Қаржы • 03 Шілде, 2024

Теңге тұрақты болсын десек...

93 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміз біраздан бері эко­номикадағы доллар­лық активтердің үле­сін азайтуға, теңгенің өтімділігін арттыруға тырысып келеді. Жеке тұлғалардың депо­зитін долларландыру 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдайға сәйкес соңғы 26 жылда ең төменгі мәнге дейін төмендеді және 22,2%-ды құрады. Заңды тұлғалардың де­позиті 16 жылдық минимумға, 24,2%-ға дейін төмендеді.

Теңге тұрақты болсын десек...

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Са­рапшы Мағбат Спа­нов доллар­сыз­данды­ру ұзақмерзімді сая­сат, оның сәтті немесе сәтсіз­дігі туралы айтуға әлі ерте дейді. Сарапшының баяндауынша, долларсыздандыру үдерісін Ұлт­­­тық банк немесе Үкіметтің қаулысымен жеделдете алмаймыз. ШОБ белсенділігі, ұлттық инвесторлардың ішкі нарық­пен интеграциясы долларсыздан­ды­руды жылдамдатып, теңге­нің бәсін арттырады.

Дамушы экономика үшін шетел валюта­сындағы депозиттер үлесінің 50%-ға жетуі «сыни қарсылық деңгейі» ретінде қа­был­­данады. Ал біз­де ол деңгейден әлдеқайда тө­мен. Сарапшының айтуын­ша, инфляцияның қазіргі дең­гейі, қолайлы экспорттық баға, әріп­тес елдерге қатысты жағдай елдегі долларсыздандыру үде­рісін жеделдетуге мүмкіндік бе­реді. Ұлттық банктің бірқатар стра­тегиялық маңызды бағытты біріктіруі – қаржы сегменті­нің тұрақтылығын арттыруға, ин­фля­­­цияны қол­дауға, валюта және ақша нарығындағы құ­был­­­ма­лылықты төмен­детуге басым­дық беріп отыр.

«Күні кешеге дейінгі жағдай шетел валюта­сындағы депозиттерге қаражатты орналас­тыру­дың тартымдылығын төменде­тіп келді. Бірақ жағдай өзгерді. Бізге долларсыздан­дыру туралы біраз уақытқа дейін ұмыта тұру ­керек. Кейінгі жылдары бірнеше банктің нарық­тан күтпеген жерден кетуіне байланысты сенім депозитіне селкеу түсті. Бұл жағ­дайда шағын депозиттердің салымшылары жинақтарын қол­ма-қол шетел валютасы түрінде сақтауды жөн көруі, ірі салым иелері Батыс банктеріне аудара бастауы мүмкін. Бұл жағдай теңгенің жағдайын әлсіретіп жі­беретіні анық. Рубль мен тең­генің қатар құнсыздануы теңге де­по­зитінің тиімділігіне кері әсер етіп жатыр. Ұлттық ва­лю­таның төлем және жинақ құралы ретінде танымал болуы, ең алдымен, оның тұрақтылы­ғына байланысты. Сонымен қатар Қазақстанды қамтитын шағын нарық экономиканы долларсыздандыру мүмкіндіктерін шектеп отыр», дейді М. Спанов.

Кейінгі екі жылда долларды санкциямен қаруландырып, санкция құралы ретінде пайдалану доллардың жаһандық резервтік валюта ретіндегі позициясына нұқсан келтіреді деп үміттену де, алаңдаушылық та көбірек байқалды. Бірақ олай болмады. Әлемде әзірге долларға бәсеке болатын валютаның төбесі көрінген жоқ. Доллардан бас тарту туралы пікірді Қытай, Ресей, Латын Америкасы елдерінен тарап жатқан ақпарат көздерінен жиі байқаймыз. Бұл мәселе – БРИКС-тің басты мақсаттарының бірі.

Кейінгі жылдары әлемдік сау­дадағы дол­лар­лық опера­ция­лардың үлесі өзгеріссіз қал­ды (шамамен 80%). Юань үлесі аз ғана өсті. Қытаймен сауда блогіне кіретін елдер юаньмен өзара сауда үлесін 4%-дан 8%-ға де­йін ұлғайтты. Кейінгі он­жылдықта Қытай доллардағы халық­ара­лық тө­лемдердің үлесін 80%-дан 50%-ға дейін қыс­қарт­ты, ал юаньмен – нөлден 50%-ға дейін өсті. 2000 жылдан бері шамамен ­12 трил­­лион долларды құрайтын ха­лықаралық валюталық ре­зерв­тердегі доллардың үлесі ­72%-дан 59%-ға дейін төмендеді. Дәс­түрлі емес валютадағы резерв­­тер­дің жалпы үлесі 2%-дан 11%-ға ­дейін өсті.

Кейінгі екі онжылдықта ше­телдік инвесторлар қолындағы дол­ларлық бағалы қағаз­дардың көлемі алты есе – 5,5 доллардан 33,4 трил­лион долларға де­йін өскен. Дүние жүзінің пай­лық қорлары, сақтандыру компа­­ния­лары мен зейнетақы қор­лары өз қоржын­да­рын­дағы дол­ларлық бағалы қағаздардың үле­­сін ­7,7 пайыздық тармаққа арт­тырды. Олар­дың ­сұра­нысы, әсі­ресе америкалық емес компа­ниялар шығарған долларлық обли­гация­ларға жоғары. Мұн­дай облигациялар­дың барлық дол­ларлық облигация ара­сын­­дағы үлесі 8,5%-дан 17%-ға дейін өсті. Шетелдік ­инвесторлар өздерінің долларлық активтері­нің үштен екі бөлігін облигацияларда және үш­тен бірін акцияларда ұстайды. Бірер айдан бері портфельдеріндегі долларлық бағалы қағаз­дардың үлесін арттырып жатыр.

Қазір әлемдік сарапшылар дол­ларсыз­дан­дырудың тәуекелі туралы жиірек айта бас­тады. Олардың айтуынша, мұндай жағдайда жаһандық сауда мен инвестиция блоктарға ыдырап, протекционизм күшейеді. АҚШ бюджетінің тапшылығы артып, федералдық резервтік жүйенің тәуелсіздігіне күмән туады. Мұн­дайда санкциялар саясаттың ғана емес, экономиканың да қо­лындағы қолшоқпарға айналып кетуі әбден мүмкін. Ал саясаттанушылар мұндай бағыт белең алса, доллар құнсызданады, мұның соңы оның жаһандық үстемдігін жоғалту үдерісін жылдамдатады деп болжайды.

Қаржыгер Ілияс Исаевтың айтуынша, елдің қаржы нарығы олигархиялық қысымнан енді тазарып келе жатыр.

«Үкіметтің екінші деңгейлі банктерден қарызды қайтару тә­сі­лін теңгенің тынысын ашуға бағытталған қадам деп қабылдау керек. Бірақ біздің елде ірі капитал иелері қар­жысын Батыс банктерінде сақтайды. Несие алу үшін Батыс банктеріне жүгіне­ді. Ал орта бизнестің депозит­тегі теңгелей салымы мардымсыз. Олигархтардың шетелдік ак­тив­терін қайтаруының нәтиже­сін ел әлі сезген жоқ. Біз бұл жұмысты елден қаржы шығаруды шектеумен қатар жүргізуіміз керек. Мұндай тәжірибе дамыған елдердің бәрінде бар», дейді.

Сарапшылар арасында дол­ларға шамадан тыс тәуел­ділік валюта нарығындағы тұрақ­­сыз­дықтың негізгі факторы ретінде қарас­тырылады деген пікір көп айтылады. Мұн­дай пікірді ҰБ да құп көреді. Бірақ соңғы кезде тәуелсіз сарапшылар бұл бағыттың деваль­вацияға балама бола алатын сипатына көбірек назар аудара бастады.

Сарапшы Расул Рысмам­бе­товтің айтуынша, долларсыз­дан­дыру қалыпты жүріп жатыр. Ал дүрбелең теңгенің рубльмен валюталық паритетінен ажырай бастағанына байланысты.

«Теңге сияқты жұмсақ валюта болғандықтан, оның бағасындағы болмашы өзгерістің өзі доллар сатып алуға мәжбүрлейді. Бұл – кейінгі онжылдықта қалыптасып қалған құбылыс. Кез келген ел үшін, тіпті дамыған елдер үшін де сенім мәселесі – ғаламдық мә­селе. Ұлттық валютаға деген сенім экономикалық және саяси жүйеге деген сенімнің баро­метрі. Сол арқылы ақша-несие саясаты мен экономикалық ахуал қалыптасады. Мен долларсыздандыру бағы­тының тек популистік сипатына ғана назар аударамын. Дәл қазір долларсыздандыруды бастап кету – стратегиялық қателік, әлемдік қаржы нарығынан оқшауланып қалған Ресей рубліне қолдан жем беру», дейді сарапшы.

АЛМАТЫ