Мәселе • 30 Тамыз, 2024

Жалған өнім көбейіп тұр

152 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық тұтынушылар лигасының басшысы Светлана Романовскаяның дерегінше, контрафактілік өнім көлемі жыл сайын 7-10 пайызға өседі. Бұл ретте балалар ойыншықтарының 70 пайыздан астамының шыққан жері белгісіз. Оның айтуынша, кәсіпкерлер бизнесті жүргізудің қандай нормалары мен стандарттары бар екенін өздері де білмейтін жағдайға дейін босаңсып кеткен. Сондай-ақ ЕАЭО шеңберінде құрамында никотин бар өнімдерге нақты талаптардың болмауына байланысты отандық нарық қорқор мен насыбай сияқты тыйым салынған, бірақ үлкен айналым мен сұранысқа байланысты «көлеңкелі» нарық санатына өткен контрафактілік электрондық темекіге толды.

Жалған өнім көбейіп тұр

Инфографиканы жасаған– Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Әділет министрлігінің аумақтық ор­гандары 2013-2022 жылдар ара­лы­ғында елдегі контрафактілік өнім ай­налымына қатысты 1,3 мыңнан ас­там тексеру жүргізді. Әкімшілік құ­қық бұзушылықтың 1,1 мыңнан ас­там жа­ғ­дайы анықталып, 81, 5 млн тең­ге айып­пұл салынды. Бірақ жасан­ды өнім ағынының беті бұдан қайтар емес.

Авторлық құқықты бұзушылар негізінен азық-түлік, косметика, алкогольді және алкогольсіз сусындар, шырындар мен минералды сулар, темекі өнімдері, тұрмыстық химия, автомобиль бөлшектері, майлау материалдары, дәрі-дәрмек пен ветеринарлық препараттар, электроника, балалар өнімдері мен ойыншықтар, зергерлік бұйымдар секілді танымал тауарларды шығару­ға үйір. Адам ағзасына онсыз да зиян алкоголь мен темекі өнімдерін алсақ, олардың жалған нұсқасы қауіп­ті одан бетер арттырады. Сол сияқ­ты алдамшы дәрі-дәрмек ауру­ды одан әрі ушықтырып жіберуі мүм­кін. Тұтынушылар құқығын қорғау жө­ніндегі ведомствоаралық кеңестің мәл­і­метінше, 2022 жылы ел азамат­тары тарапынан шағымдар саны оның алдындағы жылдың көрсет­кішімен салыстырғанда 140 пайызға жуықтаған. Бұл ретте байланыс, қоғамдық тамақтану және медицина салаларында шағым 3 есе өсіп отыр.

«Елде заңсыз, сондай-ақ сапасыз тауарлар ең көп таралған эко­но­миканың көптеген саласында заңнамалық реттеу нашар. Кей жағдайларда қарапайым ережелер немесе техникалық стандарттар жоқ екені анықталды. Мысалы, азық-түліктің тәуекелі мен зияндылығына түс белгісінің болмауы жосықсыз өндірушілердің пайдасына жұмыс істейді», дейді Светлана Романовская.

Сол сияқты көптеген зертханада тауар­ларды талдауға арналған тиісті жабдық жетіспейді. Қолжетім­ді сараптама, сапа мен қауіпсіздік­ті бағалау әдістемесі болмаған жерде қолдан жасалған өнім кедергі­сіз көбейері хақ. Қандай да бір азық-түлік сапасыз болып шықса, тұтыну­шы көбіне қалай әрекет етерін білмейді. Мұның бәрі халық денсау­лы­ғының нашарлауына және өмір сүру сапасының төмендеуіне ғана емес, сонымен қатар салық түсім­дері­нің азаюына, адал өндіруші­лер­дің брендтеріне деген сенімнің жоғалуына әкеледі.

Нормативтік стандарттар мен өндірістік нормаларға бағынбайтын контрафактілік тауарларға талдау жүргізе келе, елдегі белгілі үкіметтік емес ұйымдар сапасыз тауарлармен тиімді күресу үшін бірқатар шара қабылдау қажеттігі туралы кеңес береді. Олар контрафактілік өнімдер­ді өндірушілер мен таратушыларға қылмыстық жауаптылықты енгізуді, жасанды өнімге қарсы күрес жөнін­дегі мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуді, сондай-ақ жеке зертхана­ларға тұтынушылардың өтініші бойынша тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасына сынақтар жүргізуге мүмкіндік беруді ұсынып отыр. Қауіпті факторлардың зиянын азайту жөніндегі «Денсаулық» қауымдас­тығы мен Ұлттық тұтынушылар лигасы халық тұтынатын тауарлардың төрт тобы: азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар, теме­кі өнімдері, алкогольді және алко­голь­сіз сусындар бойынша контра­фак­тілік өнімдердің таралуына ауқымды зерттеу жүргізіп, ахуалды реттеу жөнінде өз ұсынымдарын әзірлеген.

Мамандар жосықсыз өндірушілер мен тасымалдаушыларды тоқтату үшін жазаны қатаңдату қажет деген пікір айтады. Қазір бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабына сәйкес 20-дан 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айқындалған. Авторлық құқықты бұзғаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға айыппұл түрінде жаза қарастырылған Қылмыстық кодекс контрафактіні тоқтата алады деп есептейді сарапшылар. Бірақ бізде мұндай мысал болмаған.

Біріншіден, мемлекеттік орган­дар­дың жұмысын оңтайлан­дыру және қажетті консультативтік және медициналық көмек көрсету жөнін­дегі уақтылы іс-қимылдар, сондай-ақ контрафактіні сату нүктелерін анықтау – жалған өніммен тиімді күрестің негізгі құрамдас бөлігі екенін атап өткен жөн. Екіншіден, өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына сынақтар жүргізуге қойылатын бірыңғай талаптар негізінде жеке зертханаларға тұтынушылардың өтініші бойынша зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беру қажет. Үшіншіден, қолда бар цифр­лық шешімдер жетілдірілсе, тұ­тыну­шы бөлшек саудадағы заңсыз конт­рафактілік темекі туралы жасы­рын түрде жедел шағым түсіре алады. Авторлар мектеп және жо­ғары оқу орындарында тұтыну­шылық білім беруді енгізу; зиянды­лық пішіні жоғарылаған өнімдерді (трансмайлар, қант, тұз және басқа) белгі­леу үшін тауарларды түсті (бағдар­шам) таңбалау; ерікті стандартты электрондық темекіге міндетті құжаттар санатына ауыстыру; күшті алкоголь өнімі жөнінде графикалық ескерту маңызды деп түйген.

Контрафактіге қарсы күрестің тағы бір маңызды бағыты – халыққа, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге жалған және сапасыз тауарларды тұты­нудың ықтимал қаупін жеткі­лікті түсіндіру. Бұл ретте жасанды өнімді анықтау бойынша халықтың білімін арттыру үшін ауқымды ақпа­раттық-ағарту науқандарын әзірлеп, жүзеге асыру қажет. Ең басты­сы, азаматтар жалған тауарды сатып ала отырып, өзіне де, айнала­сын­дағыларға аңдаусыз қауіп төндіре­тінін, оған қоса көлеңкелі нарықтың өсуіне жәрдемдесетінін түсінуге тиіс.