Қоғам • 05 Қыркүйек, 2024

Инклюзивті спорт лагері ерекше балаларға қуаныш сыйлады

31 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының инклюзия бағытындағы бірегей жобасы – «All Ability Camp» спорт-мотивация лагері биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден аса бала мен олардың ата-аналарын қабылдады. Қор жобаны екінші жыл қатарынан қолдап келеді. Биыл игілікті іс Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірге іске асырылды.

Инклюзивті спорт лагері ерекше балаларға қуаныш сыйлады

Осылайша, ерекше балалар мен жасөспірімдерді спортқа тартып, олардың қоғамға әлеуметтік бейімделуіне жәрдем көрсетіліп келеді. Мәселен, паралимпиадалық федерациялардың тәжірибелі жаттықтырушыларының жетекшілігімен бочча, жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі және т.б. бейімделген спорт түрлерімен таныстырып қана қоймай, тәжірибе жүзінде меңгеруіне сеп береді. Жобаның ерекшеліктерінің бірі – мүгедектігі бар балаларға ғана емес, олардың ата-аналарына да бағытталуы. Атап айтқанда, тренингтер мен семинарлар, белсенді демалыс ұйымдастыру арқылы олардың өмірге ынта-жігерін арттыру. Ата-аналармен жұмыс ерекше балалармен жұмыс істеудің негізгі арқауы саналады. Ұйымдастырылған сессиялар барысында ата-аналар тьютерлер мен еріктілердің сүйемелдеуімен сан алуан шығармашылық, танымдық, дамытатын іс-шаралармен, арт-терапиямен және музыкалық терапиямен қамтылды.

«Біздің ерекше жобамыз балалар мен ата-аналарды бір серпілтіп, болашақ өмірге дайындауға көмектеседі. Жалпы, қорымыздың қызметі инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған. Қазіргі уақытта қор компаниялары тобы атынан 42 оңалту орталығы ашылып, 23 қалада мыңнан аса бала айналысатын бейімделген спорт секциялары жұмыс істейді. Жақында инклюзия саласындағы 100-ден аса сарапшыны оқытуды аяқтадық. Сондай-ақ 180 мүмкіндігі шектеулі адам оқытудан өтіп, сұранысқа ие IT мамандықтарды меңгереді. Мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерін құруды жоспарлап отырмыз. Бұл жобалардың барлығы бірін-бірі толықтырып жатыр», деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Альфия Адиева.

Әр маусым сайын лагерьде танымал паралимпиадашылар, олардың арасында жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионы Айдана Сиязова және жүзуден параспортшы Иван Глазырин болып, жеке табыс оқиғалары арқылы қатысушыларды шабыттандырды. Лагерь аясында жасөспірімдер мен студенттерден құралған еріктілер ерекше жандарға қолғабыс жасады.

«Осындай ерекше лагерьге қатыс­қанымызға мың алғыс. Балалар мен ата-аналардың рухы көтеріліп қалды. Өйткені балаларымыздың көбі үйде отырады, ал осындай тысқары жерде өз қатарластарымен сырласып, спорт түрлерін меңгеруіне не жетсін? Мамандар кеңестерімен бөлісіп, ерекше балалардың психологиясы мен қажеттіліктері туралы тың ақпарат алдық. Мұндай лагерьлердің елімізде көптеп ашылғанын тілеймін», дейді Екібастұз қаласынан келген Айдана есімді ерекше қыздың анасы Қарлығаш Үсінова.

Инклюзивті спорт лагері тек демалыс орны ғана емес, мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалар өзінің физикалық әлеуетін дамытып, психологиялық кедергілерді жеңуге, өз қабілетіне деген сенімділікті табуға үйренді. Жоба әр бала өзінің ерекшеліктеріне қарамастан өсіп, дамып, алдағы болашағына арман құратын жарқын ортаға айналды. Ең маңыздысы да осы.

Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да 3 су арнасы жөндеуден өтеді

Аймақтар • 04 Қазан, 2024

Нарықта мұнай бағасы шарықтады

Экономика • 04 Қазан, 2024

Энергетикалық келешектің оңтайлы шешімі

Референдум 2024 • 04 Қазан, 2024

Терраса тақтасы

Ғылым • 04 Қазан, 2024