Технология • 04 Шілде, 2024

Жасанды зерде қалай дамиды?

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Адамзаттың өмір салтын толығымен өзгерте алатын жасанды интеллект бүгінде ең озық инновациялық жобаға айналды. Елімізде бұл саланы дамытуға арнайы стратегиялық құжат қабылдау керектігі айтылды. Алайда осы бағытта қоғам мен мамандар алдында тұрған бірнеше мәселе бар екені анық.

Жасанды зерде қалай дамиды?

Қазақстан жаһандық инновациялық индекс көрсеткішінде 132 елдің ішінде 81-орында тұр. Бұл өнеркәсіп саласын әлі де дамытып, техниканы нарықтық қолданыста жиілету керектігін аңғартады. Заман талабына сай жасанды интеллект технологиясын бәсекеге қабілетті етуге бір­қатар сұраққа жауап табу керек. Енді соған тоқталайық. Біріншіден, отан­дық роботтехниканы жасайтын маман бар ма? Елімізде жасанды интеллект саласындағы маңызды мәселенің бірі – білікті мамандардың же­тіспеушілігі. Осы салада тиімді іс атқаратын жұмыс күшін дамыту үшін көбірек мамандандырылған бағдарлама мен оқыту курсы қа­­жет. Өйткені білікті мамансыз жаңа әзірлемені жасап, оны қолд­ану мүмкін емес. Екіншіден, жасанды интеллектіні құрастыруға ғалымдарға жағдай жа­салған ба? Атаулы сала­ның то­лық дамуы үшін ресурс, ма­мандандырылған зертхана және техникалық қолдау керек. Бұл өз кезегінде мамандарға еркін жұмыс істеп, ойдағы идеяны жүзеге асыруға септігін тигізеді. Ғылымға құйылған қаржы – бо­лашаққа тартылған инвестиция. Үшіншіден, құпиялық пен деректер қауіпсіздігі мәселесін де ескерген жөн. Жасанды интеллект қоғамның барлық саласына ену арқылы жеке тұлғадан бас­тап, мемлекет туралы барлық деректі қамтиды. Егер бір функциядан қате кетсе, мәліметтер базасы бәріне қолжетімді болады. Ал ол кибершабуылдаушылар үшін таптырмас мүмкіндікке айналады. Сондықтан елдегі ки­берқылмыс өршімеуі үшін де­ректі қорғауды қатаңдату керек. Төртіншіден, этикалық және құқықтық мәселелер. Жасанды интеллектіні дамыту және енгізу этика мен заңдылық мәселелерін де туғызады.

Деректерді қорғау, алгоритмнің ашықтығы және жасанды интеллект жүйелері қабылдаған шешімдер үшін есеп беруді қоса алғанда, әртүрлі салаларда ЖИ пайдалануды реттеу үшін тиісті заңдар мен ережелерді әзірлеу қажеттігі де туындайды. Тіпті бұл бағытпен айналысатын ғалымдарды біріктіріп жобаларды жасау үшін арнайы басшылықтың керек екендігі де айтылып жүр. Ғалым Алтынбек Шәріпбайдың пікірінше, елімізде жасанды интеллект министрлігін ашу керек. Ол бүгінгі Ғылым және жоғары білім министрлігінен тәуелсіз мекеме болуы шарт екен. Жаңа министрлік арнайы команданың жұмыс барысын қадағалап, сапалы техникалардың пайда болуына мүмкіндік береді. Бұған дейін мұндай министрлік Біріккен Араб Әмірлігінде құрылған еді. 2017 жылы қалыптасқан мекеме AI-ға инвестиция салу арқылы үкіметтің тиімділігін арт­­тыруға және инновациялық, жоғары өнімді ортаны құруға ба­ғытталған. Сонымен еліміз жасанды интеллектіні дамыту мен енгізуде бірнеше қиындықпен бетпе-бет келеді. Бірақ атаған мәселелерді оңтайлы шешу жаңа мүм­кіндіктердің көзіне айна­луы мүмкін. Білікті кадрлар­ды дамытуға, сәйкес инфрақұ­ры­лымды құруға және жаңа техноло­гияларды ел өмірінің әртүрлі са­ласында сәтті пайдалану үшін ла­йық­ты стандарттарды дамытуға назар аудару қажет деп ойлаймын.

Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің студенті