Қоғам • 23 Маусым, 2024

9 қызды үкілеген майор әке

75 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Іле өзенінің бойында жатқан Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылын­да кіндігі кесіліп, қанаты қатайған өрен­дерінің бірі – полиция майоры Азамат Абдрахмановты ел-жұрты ерекше құр­меттейді. Қырықтың қырқасына шыққан ол бұл күнде Алматы облыстық полиция департаменті Балқаш аудан­дық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің басшысы қызметін абыройлы атқарады. Туып-өскен өңірдің тәртібін қадаға­лап, тыныштығын қамтамасыз етуде жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет етіп келеді.

9 қызды үкілеген майор әке

Аумағына 15 ауыл әкімдігі, 28 елді мекен кіретін іргелі ауданның полиция бөлі­­мін­­­де 16 жылға жуық қырағылық, табанды­­­­лық танытып келе жатқан по­ли­ция майоры Азамат Асқарұлы бас­шы­лық жасайтын бөлімшеге кәмелетке толмағандар қауіпсіздігі бойынша инс­пекторларды, патрульді полицейлерді, бақылау қызметін, учаскелік инспекторларды, ювеналды полиция инс­пекторларын, әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы инспекторларды, сондай-ақ табиғатты қорғау инспекторларының қызметін қадағалап, жүйелі жұмыс істеуін ұйымдастыру міндеті жүктелген. Осындай сан салалы жауапты қызметті тізгіндеп жүрген Азамат Абрахманов ұжымға ғана емес, облыстың құқық саласында ұтқыр ұйым­дастырушы, білікті басшы ретінде танылып, ісімен үлгі-өнеге болып жүр.

апр

«Ауданымызда егін, мал шаруа­шы­лығымен қатар балық және аң аулау кә­сібі жақсы дамыған. Алайда көлде­нең табыс табуда құқық бұзушылықтар бол­май қоймайды. Осы себепті көбі­не қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүр­гіземіз. Арнайы жиындар өткізіп, ес­кертпе-нұсқаулықтар таратамыз. Жер­гілікті басқару органдарымен, Төтен­ше жағдайлар бөлімшелерімен бірі­гіп, жұдырықтай жұмыла жұмыс істей­міз. Еріктілер тобының да белсенділік танытатын кездері өте көп», дейді Азамат Асқарұлы.

Полиция майорының айтуынша, қылмыс пен бұзақылықтың алдын алуда ауылдардағы адам аяғы үзіл­мей­тін дүкен мен кафелерге, мем­ле­­кеттік мекемелерге бақылау камера­лары қойыл­ған. Сонымен қатар аудан­ның орталық көшелеріне, ауыл­дарға «Сергек» бақылау камералары орна­тылған. Биыл ауданда бақылау камера­сы­ның санын 800-ге жеткізу жоспарланып отыр.

«Осы камераларға түскен бейне­жазбаның арқасында заң бұзушыны тез құрықтау мүмкіндігі артты. Сондай-ақ камерадан сескеніп, заңға қайшы әрекет жасаушылардың қатары азайды. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда қылмыстық көрсеткіш әжептәуір кемігендігі қуантады. Жаз басталғалы Балқаш көлі мен Іле өзеніне демалушылар қатары көбейіп келеді. Бұл маусымда полиция қызметкерлері тыным таппайды. Біз туристер мен саяхатшылардың заң бұзбауын, қауіпсіздік ережелерін ескеруін қатаң қадағалап отырамыз», деген бөлімше басшысы тыйым салынған кезеңде балық аулап, аң-құс ататын браконьерлердің де қарасы еселене түсетіндігін тілге тиек етті.

«Қызыл кітапқа» енген аң-құстарды атуға заң жүзінде қатаң тыйым салын­ғандығын елеп-ескермейтіндер жиі кез­деседі. Осы себепті олардың қолын­дағы мылтықтың тіркелген-тіркел­мегендігі тексеріледі. Балықты белгілі бір аумақта қолдан жасалған аппараттың көме­гімен тоқ соққызып аулайтындар да бар. Мұндай заңсыздыққа барған бра­коньерлерді сан мәрте құрықтап, заң жү­зінде жазаланды», деді.

Полиция майоры Азамат Асқарұлы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде білікті басшы ғана емес, 9 қызды аялап өсіріп отырған көпбалалы әке екендігін айрықша атағанымыз абзал. Шаңырағының шырайын кіргізіп, маңдайына бақ дарытып, жүрегіне мейірім ұялатқан асыл жары Жазира Менкетайқызымен қол ұстасып, отау құрғалы 17 жылға жуықтаған. Осы уақыт аралығында гүлдей үлбіреген қыздары бірінен соң бірі дүниеге келіп, қуаныштарын еселеп келеді.

Қыр қызғалдағындай жайқалып, өсіп келе жатқан қыздарының үлкені Ақнұр бүгінде 9-сыныпты тәмамдаса, екіншісі Гүлнұр осы сыныпқа көшті. Ал Кәусар мен Жасмин – бастауыш сынып оқушылары. Олардың ізінен ілескен Айару мен Томирис мектеп табалдырығын аттауға таяу. Ал ерекше құрметке ие егіз қыздары Адина мен Медина екі жастан енді асса, қыздардың ең кішкентайы Даяна он айға толды. Бұйыртса, 9 қыздың қатары тағы бір нәрестемен толығып, жұбы жарас­қан Азамат Абдрахманов пен Жазира Малгеждарова он баланың ата-анасы атанады. Бақ дарыған Балқаш ауданында ерекше отбасы саналатын Абдрахмановтың қыздары осы бас­тан өнерлі боп өсіп келеді. Олардың қа­тарында әке жолын қуып, құқық қорғау қызметкері болуды армандайтындары да жоқ емес.

«Қыздарымызды бір-бірінен бөліп жармаймыз. Олардың барлығы талантты, ақылды әрі әдемі. Төлбасы Ақнұрымыз сабақты үздік оқумен қатар ағылшын тілін жетік меңгеріп келеді. Ал Гүлнұрымыз сурет өнеріне өте бейім. Біздің қызметте фоторобот жасайтын арнайы мамандар бар. Қызымның бо­йына сол қасиет дарыған сияқты, кез келген затты не жан-жануарды бейне­леп айтсам болды, айнытпай салып береді. Үлкен екі қызым өскенде жолым­ды жалғап, құқық қорғау саласында қыз­мет еткісі келетіндігін жиі айтады. Мен қыздарымның бұл таңдауын қуана құптаймын. Себебі тәуелсіз еліміздің тыныштығын қамтамасыз етумен қатар құқықтық мемлекет болып қалыпта­­суы­на өзіндік үлестерін қосса, неге қуан­бас­қа? Сондықтан қыздарымыздың ұяда ­жақ­сы тәлім-тәрбие сіңіріп, мектепте терең білім алып, қалаған мамандық­тары­ның иесі болуына анасы екеуміз бар мүмкіндігімізді жұмылдыруда­­мыз», дейді майор шеніндегі 9 қыздың ­әкесі Азамат Абдрахманов.

Қызметіне қырағы, ұжымда тәжі­рибелі, білікті басшы бола білген полиция қызметкерін аудан жұртшылы­­ғы­мен қатар әріптестері де әркез құрмет тұтады. «Азамат Асқарұлы жұмысы­на өте тиянақты. Ол – отбасына ғана емес, ауданымызға үлгілі әке. Тоғыз бала­ны өсіре отырып, жұмысына зор жауап­кершілікпен қарайды. Білікті маман ретінде қылмыстық істерді ашуда да белсенділік танытып, ортасының құр­метіне бөленіп жүреді», дейді Балқаш аудан­дық полиция бөлімінің басшысы, поли­ция подполковнигі Айдар Омаров.

Отбасы құндылығын құнттап, құ­қықтық қызметте де қырағылық та­ны­тып жүрген Азамат Асқарұлы қолы қалт ете қалса, көзқуанышына ай­нал­ған қызғалдақтарын өбектеп, со­лар­дың жанынан табылуға тырысады. Өйт­­кені жұмысына ерте кетіп, кеш қай­­татын әкенің жолын күтіп, мойнына оралатын қыздарының қылықтары тәп-тәтті. Қырмызы гүлдей жайнаған қыз­дарын көргенде қуанып, шаттанып, шаршағанын да ұмытып қалатын полиция майорының бар тілегі – еліміздің тыныштығы мен балалардың зорлық-зомбылықсыз бақытты өмір сүруі. Осы жолда жан-тәнімен антына адал қызмет етуді өзінің айнымас мұраты санайды.

 

Алматы облысы