Туризм • 03 Мамыр, 2024

Туристерді арбаған Тереңсай

23 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздегі ең ұзын әрі ең тар асу Шығыс Қазақстанда екенін бәрі біле бермейді. Бұл – Өскемен-Алтай-Катонқарағай бағытындағы әйгілі Тереңсай асуы. 16 шақырымға созылған тау ішіндегі ирек жол осыдан 83 жыл бұрын күрек-қайланың күшімен салынған. Қазіргі уақытта асуды айналып өтетін төте жол салынып жатқанымен, туристерді Тереңсай қызықтырады. Тура жол пайдалануға берілсе де, Тереңсай сая­хат үшін қолданылады. Оның үстіне табиғаты да әсем.

Туристерді арбаған Тереңсай

Суретті түсірген – автор

Жалпыұлттық құ­рыл­­тайда Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық стан­дарттарға барынша жақын авто­жол желісін жеделдетіп қалыптастыру қажет­тілігі туралы айтып, қазіргі жай-күйіне ерекше назар аударған. Бұл тұрғыда рес­публика өңірлері мен көрші мемлекеттер арасындағы байланыс­тырушы буын саналатын Шығыс Қазақстанның рөлі айрықша маңызға ие. Осыған орай, 2024 жыл облысымызда «Жол жылы» болып жарияланған. Сөйтіп, Шығыс Қазақстанда да бірқатар жол жөндеуден өтетін болған. Бұл ретте Тереңсай асуын­дағы жолдың сапасы сын кө­термейтінін айта кетейік.

– Әзірге шұңқырларды уақыт­ша бітеуден басқа амалымыз жоқ. Ал толыққанды жөндеу жұ­мыс­тарын күн райы әбден жы­лынғаннан кейін ғана жүргізуге болады. Сондай-ақ бұл учаскедегі одан арғы жұмыстардың барысы республикалық бюджеттен қар­жыландыруға байланысты екенін айтқым келеді, – дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі Нұрбек Тұраров.

Ал тура жол Өскемен-Ал­тай күре жолының 53-ша­қы­рымынан басталып, 71-шақырымында қо­сылады. Жаңа жол аяқталса, алты ша­қырымға қысқарады. Ең бастысы, қауіпсіз болады. Қар алатын және көшкін түсетін учаскелеріне екі километрдей темір-бетонды қалқан тұр­ғызылады. Жол бойында демалуға арналған алаң, көпір салынып, ол жерлерге шамдар орнатылады.

Әзірше әйгілі Мұзтауға, Катонқарағайға жетуіңіз үшін Тереңсайдың ішіндегі ирек жолмен жүруіңізге тура келеді. Бұл жолдың тарихы да қызық. Асу «Шығыс айналма жолы» деп аталған автокөлік жолының 56 және 72-шақырымы аралығын алып жатыр. Жол қауіптілігі сондай, өр мен ылдидан бөлек шұғыл бұрылыстары көп. Сәл қиыс кетсең, төмен жағың терең құз.

Әуелде Осинов деп аталған жолды кеңес өкіметі тұсында қара халықтың күшімен салған. Әрине, жолдың қауіпсіз болуын ол кезде ешкім ойластырған емес. Өндірісті өлкені дамыту үшін көлік байланысын орнату басты міндет еді. Есесіне, саяхатшыларға ұмытылмас әсер сыйлайтын ерекше жолдардың бірі пайда болды. Оның үстіне өткен ғасырдың басында облысымызда автокөлік жолдары тым аз болатын. Жүктердің басым бөлігі Ертіс өзені арқылы баржалармен тасымалданды. Өндірістің дамуы, әсіресе Ертістің оң жағалауында жатқан Зырян кенішінің және кен-байыту фабрикасының іске қосылуы автомобиль жолдарына деген сұранысты одан сайын арттыра түсті. Сол себепті 30-жылдары Шығыс өңірінде күре жолдар салу жұ­мыстары қарқынды түрде басталды.

Жол құрылысының жобасы атқарушы органдар тарапынан әзірленді. Онда бәрі де егжей-тегжейлі ескерілді, тек қазынадан тиісті қаржы ғана бөлінген жоқ. Бұған жауап ретінде 1940 жылдың 29 қаңтарында жергілікті халық «Қызыл партизан» ауылшаруа­шылық серіктестігінде үлкен жиналыс өткізіп, жолды өз кү­шімізбен-ақ саламыз деп шешім қабылдады. Бұл батыл үндеу маңайдағы бар­лық колхоздарға таратылды.

Сол жылдың жазына қарай алып құрылысқа Шығыс Қазақ­станның түкпір-түкпірінен мың­даған адам жиналды. Олар күн сайын берілген жоспарды 200, тіпті 300 пайызға асыра орындап отырды. Бір қызығы, құрылысқа қажет арнайы техника мұнда болған емес. Тіпті қарапайым кү­рек пен қайланың өзі тапшы еді. Кейін күректер Ресейдегі Төменгі Тагиль қаласынан, ал балта-қайла секілді құралдар Алматы облысы­нан жеткізілді. Құрылысқа сол кездегі кеңес одағының үздік деген инженерлері жетекшілік етті.

Жұмыс аса ауыр еді. Жартас­тарды динамитпен, болмаса, қол қайламен қопарып, зілдей тас­тарды ат-арбаларға салып та­сыған. Жұмыскерлер іске таңғы сағат төрттен тұрып кірісетін. Оның үстіне құрылыс НКВД жен­деттерінің жіті бақылауымен жүр­гізілді. 72 күн ішінде 1940 жылдың 16 шілдесіне қарай жол құрылысы толығымен аяқталды.

«Шығыс айналма жолын» салу кезінде жұмысшылар 2 миллион текше метр қиыршық тас төсеп, ондаған мың текше метр жартас­ты қопарыпты. Осылайша, Осинов асуындағы жол пайдалануға бе­рілді.

Ел арасында осы жолдың құ­рылысы кезінде таудан құлаған үлкен тастың астында қалып, мерт болған қыз туралы аңыз бар. Құрылыс кезінде жарылыс бри­гадасының құрамында ле­нинградтық Аустра Бирзе атты жас қыз жұмыс істейді. Ол өз ісіне жауапты болыпты. Ке­зекті ж­арылыстардың бірінде жар­тастың бір бөлігі қопарылып түсіп, қыз соның астында қала­ды. Жұмысшылар қанша талпын­ғанмен, тасты қозғалта алмапты. Сөйтіп, қыздың сүйегі сол қара тастың астында мәңгіге қалыпты. Кейін жұмысшылар бригадасының көркемдік жетекшісі Григорий Бадажков жол шетіндегі әлгі жартастың төбесіне бесжұлдыз, ал оның ішіне қайла мен күрек салыпты. Расында, жол шетіндегі үлкен тас әлі тұр. Онда бесжұлдыздың суреті де бар.

Асу жолы көлік қозғалысы үшін өте қауіпті. Әсіресе, қыс ке­зіндегі көктайғақ қиын. Сексен жыл ішінде бұл аумақта көптеген көлік апаттары орын алып, қан­шама жолаушының өмірін қиды. Апатты азайтуға сеп болсын деп, жергілікті халық осы маңға «Спаси и сохрани» деген жазуы бар православ крестін қойған. Кейінгі жылдары көлік жүргізушілеріне жеңіл болу үшін мұндағы шұғыл бұрылыстарға сфералық айналар да орнатылды. Олар алдағы бұ­рылыста көліктің бар-жоғын кө­руге мүмкіндік береді. Десе де, қауіп жоқ емес. Төте жол толы­ғы­мен аяқталған соң ғана бұл жол тек туристік нысан ретінде қол­данылады.

Қазірдің өзінде серпантин арқылы өту үшін арнайы Шы­ғыс­қа атбасын бұратын туристер бар­шы­лық. Себебі Осинов асуы кім-кімге болсын, ерекше әсер сыйлайды.

 

Шығыс Қазақстан облысы