Табиғат • 13 Мамыр, 2024

Ақсуатқа аққу қонды

67 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Табиғаттың тылсым құдіреті ме, биыл бұлақтар өзен болып тасып, көлшік­тер көлге айналды. Сулы алқап­тардың құс­тары шуласып, ба­лығы туласып қалды. Сонау Зайсан көлінің жағасындағы Ақсуат ауылына жете беріс­тегі жазыққа жайыл­ған суға аққу қонып, елі аң-таң.

Ақсуатқа аққу қонды

Суретті түсірген – автор

Кенжебай көлін жағалап барып, белден асқандағы шалғынды жазықта бұрын-соңды мұншалықты су бол­маған көрінеді. Биыл айнадай көл жатыр. Орта тұстағы қамыс-қамыстың арасы шу­лаған құс. Жағасындағы жази­рада қаңқылдаған қаз­­дары қойдай жайылып жүр. Үйректері төбеңнен тобымен ұшады. Одан бөлек ләйлек, аққұтан секілді құстар қонған. Бір қызығы, жан баласынан үрікпейді. Ал ауылға таяу беттегі ай­дында жұп-жұбымен ақ­қулар жүзіп жүр. Қанат­тарымен суды сабалай келіп қонып жатқандары қан­шама? Жергілікті жұрт бұ­­рындары бір жұп аққу көр­­сек көрдік, әйтпесе ол да жоқ болатын дейді. Биыл құстың көбеюін үлкендер жақ­сылыққа балап отыр. Рас, қай құс болсын, жұ­мыртқасын жай­л­ы әрі тыныш жерге салады.

Көз алдымызда жүзіп жүр­­­­гендерін санап көріп едік, 12 аққу екен. Жұп-жұбымен көл бетінде тербеліп жүр. Әлемде аққудың жеті түрі болса, елімізде оның екі-ақ түрі ме­кендейді: сыбырлақ және сұңқылдақ аққу. Құс­тың сырын білетіндердің айтуын­ша, Ақсуаттың ма­ңайына қо­нып жатқандары сыбырлақ аққулар. Қандай болса да, көл бе­тін көрікті етіп жүзеді. Әдемі көрініс. Арғы жағынан асқарын қар басқан Алтай тауының күн­гей жағы мұнартады. Желке тұ­сымызда Сауыр-Сайқанның сі­лем­дері көрінеді. Ну қамыс­тың арасына жұптасып жұ­мырт­қа салған аққулар күзге дейін осы маңның көркі болады.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы