Аймақтар • 19 Маусым, 2024

Аймақ әлеуеттеніп келеді

73 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Құрылғанына екі жылдан сәл асқан жаңа облысқа іштен де, сырттан да сын көз­бен қарайтындар баршылық. Кемшін тұсқа көңіл толмай, жақсылыққа жүрек жарыла қуану адами сезімге байланысты болса, облыс экономикасының алға басуы, дамуы нақты қадамдарға, соның ішінде инвестициялық жобаларға байланысты екені белгілі.

Аймақ әлеуеттеніп келеді

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Мемлекет басшысының 50 мил­лион доллардан көп қар­жы салуға да­йын ірі ком­па­ния­ларға «Бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсету туралы тапсырмасы бар. Жаңа тәртіптің артықшылығы – инвесторлардың құжатты жинау мен дайындауға қатысуын барынша азайтады және олардың мемлекеттік органдармен тікелей байланысын шектеуді көздейді. Қажетті ұйымдардың қызметкерлері бір жерде отырғандықтан, инвесторлар тиісті рұқсат қағаздарын бір жерден ала алады. Ұлытау облысында «Бір терезе» қағидатымен  «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы базасында инвесторлармен жұмыс жөніндегі фронт-офис ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өз кезегінде отандық және шетелдік инвесторларға экологиялық нормаларды сақтау, жаңа жұмыс орындарын құру, облысқа инвестиция құю және әлеуметтік міндеттемелерді орындау сияқты талаптар қойылады. Егер инвес­торлар қандай да бір заңсыз кедергіге тап болса, прокуратура орындарына шағым­дана алады. Өңірде Бас прокурор­дың бұй­рығымен «Инвесторларды қорғау бойынша прокурорлық фильтр» жобасы енгізіліп, жұмыс істеп тұр. Инвестиция саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуге және заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған жоба жемісін беріп келеді. Өйткені бұл инвес­торлар мен мемлекет арасында тығыз байланыс орнатудың бір тетігіне айналды. Осындай нақты қадамдардың нәтижесінде аймаққа шетелдік инвес­торлар келіп, алғашқы жобаларын бас­тап та кетті.

«Жалпы, облыста шетел инвес­торларымен байланыс орнатуға жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір жалпы құны 560 млрд теңге болатын тікелей шетелдік (Қытай) инвестиция көмегі­мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар іске асырылып жатыр. Олардың арасында биыл желтоқсан айында пайдалануға берілетін құны 35 млрд теңге тұратын Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы жел электр стансасы, Жаңаарқа ауданындағы қуаты 3,4 млрд киловатт/сағ болатын жел энергетикалық стансасының құрылысы мен Жезқазған қаласындағы жел энер­гетикалық стансасы мұнараларының металл конструкция­ларын өндіретін зауыт секілді жобалар бар», дейді Ұлытау облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазин.

Айтуынша, облысқа инвестиция тарту көлемі өскен. 2023 жылдың қоры­тындысында негізгі капиталға 210 млрд тең­ге көлемінде инвестиция салынды. 2022 жылмен салыстырғанда өсім 35%-ға­­­ ұлғайды (2022 жылы 155,6 млрд теңге инвес­тиция салынған).

Биыл 280 млрд теңге көлемінде инвес­тиция салу жоспарланып отыр. Облыс көлемінде 2023–2027 жылдарға арналған 1 955 жұмыс орнын құру үшін жалпы құны 741 млрд теңгеге 27 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған.

Инвестиция тарту арқылы экономика алға жылжиды. Жұмыс орындары ашылады. Жаңа қызмет түрлері пайда болып, өнім өндіріледі. Аймақта инвестициялық жобалардың қарқын алып келе жатқаны қуантады. Бұл жаңа облыстың кемел келешегінің кепілі іспетті.

 

Ұлытау облысы