Руханият • 15 Мамыр, 2024

Құлпытастағы жазу

161 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматылық жас ақындар Кеңсайға барса, жамбылдық жас ақындар Тектұрмасқа бет бұрып жатады. Олар ұзыннан ұзаққа созылып жатқан зираттар арасынан Серік Томановтың құлпытасын іздеп шарқ ұрады. Көзін көрмесе де, өлеңімен «ауырған» жаңа толқын тағдырлы ақынның рухымен сырласқандай күй кешеді.

Құлпытастағы жазу

Әудем жер жүрген соң, көзіңе ақын­ның құлпытасы оттай басылады. Өмірін өлеңмен өрнектеген ақынның құлпытасына қарап, тағдырдың сан тараулы жолында талайлармен тайталасып, жан мұңы мен сырын жүрегіне жүк артқандай арқалап өткен Томанов бейнесі көз алдыңда асқақтай түскенін сезінесің.

Тағдырдың маңдайға мөрлеп басқан, өлшеп берген жасынан асып қайда барасың? Өлім Серік Томановтың өзіне үкім шығарса да, өлеңіне үкім шығара алған жоқ. Томанов бейітінің басына барған жастардың қарасына қарап-ақ осындай ой түйесің. Көзі кетсе де, сөзі жастардың құрдасындай, сырласындай болғанына күмәнің қалмайды. Ақынның бақыты да осы шығар дейсің сосын...

«Шаруа едім тірліктің көшіне ерген,

Таусап таттым жердегі несібемнен.

Көп жыл болды мәңгілік ұйқыдамын,

Топырағым бұйырды осы жерден».

Тірісінде Таластың арнасындай тасып, мыңжылдықтардың құрдасына айналған Тараз­дың топырағынан нәр алып өткен ақын­­ның құлпытастағы жазуы сол жақтағы жұдырықтай етті жұлқып-жұлқып жібереді. Аяулы ақынның шашын сілкіп өлең оқыған бейнесі көз алдыңда тұрып алады. Сөзі де, өзі де шы­найылықтан алыс кетпеген Томанов әлемінің шетсіз-шексіз тұңғиығына батып кетесің...

Пәруана-ғұмыр көбелек сынды жалп еткеніне де біраз жылдың жүзі болды. Алайда Серіктің өзі өлсе де, сөзі өлген жоқ. Ол өлеңді бәрінен биік қойды. Әлдекімдер секілді арман қуған жоқ, музаны іздеді. Жырымен жаураған жүректерді жылытты, мұңға батқан оқырмандарымен сырласты. Содан да болса керек, оның өлеңдерін жатқа оқитын бірнеше буын өкілі қалыптасты. Осылайша, рухани кеңістігін кеңейтіп кетті.

Құлпытастағы жазуына қайта телміресің. Телміресің де, алуан түрлі ойдың жетегінде кете­сің. Жаныңды жаңа маздап жанған оттың жалыны шарпып өткендей күй кешесің.

«Бір кісідей шайқап ем тірлігімде,

Жалған дүние жалт етпей тұрды кімде?!

Адамдарға айқайды салар едім,

Амалым жоқ, қайтейін білдіруге»,

депті ақын тірісінде жазған «Эпитафиясында».

Ақжалын ақынның «Адамдарға айқайды салар едім, амалым жоқ қайтейін, білдіруге», деп келетін екі тармағынан оның өзегіне түскен өкініш өртін жан жүрегіңмен сезіне түсесің. Басқаны ойламай, тағдырын тасқа жазған ақынның қаншама жерде шерменде тағдырдың алдында бас имегенін түйсінудің өзі оңай емес-ау. Өз отына өзі өртенген деген де осы шығар, бәлкім.

«Ей, тірілер!

Өмір жоқ, өлім барда.

Тілегім сол: соқпасын жолың жарға,

Қу тірліктің бағасын білгің келсе,

Көз қырыңды салып қой, қорымдарға.

 

Ей, тірілер!

Құлақ ас өлілерге,

Есептесер қу тірлік сенімен де,

Ажал бір күн аптығып жетіп келсе,

Жарты қарыс жер қалмас шегінерге»,

деп түйіндейді ақын «Эпитафия» атты өлеңін, оқырмандарын ойға батырып...

«Ей, тірілер! Құлақ ас өлілерге» деген Серік ақын өмір мен өлім арасындағы арпалысты, ажал алдындағы екіаяқты пенденің дәр­менсіздігін жырына қосты...

Оның аза бойыңды қаза қылатын бұл жыры ешкімге ұқсамайды. Танымы мен түсінігі де мүлде бөлек. Сері ақын Серік То­манов тірісінде өзінің аза жырын жазып, тағдырына нәлет айтпай, жыры мен сырын жаңа буынға аманаттап кетті. Ал біз ақынның сол бір аманатына қиянат жасамадық па?

Тектұрмастан қайтқан сайын «Құлпы­тастағы жазудың» шумақтарын іштей қай­талай бересің. Таластың толқынындай жаның­ды тербейтін өлмес шумақтар күн ұзаққа ойыңда тұрады. Маңдайыңды беймәлім бір сағыныш самалы өбетін секілді. Бәлкім, бұл өлеңге, поэзияға деген құрмет болар, кім білсін...

 

Жамбыл облысы