Ғылым • 15 Мамыр, 2024

Құзыреті құлдыраған гидрология

106 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Еліміздің 10 облысында су тас­қыны жүріп, халық біраз әбігерге түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас болып, ор­та­лық атқарушы билік және жергілікті әкімдер қолдан қелген барлық мүмкіндігін табиғаттың тосын мінезін ауыздықтауға жұмсады. Бастысы, барлық елді мекенде тұрғындар мен басқа облыстардан келген еріктілер ерен еңбек үлгісін көрсете білді. Апат еңсерілгеннен кейін бұған кім кінәлі деген сұрақ туып жатыр, оған сарапшылар әртүрлі уәж келтіреді. Өз тарапымнан тасқын су апатын дер кезінде болжай алмаған және жергілікті атқарушы органдарға жеткізе алмаған басты фактор гидрология саласының тоқырауы дер едім.

Құзыреті құлдыраған гидрология

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Гидрология дегеніміз – табиғи суларды және оларда болатын құбылыстар мен үдерістерді зерттейтін ғылым саласы. Бұл құрлық және мұхиттар мен теңіз­дер гидрология­сы болып екіге бө­лінеді. Құр­лық гидрологиясы өзендер, көлдер мен бөгендер, бат­пақтар, жерасты сула­рының гидроло­гиясы (гидрогеология), мұз­дықтар ги­дро­­­ло­гиясы (гляциология) болып бө­лінеді.

Ауыл шарушылығы мен экономи­каның басқа да салаларын сумен қамта­ма­сыз ету, электр қуатын алу, көпірлер салу, тағы басқа мәселелерді шешу жө­нінде гидрологияның маңызы өте зор. Республика аумағындағы 85 мың өзен мен маусымдық жылға, 48 мыңнан аса көл, үлкенді-кішілі жүздеген бөген мен тоғанның гидрологиялық жағдайы олардың орналасқан жеріне және кли­маттық жағдаймен тығыз байланыс­ты. Еліміздің жазық жерлерінде жи­налған қар, еру режімі, қар түсу мен қар еру кездеріндегі метеорологиялық жағ­дайлар мен топырақтың гидрофизика ахуа­лы тұрақты түрде бақыланып, зерт­теледі. Міне, гидрологияның осындай ма­ңызды жұмыстарды атқаруы еліміздің Ұлттық гидрометеорологиялық қызметі аясында жүргізіледі.

Қазақстандағы гидрометеороло­гия­лық қызметінің тарихы тереңде жа­тыр. Алғашқы метеорологикалық бақы­лау ХIХ ғасырдың ортасында, 1848 жылы Қы­зылорда облысындағы Қаза­лыда басталған. Олардың саны ХХ ғасыр­дың ба­сында 28 стансаға жеткен. Ал гидро­логиялық бақылау кештеу дамыған, 1900 жыл­дары Қазақстанда Ертіс өзенінде су деңгейін өлшейтін 4 қосын болған, олар­дың саны 1917 жылға қарай 25-ке дейін өскен.

Елімізде метеорологиялық бюро 1922 жылдың қаңтарында Орынбор қаласында Наркомзем құрамында құ­рылған, ал гидрологиялық бақылау Су ша­руа­шы­лығы басқармасының қарамағында болған. 1930 жылы Метеорологиялық бюро мен Қазводхоздың гидромет­бю­росының негізінде Қазақ АКСР-ның Гидрометеорологиялық комитеті құрылып, оның алғашқы төрағасы болып белгілі саяси қайраткер Ораз Жандосов тағайындалған. Сол жылдары комитет құрамына әр жерде шашыраңқы болып жүрген 102 гидроқосын, 20 метеостанса берілген. Он жыл ішінде, яғни 1940 жылы гидроқосындар (посттар) саны 175 болған. Соғыс жылдары гидрометеорологиялық қызмет түгелімен Қарулы күштер құ­рамына кірген. Бұл олар атқаратын қызметтің маңыздылығын көрсетеді.

1978 жылғы 30 наурызда КСРО Министр­­лер кеңесі жанындағы гидроме-те­о­рологиялық Бас басқарма өздігінше Мемлекеттік комитет болып өзгергеннен кейін біздің елде бұл басқарма 1979 жылы Қазақтың республикалық гидрометеорология басқармасы деп аталды.

Қазіргі «Қазгидромет» мекемесінің мәліметтерін қарап отырсаңыз, Қазақ­станның гидрометеорологиялық қызметі 1999 жылдың 2 наурызында Үкімет қау­лысымен Қазақтың республикалық гидрометеорология басқармасы негізінде жа­ңадан Табиғи ресурстар мен қор­шаған ортаны қорғау министрлігіне қарасты Респуб­л­икалық мемлекеттік мекеме (РММ/РГП) «Казгидромет» құрылғаны жазыл­ған. Бұл тарихи деректерді өрескел бұрмалау болып тұр.

Қазақстан егемендік алғаннан кейін бұл саланың қызметі жоғарғы деңгейде болды. 1992 жылдың 7 ақпанында кеңес одағында орталыққа бағынышты болған басқарма негізінде Президент Жарлығымен Министрлер кабинеті жанын­дағы Гидрометеорология бас бас­­қар­масы (Қазгидромет) болып құрыл­ды. 1995 жылдың 19 қазанында Президент Жарлығымен Министрлер кабинеті жанындағы мекеменің мәр­тебесі жоғарылап, ол Қазақстан Респуб­ликасының гидрометеорогия бас басқар­масы болып өзгертілді. Сөйтіп, бұл мекеме еліміздегі мемлекеттік басқарудағы орталық атқарушы орган саналды. Басшысы «министр» мәртебесіне ие болды, байланыс телефоны ВЧ және «Кремлевка», яғни Президент, Премьер-министр, министрлер мен облыс әкім­дерімен тікелей байланысқа шығатын мүмкіндікке қол жеткізді. Үкіметтің авто­шаруашылығы көліктік қызмет көрсетті. БҰҰ ұйымы жанындағы Әлем­дік гидрометеорологиялық ұйымда Ұлттық гидрометеорологиялық қыз­метінің басшысы Қазақстанның өкілі болып, дипломатиялық паспорт ие­ленді. Бұл мәртебе Қазгидрометтің гидро­метеорологиялық информация­ларды атқарушы билікке, құқық қорғау орган­дарына, БАҚ өкілдеріне, басқа тұтынушыларға тегін беру, мемлекеттік гидро­метеорологиялық бақылау бекеттерін ұстап тұру және өр­кендету, яғни оның санын көбейту, қысқа және ұзақмерзімді болжамдар дайындау, құбы­лыстарды зерттеу, ең маңыз­дысы, гидро­метеорологиялық апаттық құбылыстар туралы ескерту жасау және тағы басқа қызметтерді кеңінен көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл мәртебеде 1,5 жылдай болғаннан кейін Қазгидромет 1997 жылы агенттік ретінде Экология және биоресурс­тар министрлігінің құрамына енді.

1997 жылғы Үкіметтің реформасына сәйкес бюджеттік мекемелердің саны қыс­қартылып, жаппай мемлекеттік кәсіп­орындар ашу науқаны басталып кеткен еді. Сол жылдың 10 қазанында Қазгидромет жаңа құрылған Экология және табиғат ресурстары министрлігінің құрамында Республикалық мемлекеттік қазыналық мекеме болды. Қазгидрометті мемлекеттік мекеме ретінде бюджеттен тікелей қаржыландыруды тоқтатуға басшы ретінде мен және мамандар қарсы болдық. Бұл режімде мекеме 2 жыл жұмыс істеді де, кейін Табиғат ресурстары және қоршаған ортаны қорғау министрлігі құрылғанда ол соның құрамына кірді. Министрлік Көкшетау қаласында орналасты, оның басшылығына С.Дәукеев келді. Нарықтық қарым-қатынасты терең­дету мақсатында Республикалық қазына­лық мекеме шаруашылық жүргізуші (Республикалық мемлекеттік кәсіпорын) болып өзгерді. «Шаруашылық жүргізуші» кәсіпорыннан «Қазыналық» деген сөздің айырмашылығы мемлекеттік тапсырыс бойынша қаражат жетпеген жағдайда үкімет қосымша қаржы бөлетін еді.

Ақша табу үшін барлық гидрометео­рологиялық деректер тұтынушыларға нарықтық бағамен сатылатын болды. Міне, сол кездері гидрологияның құзыры түсті де, бұл қызметтің тоқырауы басталды. Гидрометтің мемлекет қамқорлығынан, яғни бюджеттік қаржыландырудан шет­тетіліп, нарық айдынына шығаруда осы екі адамның еңбегі зор. Міне, енді соның жемісін, биылғы су тасқынында бүкіл ел көріп отыр.

Қазақстанның гидрометеорологиялық қызметінің басшылығына мен 1994 жыл­дың күзінде Президент аппараты мен Министрлер кабинетінің экология бөлімінің меңгерушілігінен келдім. Ол кезде бұл қызмет Министрлер кеңесі жа­нындағы Гидрометеорологиялық бас басқарма деп аталатын. Жоғарыда айтқандай, басында бұл саланың құзыры мүмкіндігінше көтерілді, бірақ 1999 жылы Қазгидромет кәсіпорын болып қалғанда қызметтен кеткен едім. Бұл саланы бес жыл басқарған тәжірибеме байланысты бүгінгі таңда сарапшылық пікір айтуға құқығым бар деп есептеймін.

Гидроқосындардың динамикасын ашық деректерден табу қиын. Сондық­тан мен оны өзімнің кезінде шығарған «Гидрометеорология и мониторинг природной среды» (1996) және «Управление и экономическая эффективность гидрометобемпечения Казахстана» (1997) атты екі монографиямнан алдым.

70-жылдардың басында гидроло­гиялық қосындар (пост) саны 418 болды, олардың 338-і су ағынын, 146-сы су тасуын, ал 193 қосында судың химия­лық құрамы тексерілген. 47 пункт су бе­тінің булануы­н қадағалаған. Сол кез­дері үлкен су қоймалары мен оларға құятын су ағысын зерттейтін арнайы об­серваториялар мен кешенді стансалар құрылған. Ал бұл жүйенің құлдырауы 1998 жылдан, яғни бұл саланың өзін-өзі қаржыландыруға көшірілген уақыттан басталды. Сол жылы гидроқосындар саны 268 болып қалды. Қазір олар – 377. Өткен ширек ғасырда бар болғаны 109 қосынға көбейген, бірақ мұнан 50 жыл бұрынғы деңгейге жету үшін әлі 41 қосын қажет. Жалпы, БҰҰ Әлемдік метеорологиялық ұйымының талабы бойынша Қазақстанда тұрақты түрде 740 гидроқосын жұмыс істеуге тиіс. Бұл үшін тағы 363 қосын қажет, яғни екі есе көбейту керек деген сөз. Гидрологиялық жүйені қалыптастыру мемлекеттің жауапкершілігіндегі шаруа, бұл – әлемдік тәжірибе және талап.

1998 жылы бекітілген гидрометеоро­логиялық қызмет пен қоршаған орта­ның жағдайы туралы анықтама-дерек­тер­дің баға прейскурантына сәйкес гидрологиялық болжамдардың 168 түрі бо­йынша жасалып тұрды. Ал қазіргі жағ­дайға байланысты нақтырақ айтатын болсақ, №3-2120 «Жазық жердегі өзен бас­сейіндері алқабында ылғал жинау туралы анықтама-кеңес беру» деген қызмет Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстары бойынша арнайы жасалған. Олардың бағасы – әр облыс бойынша 92 297-184 593 теңге аралығында (сол кездегі бағамға сәйкес орташа алғанда 2 мың доллар). Сонымен қатар «Көктемдегі су тасқынының апатты мөлшері, судың жайылуы мен су басу туралы ескерту» әр гидроқосын бойынша жасалып отырды. Оның бағасы 2 513 теңге болған.

Ал қазір Қазгидрометтің гидрология департаменті су тасқынына байланыс­ты алдын ала, негізгі және қорытынды деп 3 болжам жасайды, күнделікті және апта сайынғы гидрологиялық бюллетень шығарады, таудағы қар қалыңдығы туралы ақпарат дайындайды, сонымен болды. Соңғы шыққан Экологиялық кодекске сәйкес және министрлік бұйрығымен мемлекеттік және халықаралық маңызы бар ақпараттар барлық тұтынушыға тегін беріледі. Жалпы, ақпараттың екі түрі бар, бірі жалпы, екіншісі арнайы дайындалған, соңғысы ақылы түрде беріледі және ол арзан емес.

Соңғы апатты жағ­дай­ларға байланыс­ты барлық ги­дрологиялық деректер тегін беріліп жатыр, ал бұл – шаруашылық негізде құ­рылған кәсіпорынның нарықтық сая­сатына қайшы келетін қадам. Сон­дықтан бұл мекеме қайтадан бюджеттен қаржыландыруға көшіріліп, Үкімет жанындағы дербес агенттік болғаны дұрыс деп есептеймін. Оған да негіз бар. Бұрынғы кеңестік республикалардың гидромет қызметі Мемлекетаралық гидрометеорология кеңесінде бірлесе жұ­мыс атқарады, солардың ішінде ең мәртебесі жоғарысы Өзбекстанның гидро­ме­теорологиялық орталығы (бұрын оның басшысы министр мәртебесінде үкімет мүшесі болатын), Түрікменстанда Министрлер кабинеті жанында Ұлттық комитет аталады, Тәжікстанда Үкімет жанындағы қоршаған ортаны қорғау комитетінде агенттік болып тіркелген, Ресейде, Қырғызстанда, Молдовада, Әзер­байжанда әр министрліктер жанында федералдық, ұлттық, мемлекеттік гидрометеорологиялық қызмет, Беларусь пен Арменияда республикалық орталық, ал Украинада басқарма деп аталады. Тек Қазақстанда ғана гидрометеорология қызметі кәсіпорын мәртебесінде.

Ал апаттық жағдайды тудыратын қандай себептер десек, бірінші кезекте әлемдік жылыну үдерісін айтуға болады. Оның зардабын көптеген мемлекет көріп жатыр. Бұл – жаңбырдан болған Сауд Арабиясындағы су тасқыны, Еу­ропада жаңбыр аралас жұдырықтай бұр­шақтың жаууы, Африка елдерінде қар жауу, Америкадағы алапат құйын, тағы басқалар. Сонымен қатар табиғатта кей жылдары қарлы, жаңбырлы немесе қуаңшылық болып жатады. Оған қоса 10, 20, тіпті 50 жылда қайталанып жататын ауа райының циклдары да бар. Сон­дықтан жоспарланып, межеленіп келетін қар мен жаңбыр, суық пен ыстық жоқ.

Табиғаттың бұл құбылысын зерттеп отыратын гидрология, ал біздің елімізде 8-9 мың шаршы шақырым аумақта тек бір гидроқосын қана орналасқан және олардың ұзындығы 1000 км өзендер жағасында. Шағын өзен-көлдерде кейінгі 20-30 жылда оның 40 пайызы жа­былған. Сондықтан кезінде құзы­ры құлдыраған, бюджет қаржысынан шет­телген гидрологияның мүмкіндігі шек­теулі.

 

Атамұрат ШӘМЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы, Гидрометеорология саласының үздігі