Сараптама • 23 Қазан, 2024

KASE «Мосбиржа» құпиясын аша ала ма?

214 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен аптаның соңында Қазақстан қор биржасы мен Мәскеу биржасы (МОЕХ) арасындағы ұзаққа созылған келіссөздердің соңғы нүктесі қойылды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлей­меновтің айтуынша, Мәскеу биржасын Қазақстан қор бир­жасы (KASE) акционерлерінің құрамынан шығару туралы тү­бе­гейлі шешімді қос тарап та (Қазақстан мен Ресей) қолдады.

KASE «Мосбиржа» құпиясын аша ала ма?

Сурет: inform.kz

МОЕХ-ті кімдер алмастырды?

Ал KASE өз тарапынан Ресей нарығымен өзара іс-қимылға қатысты алдағы қадам­дарды түсіндіретін рес­ми мәлімдеме таратуға уәде берген. Маусым айының соңын­да Мәскеу биржасына тие­сілі активтер 12 млрд тең­геге бағаланғаны айтыл­ған. Шілде айында акцио­нерлердің кезектен тыс жалпы жиналысының күн тәр­тібінде биржа акцияларын сатып алу кезінде олардың құнын айқындау әдістемесін өзгерту жайын талқылаған-ды. Алайда нақты бағасы туралы толыққанды ақпа­рат хабар­ланған жоқ. Эко­но­мистер сол кезде Ұлттық банк бұл мәселемен дер кезінде айна­лыспаса, мәміле 2-3 есе төмен бағамен аяқталуы мүмкін екенін ескерткен.

МОЕХ-тің АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқар­масы (OFAC), сондай-ақ оның еншілес ұйымдары – Ұлттық есеп айырысу депози­та­рийі­­­мен, Ұлттық клиринг ор­талығымен транзакция жүргізуге арналған лицензия­сы 2024 жылғы 12 қазанда аяқталуға тиіс еді. Жоғарыда айтып өткендей, АҚШ Қаржы министрлігінің санкциясына түскен Мәскеу биржасы кесімді уақыттан 1 күн бұрын KASE-ден шықты.

«МОЕХ өз акцияларының пакетін берген компанияны өз бетінше таңдады деген ақпараттар Ресей басылымдарында өткен аптаның басынан жариялана бастады. Көп ұзамай KASE акционер­лері­нің тізімінде «Мосбиржа» орнына екі ресейлік компания – «Тетис Кэпитал» мен «Баланс Эссет Менеджмент» пайда болды. KASE-дегі 8,5% үлес «Тетис Кэпиталға» өтті, «Баланс Эссет Менеджмент» KASE акцияларының 4,6%-ын еншіледі. «Тетис Кэпитал» «Нигелла» жабық пай­лық инвестициялық құрама қорын, ал «Баланс Эссет Ме­нед­­­ж­мент» «Левка» қорын басқарады. «Тетис Кэпитал» компаниясының бас директоры болып Александр Воронков тіркелді. Компанияның 98,2% акциясы сол Александр Воронковқа тиесілі. «Баланс Эссет Менеджментті Виталий Баланович басқарады. Бұл құрылымдардың екеуі де Ресейдің Ұлттық есеп айырысу депозитарийінде тіркелгенін анықтадық. Ұлттық банктің KASE капиталындағы үлесі өзгерген жоқ - 46,9%. 

 

Мәміленің мәні ашыла ма?

KASE басқарма төрағасы Алина Алдамберген журналистермен кездескен кезде МОЕХ акционерлер құрамына кірген 2 жаңа қатысушы­ға 13,1% үлесті қандай шарт­тармен сатқанын білмейтінін, мәміленің анық-қанығы белгісіз екенін, себебі сату Мәскеу биржасының құзы­ретінде болғанын айтты.

«Жаңа акционерлер акцио­нерлік қоғамның кез кел­ген акционері сияқты басқару органдарына өз кандидатура­ларын жариялауға немесе ұсынуға құқылы. Бұл ретте Қазақстан қор биржасында белгілі бір тәртіп бар. Бізде Мәскеу биржасының тех­нологиясының сауда жүйе­лерін пайдалану құқығы бар. Олар біздің нарықтың қажеттіліктеріне толық бейімделген. 12 маусымда оларға АҚШ пен басқа елдер санкция салды. Бұл қор биржасына тікелей әсер етпесе де, жанама әсер етуді жалғастырды. Келіссөздер нәтижесінде Мәскеу биржасы акционерлер құрамы­нан шығатыны туралы ке­лісімге қол жеткізілді. Үлес­ті кімге сатқаны Мәскеу бир­жасының құзырында. Көріп отырғанымыздай, олар – ин­вес­тициялық қорлары бар активтерді басқарушы екі компания. Осыған байланыс­ты, біз заң талаптары аясында аталған акционерлермен хабарласып, қатысы бар әрі байланысты тұлғалар туралы ақпаратты ұсынуды сұраймыз. Қазақстан заңнамасына сәйкес бұл ақпаратты ашу міндетті саналады», деді ол.

Ресей заңнамасына сәй­кес, жабық пай қорлары үлес­­­тік меншік негізінде қор­дағы мүлікті иеленетін ак­цио­нерлерін жариялауға міндетті емес. Инвестициялық пай қорлары жағдайында үлестес болу мен қосылу акциялардың иелері негізінде емес, оларды басқаратын бас­қарушы компания тұрғы­сынан қарастырылады.

KASE басшысы 2023 жылға бұрынғы акционерге дивиденд төлеу туралы мәселеге де түсінік берді. «Осы жылдың мамыр айында төлеу туралы шешім қабылданды. Мәскеу биржасы акционер ретінде заңнамада белгіленген мерзімде өз дивидендін алды», деп нақтылады.

 

Бізге санкция салқыны тие ме, тимей ме?

Тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаев KASE-нің бұл шеші­мін оң бағалайды. Бірақ алда­ғы уақытта нақтылап ала­тын мәселе өте көп. Акция­лар­ды не KASE-нің өзі, не үшін­ші бір тұлға KASE-нің мақұл­дауымен сатып алуы мүмкін.

«Санкцияға ілініп қалған компания кез келген ортаның инвестициялық климатына кері әсер етеді. Онымен байланыста болғандардың қаржы­сы әлемнің кез келген елінде бұғатталып қалуы мүмкін. Қазақстан тарапы осы шешім арқылы өзге акционерлер­дің жолын тазалап алды. Енді акционерлер клирингтік операцияларын алаңсыз жүргізе береді. Қазақстан қор биржасы үшін тиімді тұсы осы. Мұның тиімсіз тұсы да бар. Мәскеу биржасының акция­ларын ресейлік компа­ния­ларға құпия жағдайда сатуы күмән тудыруы мүм­кін. OFAC Ресейге қатысы бар ком­па­ниялардың бәрін бақылап отыр. Жаңа акционерлердің санкцияға ілінбей қалмасына ешкім кепілдік бермейді. Бұл жерде мәселе меншік иесінің акциясының қанша пайызы емес, оның қай елге тиесілі екеніне байланысты. KASE-нің басты акционері Ұлттық банк алдағы уақытта акционерлерге қатысты ойын ережесіне өзгерістер енгізуі мүмкін», дейді Айбар Олжаев.

Мәскеу биржасы KASE үлесіне 4 жыл бұрын кірді. Ресейлік сауда алаңы пакеттің бірінші бөлігін (3,3%) 2020 жылдың басында алды. Жыл соңында оны 13,1%-ға дейін арттырды. Сарапшылардың сөзінше, Мәскеу биржасы KASE акционерлері қатарына Еуразия экономика одағына мүше елдердің бірыңғай биржа кеңістігін құру мақсатымен қосылған.

Қаржыгер Ерлан Ибрагим­нің пікірінше, KASE АҚШ санк­циясына ұшыраған МОЕХ-пен өз акцияларын са­тып алу мүмкіндігі туралы келіс­сөз жүргізуге мүдделі болды.

«Биржа құрамында санк­цияға ұшыраған елдің ак­ционер­лерінің болуы KASE-нің де, «KASE клирингтік орталығының» да шетелдік қаржы ұйымдарымен, әріп­тес­терімен іскерлік қарым-қатынасын шектейді. Мәскеу биржасы акционер қатарына кірген екі компания арқылы KASE-дегі позициясын алдағы уақытта да жалғастыра бергісі келетіні белгілі. Бұл – нарық заңы, саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Ресейліктердің үлесі қомақты болғанмен, соңғы шешімге әсер ете алмайды. Ұлттық инвесторлар ішкі нарықта белсенді болса, түпкі нәтиже біздің пайдамызға шешіледі деп үміттенемін», дейді Е.Ибрагим.

 

АЛМАТЫ