Денсаулық • 14 Мамыр, 2024

Шипасы ерекше госпиталь

153 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігінің Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған орталық клиникалық госпиталі 1943 жылы ұйымдастырылып, содан бері бірнеше рет құрылымдық жағынан өзгерген. Елімізде екі госпиталь бар, біреуі – Алматыда, екіншісі – Астанада.

Шипасы ерекше госпиталь

Госпиталь Екінші дүние­­жүзілік соғыс арда­герлерімен қа­тар, Чер­­но­быль апатының зардабын жоюға қатысушылар мен ауған соғысына қатысушыларға, бей­бітшілік орнату мақсатында ұрыс қимылдарына қатысқан ерік­тілерге, Семей аумағындағы ядролық сынақтардан зардап шеккендерге де медициналық қызмет көрсетеді. «Мұнда жылына үш мыңнан астам адам келіп, ем-дом қабылдайды», дейді госпитальдың бас дәрі­гері Динара Аманболқызы Ораза­лина.

Госпитальда экспресс-лабо­ратория жұмыс істеп тұр. Айт­қандайын, коронавирус пандемиясы кезінде госпиталь ұжы­мы бастама көтеріп, қата­рынан үш рет инфекциялық ауру­ха­наға бейімделді, дәрі­герлер мен кіші медицина қыз­меткерлері уақытпен санаспай вирус жұқтырғандарды емдеп, қаншама адамды ажалдан аман алып қалды.

Ядролық апат аймағынан келген 82 жастағы Сағынтай Рах­манов Астанадағы госпитальға бірінші рет жолы түскенін, болашақта әр аймақта осындай госпиталь ашылса деген пікірін білдірді. «Госпиталь ұнады, мекеме басшыларына ризамын. Барлық жағдай жасалған. Төрт мезгіл тамақ беріледі, қажетті дәрі-дәрмектен де тапшылық жоқ», деп ағынан жарылды ақсақал.

Шығыс Қазақстан облы­сындағы Тарбағатай ауданына қа­расты Қабанбай батыр ауы­лының тумасы, бұл күндері Өске­мен қаласында тұрып жатқан Бейсенбек Хамзин 1986 жылы Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысыпты. «Апаттың зардабы орасан. Менімен бірге болғандардың біразы қатты ра­диа­ция алып, қайтыс болды. Су ішер­лігім бар екен. Өзімді күт­тім, қажетті дәрі-дәрмекті уақты­лы қабылдап отырдым. Алма­тыдағы, Астанадағы госпиталь­дарда бірнеше рет ем алдым. Мұн­да бәрі көңілдегідей», дейді Б. Хам­зин.

Шымкент пен Тараздан келген Батырбек Ербосынов пен Құ­ралбек Асанов та осындай пікір­де. Олардың да госпиталь бас­шылығы мен қызмет­керле­ріне алғыстан басқа айтарлары жоқ.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

ардагер журналист

 

АСТАНА