Қоғам • 03 Шілде, 2024

Ол кім?

52 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда ғана «Mazmundama» бас­пасынан «Дина Нұрпейісова кім?» «Оралхан Бөкей кім?» «Мәншүк Мәметова кім?» «Жақсылық Үшкемпіров кім?» деген кітаптар жарық көрді. Аталған баспа «Ол кім?» сериясымен бұған дейін де қаншама қазақтың нар тұлғаларын таныстырып жүргені көпшілікке белгілі. Танымдық сипаттағы еңбек өскелең ұрпаққа ұлтымыздың таудай тұлғаларының өмірінен сыр шертеді. Оқырман арасында кең таралып жатқаны да мәлім.

Ол кім?

Жалпы, бұл сериямен шыққан кітап бір тұлға туралы толық ақпарат береді. Яғни оның туғаннан бастап қайтыс болғанға дейінгі өмірі қамтылады. Дәлірек айтқанда, тұлғаның балалық шағы (бала кезіндегі ерекшелігі, қабілеті, басынан өткен қызықты оқиғалар), ғылым, білім, өнер жолындағы алғашқы қадамы, өмі­рінің өзгеруіне ықпал еткен оқиға (алғашқы жетістігі, жүлдесі, ерлігі, т.б.), жеке өмірі (отбасы, достары, өмір туралы көзқарасы, мі­незі, бірегей әдеттері, айналасындағылармен қарым-қатынасы, т.б.), өсу жолына ықпал еткен, кедергі болған адам­дар мен оқиғалар, басына түскен қиындықтар, күрес жолы, ел тарихына қосқан үлесі, (тұлғаны аңыз адамға айналдырған жетістігі, ашқан жаңалығы), арман-мақсаты, өкініштері, қоғамдағы рөлі (өз саласынан тыс) және өмірінің соңғы жылдары (қайтыс болған адамның өмірінің соңы немесе көзі тірі тұлғаның қазіргі өмірі, қайда тұратыны, немен айналысатыны, т.б.) баяндалады. Автор тұлға туралы кітапты 8-10 та­рауға бөліп, кезең-кезеңімен тарқатып жа­зып шығады.

Танымдық кітаптың тағы бір ерекшелігі – әр тарауда сол кезеңде болған тарихи оқиғаны, құбылысты ашатын қызықты мәліметтер кездеседі. Үлкен шрифтпен беріл­ген мәліметті оқырман көз тоқтатып оқи алады.

Ересек өмірде ақпарат ағыны көп. Оның бірі есіңде болса, бірі ұмытылып қалады. Ал бала кезде оқыған кітаптың көбі естен кетпейді, тіпті өмір бойы жадыңда сақталуы мүмкін. Бұл кітаптарды да бала кішкентайынан оқып өссе, тұлға туралы түсінігі қалыптасады. Баланың танымына лайық, жеңіл тілмен жазылған кітапта бір тұлға туралы жүйелі ақпарат бар. Сондай-ақ кітап соңында жылдар бойынша хронология берілген. Онда сол кезеңде әлемде және Қазақстанда қандай оқиғалар болғаны қамтылған.

«Ол кім?» сериясымен осы күнге дейін 12 кітап жарық көрген. Қазір «Жошы хан кім?» кітабы баспада жатыр. Тамыз айында «Қабанбай батыр кім?» шықпақ. Алдағы уақытта бұл тізім жалғасады. Баспа ұжымы қазақтың хандары мен батырлары, Алаш зия­лыларын тү­гендемек жоспары бар. Ал авторларға бір кітапты жазуға 1-1,5 ай уақыт бе­ріледі. Кітапта скетч стилінде 50-70 сурет болады. Оны суретшіге арнайы салдырады. Ол да баланың кітапты қызыға оқуына әсер етеді.

Айта кетейік, серияның жас ерекшелігі 6+ болғанымен, мұны бастауыш мектептің оқушыларынан бастап, ересек оқырманға дейін оқи алады. Кітап соңында талқылау сұрақтары мен арнайы тест берілген. Оқып болған соң талқылау сұрақтарын қойып, баланың нені түсінгенін тексеруге болады. Сонымен бірге бұл сауалдарға жауап беру арқылы жас оқырман өз ойын еркін жеткізіп, түрлі тақырыпта сөйлеп үйренеді, танымы артады.

Иә, аталған сериямен шығып жатқан кітаптардың саналы һәм ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге тигізер ықпалы зор. Әсіресе, бүгінгідей смартфон заманында өсіп жатқан балаларға өз халқының айтулы тұлғаларын танытуға таптырмас еңбек.