патент алынған, – деді М. Байжұманов.

 

Жамбыл облысы