- Сұлтан мырза, сіздің ойыңызша, Қазақстанның қазіргі әлемдегі геосаяси рөлі қандай?
- Қазақстанның әлемдегі геосаяси рөлі ерекше. Қазақстан әлем картасында ойып тұрып орын алады. Дүниенің қақ ортасында орналасқан зайырлы мемлекет. Сол себепті мен Қазақстанды «жердің діңгегі», әлемнің «алтын көпірі» деп сипаттай аламын. Қазақстанның миссиясы – орасан зор. Кейінгі 5–10 жылда бұл ел халықаралық деңгейдегі маңызды шаралар мен форумдар, әлемнің өзекті мәселелерін талқылайтын кездесулер жиі ұйымдастырды. Демек, Қазақстан әлемді біріктіретін орталыққа айналды.
Одан өзге Қазақстан саясат пен экономика саласында да маңызды рөлге ие. Елдің сарабдал сыртқы саясаты, жүргізіліп жатқан экономикалық реформалары және елдерді біріктіру идеясы көптеген мемлекеттерге үлгі. ТМД мемлекеттері мен түркі елдерін біріктіру идеясының бастамашыларының бірі де Қазақстан болды. Сол арқылы Қазақстан әлемді бірлікке шақырып, ынтымақтастыққа үндейді.
Мысалы, жақында Астанада өткен Діндер көшбасшыларының әлемдік форумы – дәл осы ойымыздың айқын көрінісі. Қазақстан ешбір елде біріге алмаған діндерді бір арнаға тоғыстырып, геосаяси қиын жағдайларда өзекті мәселелердің шешімін көрсетті. Бұл – елдің бейбітшілік пен келісімге деген шынайы ұмтылысының дәлелі.
- Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықта Қазақстанның рөлі қандай деп санайсыз?
- Түркі мемлекеттері арасында Қазақстанның рөлі ерекше. Ел түркі әлемін біріктіру идеясының бастамашысы болды. Қазақстанның ұсынған маңызды бастамалары арқасында басқа елдер қолдау көрсетіп, ірі жобалар жүзеге асты.
Оның ішінде Түрксой – түркі әлемінің «алтын көпірі». Біз өз мәдениетіміз, тіліміз, дәстүріміз бен құндылықтарымыз арқылы біріккен бауырлас елдерміз. Түркі елдері бір алып бәйтерек болса, оның тамыры Қазақстаннан бастау алады. Өйткені Түрксой ұйымын құру идеясы да Қазақстанның еншісінде. Қазақ елінің бастамашылығымен 1993 жылы Алматыда Түрксой ұйымының, түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың негізі қаланды. Бұл – Қазақстанның мызғымас идеясы мен бастамасының жемісі.
- Қазақстан 25 қазан – Республика күнін атап өтеді. Ел үшін бұл айтулы дата. Егемендігіміздің, елдігіміздің нышаны. Қазақстан халқына айтар тілегіңіз бар ма?
- Құрметті бауырлар! Мен қазақ елін, қазақ халқын Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке – халықтың мерекесі, демократия мен шынайылықтың тоғысқан күні. Қазақстан Республикасының көк туы көгімізде желбірей берсін! Қазақстан жасай берсін!