Пікір • 29 Маусым, 2024

Шынайылық маңызды

76 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бұқаралық ақпарат құралдарының беделі немен өлшенеді?» деген сауалға жауап іздеп көрейік. Бұл орайда ойымызға бірден ауди­то­рия­ның ауқымы, тұрақтылығы, сенімі оралатыны анық. Көрермені, оқыр­маны, тыңдарманы көп БАҚ беделді. Ал бедел ақпарат құра­лы­на не береді? Ақша береді. Жарнама, гранттар һәм тікелей мем­ле­кет­тік тапсырыс.

Шынайылық маңызды

Қаржысы мол, құрығы ұзын ақпарат құралы кім көрінгеннің қолы жете бермейтін ақпаратты елден бұрын жариялайды, кәсіби мықты журналистерді жалдау арқылы сапалы дүние ұсынады. Солар беделді. Әрине, кейбір кезеңдерде саяси ахуалдардан, менеджменттің ойсыз шешімдерінен немесе аудиторияның қалауын са­уатты зерттемеу, кадр тұрақсыздығы сияқты қателіктерден жап-жақсы ақпарат құралының құлдырағанын көріп жүрміз. Дегенмен дәл қазір еліміздің ақпарат құралдарының беделі ешкімнен кем де емес, артық та емес. Қал-қадірінше жұмысын атқарып жатыр. Журналистік миссиясы – ақпарат тарату. Ол шын, нақты, жедел және сауатты болуы шарт. Бұл бағытта мәселе жоқ, қазақ БАҚ әлемде бар техника мен тәсілдің барлығын жетік меңгерді. Бірақ бір мәселе бар, кейінгі жылдардағы геосаяси, геостратегиялық тартыстар журналистиканың сипатына әсер етті. Бұрын «тек шынайы ақпарат қана тарату парыз» деп келген ірі жұрттар енді ақпараттық мүдде, ақпараттық насихат, ақпараттық қорғану мәселелерін ашық түрде алға шығарып отыр. Сондықтан біздің журналистер де негізгі миссия мемлекеттің тұтастығы, бірлігі, беріктігі екенін ойлауы керек. Бұл бәлкім өтпелі кезең болар, ертең күштілер де ес жияр, бірақ біздің жұмысымыз да сол күрделі кезеңнің талаптарына сай болуы абзал.

Қазір көрермен, оқырман мен тың­дар­ман үшін бір қиын дәуір болып тұр. Ақпарат тым көп, оны тарататын, үрлейтін құрал одан асып түседі. Қай­сы­сы өтірік, қайсысы шын екенін айы­ру – кәдімгі жұмыс. «Азаматтық журналистика» деген әдемі терминді енгізіп алдық та, енді ие бола алмай отырмыз. Өйткені жауап­кершілік аз. «Масс-медиа туралы» заң осы мәселені реттеуге сеп болады.  Оны қабылдаудағы мақсат та сол тек дәстүрлі ақпарат құ­рал­­дарын ғана емес, жаңа медианың жұ­мы­сын бір ретке, ептеп жүйеге кел­тіру болса керек. Бүгін әлеуметтік же­лі­лер арқылы ақпарат тарату, мәселе кө­те­ру, дат айту, жарнама жасау белең алып тұр.

 

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ,

«Abai TV» телеарнасының директоры