Құқық • 14 Маусым, 2024

Әлемге танылған соттар тәжірибесі

43 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қаржы орталығында осы орталық Сотының төрағасы Мэлдон лорд Бернетт пен АХҚО Халық­ара­лық арбитраж орталығының төрағасы Томас Крюммель­дің қатысуымен пікірталас сессиясы өтті. Кездесуге АХҚО сотының тіркеушісі және Халықаралық арбитраж орталығының аппарат жетекшісі Кристофер Кэмпбелл-Холт модераторлық етті.

Әлемге танылған соттар тәжірибесі

Сессия барысында лорд Бернетт және Томас Крюммель өздерінің кәсіби дамуы мен АХҚО соты мен ХТО қызметіне қатысты көзқарасын, Қазақстанға инвестиция тартудағы аталған институттардың атқаратын рөлі туралы ой-пікірін ортаға салды. Басқосу барысында оған қа­тысу­шы­лар жоғары мәртебелі мей­ман­дарға түрлі сұрақ қойып, жауа­бын алды. Мәселен, кезінде Ұлы­британия Корольдігінің ханшайы­мы Диананың көлік апатынан бол­ған қазасына қатысты істі терге­ген лорд Бернетт Лондонда судья болсаңыз белгілі бір кәсіпкерге немесе Үкіметке қарай басымдық берілмейтінін айтып қалды. Яғни сот қысымға ұшырамайды.

– Қай елде болса да сот тәуелсіз әрекет ету керек. Сот төрелігінде әділеттілік қағидалары, стандарттары басты орында тұруы керек. Ханшайым Диананың көлік апатында жүргізуші ішімдік ішкен күйде көлік басқарды. Салдарынан көлік зулаған күйі көпірден өзенге құлады. Мұндай істерді тергеу өте күрделі. Себебі нақты фактілер жетіспегенде, айғақтар табылма­ған кезде теорияға жүгінесің. Ондай теориялар оншақты болуы мүмкін және оның бәрі шындықпен жанасып жатады, – дейді Бернетт мырза. Ол алдыңғы төраға арқылы Астана соты туралы үнемі мағлұмат алып, хабардар болып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ біздің елге қатысты ойымен де бөлісті.

– Мен Қазақстанға әр келген сайын елдің өзіндік даму жолына түскенін көремін. Халықаралық қауымдастықтың жас мүшесі ретінде жан-жақты дамуға талпынып келе жатқаны аңғарылады. Англияда жүргенде Қазақстанды Лондонға қарағанда суық, таулы, өзенді ел деп елестететінмін. Расында, алғаш келгенде дала таби­­ғаты өте керемет әсер қал­дыр­ды. Әсіресе еркін далада қалық­таған қыранды көргенде ерек­ше таңдандым. Англияда мұн­дай көріністі кездестіру мүм­кін емес, – дейді лорд Бернетт.

Ал Халықаралық төрелік ор­­та­лы­ғының төрағасы Томас Крюм­мель жастық шағына ой жүгір­тіп, кезінде радио жүргізу­шісі болуды армандап, журналистика мамандығын оқыға­нын әңгімеледі. Сол арманның жетегімен журналистік зерттеулерге қызығып, әсіресе сая­хат кезіндегі жолжазба кітап жазбақ та болған екен. Дегенмен ол ақыр аяғы заңгерлікке бет бұрып, бүгінгі биігіне жеткенше осы саланың ыстық-суығына әбден төзген. «Германияда сот саласында жұмыс істесең кейін кез келген заң органында еңбек етуге мүкіндік мол. Бірақ мен арбитраждық сот болуға дейін заңгерліктің үлкен жолын жүріп өттім және ұзақ да­йындалдым. Көп іздендім», деген Крюммель мырза еліміз жайлы әсерін де айта кетті.

Ол Қазақстанның қазіргі жетіс­тігін «дейін және кейін» деген формамен түсіндіріп берді. Яғни айырмашылық айтарлықтай еке­нін жеткізді. Осында қызмет етіп жүргенін мақтан ететінін және қазақ пен неміс ұлтының бір-бірі­не деген бір ыстық ықыласының барын сезінетінін тебірене әң­гі­меледі. Ол сезімді осындағы және кезінде Германияға көшіп кеткен немістердің жылышырайлы пейілдері арқылы аңғара алғанын айтып берді. Жалпы, біздің елдің кейінгі жылдары жеткен жетістіктері көңіл қуантарлық екенін атап өтті.

«АХҚО соты және ХТО-ның про­цедуралық және практи­ка­лық кезеңдері мен мерзім­дері» сессиясының барысында қатысушылар талап-арыз беруден бастап, соңғы шешім қабыл­дағанға дейінгі істі қарасты­ру үдерісінің қалай жүзеге аса­тындығымен танысты. Сондай-ақ АХҚО соты мен ХТО өкілдері және іс жүргізуде тәжірибесі мол спикерлер қызықты да пайдалы мәліметтерін ұсынды. Спикерлер қатарында «GRATA International» Қытай офисінің басшысы Гүлнар Нұркеева, ХТО төрешілер пане­лінің мүшесі Сергей Ватаев және «Tukulov Kassilgov Shaikenov Disputes»-тің басқарушы серіктесі Бақыт Тұқұлов сөз сөйлеп, іс жүргізу­дің қыр-сырымен бөлісті.

АХҚО соты мен ХТО қыз­ме­тін 2018 жылдың 1 қаңтарынан жүргізіп келеді. Осы алты жылдың ішінде инвестицияларға байланыс­ты 2 600-дан астам іс қаралып, дауласушы тараптардың талабы 100 пайыз қанағаттандырылыпты.

«Астана» халықаралық қар­жы орталығы коммуникациялар және іс-шаралар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, елімізде бизнес жүргізетін 28 елдің инвесторлары өздерінің инвестициялық дауларын АХҚО соты мен ХТО-да шешу үшін 10 мыңнан аса іскерлік келісімшартына АХҚО соты мен ХТО-ның үлгілік ескертпелерін қосты. Бұл шарттардың едәуір бөлігі шетелдерден Қазақстанға инвестициялар тартуға бағыттал­ған. Осыған орай АХҚО сотында клиент­тердің мүдделерін білдіру құқығымен дүниежүзінің 30 елі­нен (34 юрисдикция) 618 заң­гер тіркелген.

– АХҚО соты мен ХТО-ның Астана және Алматы қала­ларын­да, сондай-ақ Қазақстанда бизнес жүргізетін инвесторлардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Еуразияның Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан секілді елдерінде цифрлық технологиялармен жабдықталған, халықаралық стандарттарға сай кеңселері бар. Сонымен қатар жақында АХҚО соты мен ХТО Қытай астанасы Бейжіңде де әлемдік деңгейдегі кеңсесін ашты. Жаһандық инвес­торлар Еуразиядағы коммер­циялық дауларды шешуде АХҚО соты мен ХТО-ға артықшылық береді. Аталған институттар – олардың Қазақстанға инвестиция салу туралы шешім қабылдауында шешуші фактор болып отыр, – дейді «Астана» ХҚО коммуникациялар және іс-шаралар бөлімінің басшысы Ақбота Батырхан.

Естеріңізге сала кетсек, АХҚО соты – еліміздің сот жүйесіне кірмейтін тәуелсіз заңды тұлға. Оның өзіндік процессуалдық нормалары ағылшын жалпы құқығы мен халықаралық озық іс-тәжірибеге негізделген.