Халық • 01 Мамыр, 2024

Еріктілердің еселі еңбегі

126 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақмола филиалының жанындағы жастар ассамблеясы басын біріктіріп отырған 140 ерікті, студенттер мен түрлі мекеме қызметкерлері ортақ іске жұмыла кірісті. Тұтастай алғанда 600-ге жуық адамды екшеп алып, ортақ іске жұмылған жандар ақ ниеттерімен қам көңілдерді жадыратып жүр.

Еріктілердің еселі еңбегі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Биыл 29 наурыздан бастап облыс орталығындағы Достық үйінің жанынан «Жомарт жан» орталығы жұмыс істей бастаған еді. Орталық күні бүгінге дейін 210 мұқтаж отба­сына көмек қолын созды. Су тасқынынан зардап шеккендерге жалпы құны 800 мың теңге болатын азық-түлік, төсек орын жабдықтарын жеткізді. «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық мәдени орталығы облыс орталығының қызыл су басқан көшелерін тазалау үшін бес техника бөлді. Қала іргесіндегі топан судан тақсірет тартқан Қызыл жұлдыз аулына азық-түлік, дәрі-дәрмегін жеткізіп беріп, алғыс арқалап қайтты. Этномәдени орталық Қылшақты өзенінің жағалауын биіктететін құм салған қаптарды дайындады. Лықсыған сумен алысып жүрген құтқарушылар мен еріктілерді су өткізбейтін киімдермен қамта­масыз етіп, ыстық астан дәм татыр­ды. Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аудандарға құны 400 мың теңге болатын тұрмыстық химия заттарын жөнелтті. Түгел есептесеңіз, жәрдем көлемі 6,4 млн теңгені құрайды.

«Манас» қырғыз этномәдени бірлестігі 1,5 млн теңгенің төсек орны мен балаларға қажетті заттарды ұсынды. «Бари» армян этномәдени бірлестігі 3 ауыр жүк көлігі мен 2 экскаваторын беріп, көмек қолын созды. Олар да 3,1 млн теңгенің жәрдемін жасады. Чуваш, өзбек этномәдени орталықтары зардап шеккендер мен құтқарушыларға 800 мың теңгенің азық-түлігін жеткізіп, ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Облыстық мәслихаттың де­путат­тары, Қазақстан хал­қы Ассамблеясы Ақмола филиа­лы­ның мүшелері жалпы құны 2,5 млн теңге болатын 1840 кг азық-түлік жеткізсе, «Аманат» партиясының мүшелері тұр­мыс­тық бұйымдарын ұсынды.

Жақсы істен жалпы жұрт та шет қалған жоқ. Көкшетау қаласының қарапайым тұрғындары хал-қаде­рінше қаражат жинап, күнде­лік­ті аса қажетті тауарлармен қам­та­ма­сыз етті.

Халық көңілі көл емес пе? Ең бастысы – ыстық жүректің шарапаты. Қорға жиналған қыруар дүние көбірек зардап шеккен Атбасар ауданына жөнелтілді. Ал­маты қаласынан «Atasu» қайы­рым­­дылық қоры жіберген 5 млн теңгенің 11 тонналық жүгі жеткенде, көңіл бір демделіп қалды. Гуманитарлық көмектің бір парасы Жақсы ауданына жолданды. Дәл осындай көмек Атбасар, Астрахан, Есіл және Жарқайың аудандарына жөнелтілді. Жалпы құны 4 млн теңгенің шамасында.

Табиғаттың тарпаң мінезі салдарынан қиындыққа ұшыраған Көкше жұртшылығы жалғыз емес екен. Демегендер де, жебегендер де көп. Павлодар облысының жас­тар ресурстық орталығынан екі «ГАЗельге» тиелген гуманитарлық жүк келді. Барлығы 5,8 млн теңге шамасындағы заттар. Жамбыл облысынан төрт КамАЗ-ға тиел­ген көкөніс пен жеміс, құрал-жабдықтар елдің ыстық ықы­­ласы тәрізді болып жетті. Бірден Атбасар қаласына аттанды­рыл­ды.

Қазіргі күні Бурабай баурайын­дағы «Балдәурен» сауықтыру орта­лы­ғында су басқан өңірлерден келген 100 бала алаңсыз дем алып жатыр. Қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етілген. Ең бастысы – ел бірлігі бекем. Ынтымақ бар жерде қандай қиындық болса да, елдің жеңіп шығарына сенім мол.

 

Ақмола облысы