Пікір • 29 Маусым, 2024

Заман талабына сай заң

103 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Масс-медиа туралы» заң көпшіліктің ұзақ талқылауынан өтті. Себебі бұл құжаттың қоғам өміріндегі маңызы жоғары. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның сонау 1999 жылы әзірленгенін және ширек ғасыр ішінде БАҚ кеңістігінің айтарлықтай өзгергенін ескере отырып, ескі заңға өзгеріс енгізбей, жаңасын жазу тиімді болды.

Заман талабына сай заң

Заңды қарау барысында Пар­ламент депутаттары екі жүзден астам өзгеріс пен толық­тыру енгізуді ұсынды. Бұқаралық ақпарат құралдарына бұрын бас­па басылымдары, телеарналар, радиостансалар, ақпараттық агенттіктер, оның ішінде интернетте ақпарат тарататындар, сондай-ақ интернет-басылымдар ғана тіркелген, бірақ ерікті негізде болды. Өйткені заңда олар үшін міндетті тіркеу қарастырылмаған.

Осыдан ширек ғасыр бұрын енгізілген салалық заң интернет жоқ, қарабайыр кезеңде қабылданған. Содан бері интернет-басылымдар жетекші рөлге ие болды, бірақ заңда тіпті мұндай түсінік те болған жоқ. Сондықтан тек БАҚ емес, жалпы масс-медиа саласына бағытталған заман талабына сай құжат қабылданды.

Қазақстан медиасының бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру үшін заңнамалық тұрғыдан қолдау қажеттілігі бұған дейін үнемі айтылып келді. Президенттің тапсырмасына сәйкес жаңа заң жобасы қолға алынып, екі жылдан аса талқыланды. Құжатты талқылауға еліміздегі барлық қоғамдық және кәсіби халық­аралық ұйым өкілдері де қатысты. Олардың тарапынан айтылған көп ұсыныс ескерілді. Әсіресе қазақтілді БАҚ-қа үлкен қолдау болатын баптар енгізілді. Яғни қазақша контентті көбейту, отандық теле, аудио, интернет өнімдердің сапалы әрі бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында тақырыптық гранттар бөлуге байланысты ұсыныстар бар. Сондай-ақ БАҚ-тың жедел ақпарат алуына қатысты сын-пікір жиі айтылады. Әсіресе журналистердің ресми сауалына берілетін жауаптың ұзаққа созылып кететінін әріптестер тарапынан жылдар бойы «жыр» болғаны рас. Сондықтан енді заңға сәйкес мемлекеттік органдардың ресми сауалға жауап беру мерзімі 7-ден 5 күнге дейін қысқартылды. Бұл жай ғана статистикалық ақпарат емес, журналистердің сараптамалық, талдамалық, зерттеу мақалалар жазуға негіз болатын қомақты мәліметтер екенін ескеру керек. Өйткені талдаманы қажет етпейтін, ­жедел ақпараттар әдетте баспа­сөз қызметі арқылы жедел таратылып жатады. Қазір барлық мемлекеттік орган ақпарат құралдарының сұрауына жауапты жедел беруге мүдделі екенін көріп отырмыз.

Отандық БАҚ-тың қоғам­дағы беделі ТМД елде­рімен салыс­тырғанда ең про­грес­сивті, бәсекеге қабілетті деп айтуға болады. Технология, ақпаратты жеткізуі, кәсібилігі жағынан көш алда келе жатыр. Сол үшін отандық жур­налистиканың беделі жоғары деп айтар едім. Тіпті өзіміз қызыға қарайтын кейбір Еуропа елдеріндегі әріп­тестермен салыстырсақ, біздің ақпарат құралдары мен журналистердің кәсібилігі кем емес. Салаға қатысты соң­ғы қабылданған заңымыз да жур­налистердің барынша батыл зерттеу жүргізіп, тал­­дау мақала жазуына бет бұруына мүмкіндік береді. Жылдар бойы бұқаралық ақпарат беттерінде біржақты пікір айтылып келді. Ойын-сауық бағдарламаларына басымдық берілгені рас. Алайда ендігі жерде технологияға, білім мен ғылымға бет бұратын кез келді. Заманның ағысына сай отандық журналистика да өз жүрісінен жаңылмай, жасампаз елді алға сүйреуге күш салады деген сенімдеміз. Өйт­кені әлемде де, елімізде ақпа­рат­тық майдан үздіксіз үдеп жатыр. Сондықтан ақпарат майданында кәсіби журналистерге артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру жөніндегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда шегелеп айтты. Мемлекет басшысының басты мұратын жүзеге асыруға ден қоя отырып, журналистер ұлт пен ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық құндылықтардың орнығуына айрықша мән беру маңызды.

 

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты