Аймақтар • 14 Маусым, 2024

Балмұздақтың 120 түрін шығарады

68 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қордай десе, Алатаудың ар жағындағы айырқалпақты ағайынмен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан шекарадағы аудан еске түседі. Ән мен жырдың кеніне айналған Кенен Әзірбаев туған өңірде кәсіптің көзі мен нәсіптің өзін тапқан іскер азаматтар аз емес. «Куликов және К», «Қордай сүт өнімдері» серіктестіктері ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп келеді. Кондитерлік және сүт өнімдерін өндіруге дағдыланған кәсіпорын басшылары жыл өткен сайын кәсіпкерліктің өрісін кеңейтіп жатыр.

Балмұздақтың 120 түрін шығарады

Фото: rbc.ru

Серіктестік басшысы Ислам Давуздың айтуынша, мұнда «Сладари» маркасымен сүт өнімдерінің 70-тен астам түрі шығады екен. Жиырма жылға жетеғабыл уақыт тынымсыз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын осы саладағы жо­ғары ма­рапаттың біразын иеленген.

«Қандай да бір өнім алу үшін кәсіпке бет бұрған азамат алдымен озық технологиялар­мен жұмыс істеуге ден қой­ғаны абзал. Сонда ғана ол өз ісін ілгерілете алады. Сон­дай-ақ табиғи шикізатты пайдала­нудың маңызы зор», дейді ол.

Сан мен сапаны қатар алып жүрген серіктестік басшысы жаңа өнімдер желісін алдағы уақытта Еуропа елдеріне экс­портқа шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде осы бағыт бойынша нақты жұмыстарды қолға алған. Қысқасы, мұндағы жұмыс ауқымына қарап, «Куликов және К» ЖШС-ның кондитерлік өнімдері кәрі құр­лыққа жол тартатын күн алыс емес. Серіктестік қазіргі кезде балмұздақтың 120 түрін шығарады. Кәсіпкердің айтуынша, соңғы уақытта сүт өнімдеріне деген сұраныс ай­тарлықтай артқан. Сон­дықтан ол ассортиментті кеңейтуге күш салып жатыр.

«Біздің ауданда өндірілетін балмұздақ түрлері еліміздің әр қиырындағы қалалардың дүкен сөрелерінде толып тұр. Өзімізге ғана тән арнайы рецептімен шығарылған балмұздақтар­дың эксклюзивті түрлеріне қызы­ғу­шылардың қатары арт­қаны қуантады. Әсіресе мұздатылған және кептірілген жидектер араласқан бал­мұз­дақтың жаңа түріне сұра­ныс жоғары», дейді кәсіпкер.

Ислам Давуз басқаратын серіктестіктің табиғи таңқурай мен құлпынай араласқан «Сладари Востока» өнімін жо­ғары бағалаушылардың қа­расы қалың. Ілгеріде жұрт­шылыққа етене таныс «Плом­бир» мен «Қарақұм» секілді тәтті балмұздаққа жаңа рецептімен айрықша дәм бер­генін де айта кеткен ләзім.

«Өндіретін өнімдерімізді брендке айналдыру үшін қол­дан келгенше жұмыс істеп жатырмыз. Менеджерлік және маркетингтік қадамдардың ма­ңызы қай кезде де зор. «Сла­дариді» брендке айналдыру үшін арнайы көліктер қол­данамыз. Сондай-ақ өнімнің қап­тамасына қатысты дизайнға да айрықша ден қоямыз. Мұның барлығы өнімнің бренд болуына септігін тигізетіні даусыз», дейді И.Давуз.

Нарықты экологиялық таза өніммен қамтамасыз ету­ді мақсат еткен серіктестік сол идеяның үдесінен шығып отыр. Қазір «Қордай сүт өнім­дері» кәсіпорны өндіретін тәттілерге деген сұраныс ай­тар­лықтай ұлғайды. Мұның барлығы тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесі. Зы­мырандай зулаған уақыт көші алға озса да, серіктестік қызм­кеткерлері өздері ал­ға қойған мақсаттан еш айны­ма­ғаны рас.

Ислам Давуз басқаратын кәсіпорын алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытына да ден қойып отыр. Нақтырақ айтсақ, ашы­тылған сүт желісін іске қосып, өндіріс көлемін арттыру жолдарын қарастырып көрмек. Әрине, ол үшін табиғи сүт жеткілікті болуы шарт. Осы бір өзекті мәселе ретімен шешілсе, «Снежок» ванильді айранының дәмін сағынғандар аңсаған өніммен қайта қауы­шуы ықти­мал.

 

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы