Ең қысқа әңгіме • 10 Шілде, 2024

Келінге кеңес

91 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елдегі Есенбай ағай құрмалдық бермек. Қырық жылдан астам уақыт бойы ауылдың шаң-тозаңын жұтып, еңбек етті. Енді, міне, зейнет демалысына шықпақ. Бір күн ерте бардық. Құрмалдықтың дәмімен бірге, елге деген сағыныш тағат таптырмаған. Ағай дайындық қамында екен. Алыс-жақындағы тілектес, ниеттес қауымның басын қоспақ. Қыс бойы жемдеулі тұрған малын сойғалы жатыр. Жарты етін қаладан келген алушыға сатпақ. Өз айтуы­на қарағанда, құрмалдыққа жартысы да еркін жетпек. Қасапшы терісін сыпыруға дайындалғанда, қаладан келген аларман «жығылған жағы менікі» деп қолқалады. Бала кезімізде талай көрген сурет. Көпті көрген ақсақалдар соғымның жығылған жағына ұмтылатын. Біз мән бермеуші едік. Тірі малдың еті ауып кете қоймас деп ой­лайтынбыз. Сөйтсек, шынымен, жығыл­ған жақтың еті, қазысы тығыз болады екен.

Келінге кеңес

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әуелі қызыл қуырдаққа бас қойдық. Содан соң арнайы сыбаға. Бөтен ешкім жоқ, өзімізге қараған ағайын. Дариға жеңгем етті мүшелеп жатыр. Қолы қолына жұқпайды. Аузы да. Келінге кеңесті кестеледі-ай келіп.

– Мынау төс қазы, – деп қолына ұстап тұр, – арық малда етегі болмайды. Әр елдің салты басқа дегендей, төс қазыны кейде қара қабырға деп те айта береді. Сыйлы қонаққа тартуға жарамайды. Ең қадірлісі, қазы-қарта, жал-жая. Ертеректе он екі қазыны ішекке айналдыратын. Сонда алты қос қазы болады. Мынау – белдеме мен омыртқа, жаяның арасы. Бұл алтыға бөлінеді. Екі талдан төрт кіші қабырға тасты деп аталады. Қонақ көп болса, қазының орнына да жүре береді. Төменгі табақтарға тартуға әбден жарап жатыр. Мына мүшені көріп ал, бұл – бұғана. Еті сәл қаттылау болғанымен, сый­лы мүшенің санатында. Құдаға салады. Он екі омыртқа болады. Бұрынғы ыждағатты әжелеріміз омыртқаны ұнның арасына салып сақтайтын. Қазақтың бір-біріне өкпелегенде «үйіңнен бір омыртқа мүжіген жоқпын» дейтіні содан қалған.

Ілкіден үзілмей келе жатқан әдемі дәстүрді зейін қойып тыңдап отырдық. Жеңгеміздің жаяу жиналыста айтқан келінге кеңесі ұзап барады. Санның үш жілігі мен қолдың үш жілігін де көрсетті. Сандағы жіліктердің ортан жілік, асықты жілік, жамбас болып бөлінетінін көрсетіп берді. Ал қолдағы тоқбас, кәрі жілік, жауырын туралы да тәптіштеп түсін­дірді. Жауырынның жілік санатына кіретінін де ежіктеді.

– Жауырынды етті көбейту үшін салатын жанама мүше деуші еді ғой, – дедік біз.

– Иә,солай, – деді жеңгей біз жаққа мойын бұрмастан. Бар ықыласы келінге ауған, – қазының шетін телшік деп атайды. Телшікті ұшы мықын. Қарындардың бұл­дырмақсыз, тәттісін қара қарын, бұл­дырмағы барын жай қарын дейді. Мынау біреуі қолқа, құданың сыбағасы. Са­бағы жоқ жүрек қолқасы – балалардың несібесі.
Ертең құрмалдық бермек болып кү­пініп отырған ағай жарының жарты сағатқа созылған әдістемесіне риза пейілде:

– Осыны қағазыңа түсіріп алып, газетіңе жазсаңшы, – дейді. – Өзге келін­дер қиып алып, ас үйге іліп қойса, үйрен­гендеріне жақсы ғой.

– Жазайық, – дедік біз, – кәделі кеңесті қаперіне ілетін келін болса.

Көкшетау