Қоғам • 13 Маусым, 2024

Жеңіс жолындағы 71 лицензия

35 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Туризм және спорт министрлігінің Париж Олим­пиадасына әзірлік жөніндегі штабы мәжіліс өткізіп, оған Олимпиада чепиондары мен ақ­парат құралдары өкілдері, спорт ардагерлері қатысты. Жиынды ел спортының дамуына елеулі үлес қосқан штаб жетекшісі Елсияр Қана­ғатов жүргізді.

Жеңіс жолындағы 71 лицензия

Суретті түсірген – автор

«Еліміз спортшылары  бұған дейін де кез келген Олимпия ойындарынан алтын, күміс, қола медальмен оралып жүрді. Тіпті 2000 жылы Аустралияның Сидней қаласынан 3 алтын, 4 күміс олжалап, командалық есепте 22-орынға табан тіредік. Рио де Жанейро қаласынан да абыроймен оралды. Алайда Токиода жолымыз болмады. Небәрі 8 қола медальды қанағат тұттық. Азия ойындарында да көрсеткішіміз нашар болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кемшіліктен қорытынды шығару үшін министрлік пен Олимпиада комитетінің, федерация мүшелерінің бірігіп, ұйымшылдықпен жұмыс істеуін талап етті. Штабқа бедел­ді азаматтар, спортта толағай табыс­тарға қол жеткізгендер мүше болып, проблемаларды шешу жолдарын қарас­тырып жатыр», деді Елсияр Баймұхаметұлы.

Кездесу өтіп жатқан кезде ел қоржынына 71-лицензияны үстел теннисі өкілі салды. Мұның алдында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықбаев Париж Олимпиадасында 80-ге тарта жолдама алу мүмкіндігіміз бар екенін хабардар еткен еді. Енді сол биіктен көрінуге жақын қалдық. Елсияр Қанағатовтың айтуынша, жеңіл атлетика, жүзуден жолдама алуымыз мүмкін екен.

«Дәл қазір спортшыларымыздың Парижден қанша медаль алатынын болжау мүмкін емес. Боксшылардың 10 жолд­амаға ие болғаны белгілі. Бокстан кем дегенде бір алтын алсақ, мерейіміздің үстем болғаны. Өкінішке қарай, қыз­дар күресінен жолдамасыз қалдық. Бұрындары дәл осындай «әттеген-ай» болмап еді. Десек те, медальға қол созатын азаматтарымызға сенеміз. Әбибаның Париж төрінде медальға қол созуға мүмкіндігі мол. Өйткені бұл қызымыз кейінгі жылдары тұрақты нәтиже көрсетіп жүр. Ал атақты дзюдошымыз Елдос Сметов өзінің арманы – алтын алқасына қол жеткізсе, қазақ елінің мыңдаған жанкүйері бөркін аспанға атары сөзсіз. Елдостың күмісі мен қоласы бар. Жетпей тұрғаны – алтын медаль. Гимнасшылар мен семсерлесу шеберлерінің де сын сәтте бар күш-жігерін салатыны белгілі», деді Елсияр Қанағатов.

28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде паралимпиада ойындары өтеді. Қазірдің өзінде бізде 12 жолдама бар. Дүбірлі додаға ұлттық құрамадан 39 саңлақ қатысады деп күтіледі. Волей­болды отырып ойнаудан ерлер құрамасы медаль үшін таласуға мүмкіндігі бар. Олимпиада чемпионы Денис Дегтярев өзінің екінші алтын алқасына қол жет­кізу үшін күш салатыны сөзсіз. Пара­таеквондошы Нұрлан Домбаев, Нышан Өмірәлі, Камила Досмалова, паражүзуші Нұрдәулет Жұмағали, параканоэші Бибарыс Спатай, паражеңіл атлет Дастан Мұқашбеков, тағы басқалардан қазақ елі үміт күтеді.

Туризм және спорт комитеті төраға­сының орынбасары Азамат Имашев спортшылардың Париж Олим­пиа­да­сында нәтижелі өнер көрсетуіне барлық жағдай жасалғанын айта келіп, олардың сын сәтте намысты жанып, көк туды биікте желбірететіндеріне сенетінін айтты. Кездесу соңында Е.Қанағатов қазақ спорт журналистикасының көшбасшысы Несіп Жүнісбайға Олимпиада комитетінің мерейтойлық медалін табыс етті.

 

Оңдасын Елубай,

Қазақстанның құрметті спорт қызметкері