Руханият • 29 Маусым, 2024

Дулати дүниетанымы

210 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл көрнекті ғалым, тарихшы, әдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулатидің туғанына – 525 жыл. Философия, саясаттану және дінтану институты ұйымдастырған «Мұхаммед Хайдар Дулатидің діни-философиялық көзқарастары» атты ұлттық симпозиумда ғалымдар тарихи тұлғаның өмірі мен еңбектері, ұста­ным­дары, Қазақ хандығының құры­луындағы алғашқы тарихи деректер, әлемдік мәде­ниет пен өркениетке қосқан үлесіне қатысты зерттеулер төңірегінде пікір алмасты.

Дулати дүниетанымы

XVI ғасырда тарихи әде­биет­тегі көрнекті жазба ес­­керт­кіш «Тарих-и-Рашиди» құн­­ды дереккөз ретінде әлем ­зерт­теушілерінің назарын аударды. Әлемге әйгілі тарихшы, философ, ғұ­лама ақын, дипломат, әс­ке­ри қолбасшы Мұхаммед Хай­дар Дулатидің діни-фило­софиялық және ғылымдағы та­нымдық ой-пікірлерін, қөз­қа­растарын талқылау арқы­лы за­ман талабына сай пікірлер­ді тал­­­­даудың маңызды еке­нін айт­қан­­ Философия, саясат­тану жә­­не дін­­тану институты­ның дирек­­то­ры, академик Серік Сейдуманов ғалым еңбек­тері Қазақстан­дағы әділетті­лік қағидаттарын ор­нық­тыру мен насихаттаудың тарихи және идеялық бастаулары­на арқау болатындығын атап өтті.

«Тарих-и-Рашиди» кітабы мен «Жаһаннаме» дастаны, ғұ­ламаның тарихи тұлғасы мен еңбек жолы Қазақ мем­ле­кеттілігі мен Орталық Азия елдерінің тарихын зерт­­­теушілердің ара­сында зор қы­зығушылық ту­ғызды. М.Дулати жазған «Та­рих-и-Рашиди» тарихи-ме­муар­­лық шығармасы мен «Жа­һан­на­ме» поэмасы әлемдік мә­де­ниет­тің қазынасына енді. «Та­рих­-и-Рашиди» – қазақ хан­ды­ғының құрылуын, XIV–XVI ғасырлардағы тари­хи оқи­ға­лар­ды энцикло­педиялық түрде сипаттайтын шығарма. Түркі тілін­де (шағатай диалек­тісін­де) жа­­зыл­ған филосо­фия­лық стиль­дегі «Жаһан­наме» не­гіз­гі адамзаттың мәде­ниеті мен құн­дылықта­рын шынайы сү­йіс­пенші­лік пен поэ­ти­калық қа­былдау ­болып табы­лады», деп атап өтті С.Сейдуманов.

ен

1999 жылдың күзінде Мұхам­мед Хайдар Дулатидің туыл­­ғанына 500 жыл толды. Бұл дата ЮНЕСКО және одан тыс аумақта аталып өтіп, ғұлама мұрасына деген қы­зы­ғушылықты одан сайын арт­тыра түсті. Осы ретте М.Х.Дулати мұра­сын аударуға, жүйелеуге, жа­рия­лауға басшылық еткен мар­құм шығыстанушы, академик Әбсаттар Дербісәлінің еңбегі айрықша. Осы орайда ҰҒА академигі, Әл-Фа­раби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­верситеті тарих факультеті­нің кафедра меңгерушісі, тарих ғы­лымдарының докто­­ры, профессор Берекет Кәрі­­баев «Мұхаммед Хайдар Дула­­ти және Қазақ хан­ды­ғы тари­хы­ның деректік мә­­­се­­­ле­лері» атты баяндамасын­да «Та­рихи-и-Рашиди» шы­ғармасы нақ­ты тарихи оқи­ғаларды, мәде­ни антро­по­ло­гиялық сипаттағы мә­лі­мет­терді қамтитынды­ғы­мен құнды екенін алға тартты. «Шығармадағы Қазақ хан­дығының құрылу, күшею және «уақытша» әлсіреу кезең­де­ріне қатысты де­ректерді ори­гинал­ды әрі не­гізгі және ең бас­ты мәлі­мет­тері қатарына жат­қыза­мыз. Қазақ елінің тәуел­сіз­дік алуы­мен Дулати есімі қа­лың жұртшылыққа танымал бола бастады. Қазіргі күн­­де Мұхаммед Хайдар Дулати­дің есімі мен оның «Тарих-и-Рашиди» еңбегі қа­зақ елі­нің та­рихында өзіне ла­йық­­ты баға­сын алды деп сеніммен айтуға болады», дейді академик.

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғы­лыми қызметкері, ҰҒА кор­рес­пондент-мүшесі, философия ғылымдарының док­­торы, профессор Ната­лья Сейдахметова түр­кі ха­лық­­та­рының ортақ та­ри­хи-мә­де­ни мұрасына айнал­ған «Та­ри­хи-и-Рашиди» шы­ғар­­масы­на, оның терең ма­ғы­на­лы құ­­ры­­лы­мы­на тоқтал­са, «Бұқара­­лық сана­дағы ха­лық­тың батыр­­лар жыр­ла­ры­ның айшық­та­луы» баян­дамасында рухани антро­пологиялық сипат­тағы адам құндылықтары қата­рын­да эпостар, жырлардың тәр­бие­лік рөлі­нің ауқымдылы­ғын инс­ти­туттың Филосо­фия орталы­ғы­ның жетек­ші­сі, филосо­фия ғылымдары­ның докторы, профессор Cерік Нұрмұратов тіл­ге тиек етті. «Қазақ халқы­ның өт­­кенi жөнiндегi жазба деректер­­де қалған дүниелер өте аз. Ал халық тарихын жазу оңай­ға түспейді. Мұхаммед Хай­дар Дулати шығармашылығы­нан фольклор, батырлар жы­рынан сусындағанын анық байқай­мыз. Бүгінде тарихи оқиғалардың маңыз­ды тұс­тары сақталған қа­зақ фольклорына жиі ора­­луы­мыздың басты себе­бі, көш­пелi тайпалар тари­хы­ның бел­гiсiз, күңгiрт кезең­дерiн айқын­дауда ха­лық аңыз­дарын пайдалану, көз­қарасы мен философиясын тұжырымдауда рөлінің жо­ғары екенін көрсетеді», дейді С.Нұрмұратов.

Ғалымның жеке өмірбая­нына байланысты дерек­тер­ді алға тарта отырып, «Та­рих-и-Рашиди» еңбегіндегі діни кате­горияларға тоқтал­ған инс­титуттың бас ғы­лы­ми қыз­меткері, философия ғылым­дарының докторы, профессор Бақытжан Сатер­ши­нов «Мұхаммед Хайдар Дула­ти­дің діни көзқарас­тары мен қай­­раткерлігі» баян­­­да­масында Үндістан­ның Кашмир өлке­сіндегі діни ­топтар мен ағым­­дарға қатысты деректер­мен бөлі­сіп, ғылыми талқы­лауға сұ­ра­нып тұрған мағ­лұматтар­ды алға тарт­ты. Ғалымның ­айтуынша, Дула­тидің ру­хани мұрасы орта­ғасырлық рухани жәдігер ре­тінде Үндістанда, Пәкістанда, Ба­тыс Еуропада кеңінен та­ны­мал болғанымен, кезінде ­им­пе­риялық солақай саясат­тың салдарынан өз елінде тарихи танымнан тыс қалды. «Көбі­не Мырза Хайдар туралы негіз­гі мә­лі­меттер оның өзінің «Тарих-и Рашиди» шы­ғар­масынан белгілі. Ал ақын­дық мұрасынан қалған жал­ғыз шығарма – ертегі үлгі­сімен құрылып, түркі тілінде жа­зылған – «Жаhаннаме» дас­таны. Бұл шығарма Бер­лин қала­лық кітапханасында сақ­таулы тұр. Мұны белгілі ­баш­құрт ғалымы Ахмет Зәки Уәлиди кез­дестірген. Көлемі 125 беттен тұратын қолжаз­баны 1814 жылы Молда Омар ибн-Қашы көшір­ген. Алай­да өзгерістерді енгізу Хайдар мырзаның бұл еңбегі әлі қалың оқырман­ның қолы­на тие қойған жоқ. Дулати­дің қа­зақтың рухани мәдение­ті мен дү­ниетаным­дық жүйе­сі тари­хындағы ойшыл ретін­де ала­тын орны осы күнге дейін басы толық ашылмай келе жат­қан мәселе», дейді профессор.

М.Дулатидің тұлғалық бол­­мысының қалыптасуы­на түркілік көшпелі дүниета­ным мен ислам дінінің әсер-ықпа­лы жайында «М.Х.Дулати­дің дүниетаны­мы және осы заманға берер өне­­­гесі» баяндамасында Мемлекеттік ор­талық музей Музейлік деректа­ну және қолжазба бөлімінің же­тек­шісі Жасұлан Белтенов баян­даса, Әл-Фараби атында­ғы Қа­зақ ұлттық университеті фи­ло­софия және саясаттану фа­куль­теті дінтану және мәде­ниет­тану кафедрасы­ның аға оқы­тушысы, PhD М.Жүзей «Мұхаммед Хай­­дар Дулатидің діни көзқа­ра­­сы» тақырыбында, Абай атын­­да­ғы Қазақ ұлттық педаго­гика­лық университетінен та­рих ғы­лым­дарының кандидаты, ­про­фессор Н.Атығаев «Мұхам­­мед Хайдар Дулати және оның Тарих-и-Рашиди шығар­ма­сы» атты баяндама жасап, тұлға және ­оның құнды ең­бек­тері ха­қындағы ой­ларын ортаға салды.

 

АЛМАТЫ