Мәселе • 27 Маусым, 2024

Жастардың шетелге кетуі азаймай тұр

81 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – түрлі бағдарламамен шетелге оқуға барған жастарымыздың елге қайтып оралмай, сол жақта қалып қоюы. Бұл үрдіс жылдан-жылға көбейіп келеді.

Жастардың шетелге кетуі азаймай тұр

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Талабы таудай жастарымыз жақсы білім алып, жаңа технологияларды мең­геріп, елге оралып жатса, құба-құп. Өкі­нішке қарай, тек білім қуып емес, жұмыс іздеп, жалақысы көп жұмысқа орналасып, сол елде қалып қойып жат­қандар да баршылық. Білім алуға, ғылым­мен айналысуға кеткен жастарымыз елге қайтса, шетелде алған білімі мен тәжірибесін елімізге кеп қолданса, әрине, қуанатын едік. Дегенмен елге оралып жатқандарға жұмыс табылмай, табылса да, көңіл көншітерлік жалақы төлен­бей, жастарымыздың қайтадан шетелге кетуіне тура келіп жатқан жағдайлар жиі орын алып отыр. Кейінгі жылдары тек табыс табу мақсатында кетіп жатқандар саны да көбейген. Мұның басты себебі де белгілі, ол – жалақының төмендігі. Айлық табыстан бөлек пәтер мәселесі де жастардың басты мәселесіне айналған.

Әлеуметтанушы З.Қосжановтың пікі­рінше, жастардың жаппай шетелге ағы­луының тағы бір себебі – елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендігі. Отба­сының әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында шет тілін білмесе де, ауыл ша­руашылығы, құрылыс саласында түрлі жұмыс істеуге кетіп жатқандар көп. Өзімізге жетіс­пей жатқан мамандардың сырт елдерге кетіп жатқаны қынжылтады. Бір жа­ғынан, елдегі жұмыссыздардың санын көбейткенше, табыс тауып, отбасының жағдайын жасағаны дұрыс секілді. Бірақ, екінші жағынан, жастардың бойындағы білім-білігі мен күш-жігерін өз еліне қызмет етуге жұмсаса екен деген де ой қылаң береді.

2023 жылғы статистикалық мәлімет­ке сүйенсек, елімізден сыртқа көшіп кету­шілердің саны 15 мыңнан асады. Ал Жапониядан сырт елге көшіп кету­ге жылына 15 адамға ғана рұқсат бере­ді екен. Қытайда да жастардың шетел­де оқуына байланысты шектеулер бар. Халқының саны көп алпауыт мемлекет­тердің өзі жастарының басқа елде білім алуына, көшуіне байланысты арнайы бағдарлама енгізген. Ал бізде жастарға әлемнің кез келген бұрышына барып, білім алуға мүмкіндік берілген. Міне, сондықтан да болар, жастардың басым бөлігі өз елінде қалудан гөрі шет мемлекетке кеткенді жөн санап отыр. Бұл, әрине, алаңдатарлық жағдай. Себебі ел дамуына үлес қосатын ғалымдардың, инженерлердің, білікті мамандардың елден кетуі алдағы 10–20 жылда еліміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайы бо­йынша оң нәтиже бермейтіні анық. Бұл мәселені қалай шешу керек дегенге келер болсақ, сарапшылардың өз ойлары бар. Мәселен, білімді, талантты жастардың дамуына толық жағдай жасау керек. Арнайы шәкіртақы тағайындап, жататын жерін қамтамасыз етсе, ғылыммен айналысуына мүмкіндік беріп, таңнан кешке дейін керек емес пәндерді оқудан босатса, интеллектуалдық деңгейін толық пайдаланатындай жұмыс көлемі берілсе дұрыс болады.

Жастардың сыртта білім алғысы келе­тінінің бір себебі – «Болашақ» ­бағ­­дар­ламасының игілігін пайдалану. Үкімет ­1994 жылдан бері «Болашақ» бағ­дар­ламасы арқылы еліміздің білім-ғылым саласын, технологиясы мен экономикасын көтеруге атсалысады деген сеніммен жастардың шетелде оқуына мүмкіндік жасап келеді. Отандық мамандардың да дамыған мемлекеттердің жоғары оқу орындарына барып тәжірибе алмасуы үшін қыруар қаржы бөліп келеді. Бірақ осы мамандардың қандай тәжірибе жинап келгені, елге тигізіп жатқан пай­дасы жайлы көп айтыла бермейді. Сон­дай жастардың бірі Ұлыбританияда «Бола­шақпен» оқып келген Меруерт Бүркіт­баева шетелде қалудан гөрі Қазақстан­ға оралуды жөн санаған. Тағы бір «Бола­шақ» стипендиаты Мейрам Жанділдин де Чехияда ұсынған банк қызметінен бас тартып, елге оралған. Міне, осындай ­жастарымыз көп болса дейсің.

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болуды» құлағына бала кезден сіңіріп өссе, жастарымыздың бойында отан­шылдық сезім суымас еді. Сол кезде басқа елдің «жұмағы» өз еліне жетпей­тінін ұғар еді. Сонда жастарымыз шетелге дәл бүгінгідей ағылмаушы еді. Меніңше, бұл мәселе тереңірек зерттеліп, мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама жасалуға тиіс. Зияткерлеріміздің, жұмыс күшінің бұлай сыртқа жаппай кетуіне тосқауыл қоятын уақыт жетті.

 

Лаура ХАЛЕЛ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті