Digital • 29 Қазан, 2024

Ауқымды мультилокациялық хакатон

75 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында елордада әлемдегі ең ірі мультилокациялық хакатон – «Decentrathon 2.0» ашылуына арналған іс-шара өтті. Сыйлық қоры 50 000 долларды құрайтын оны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен «Blockchain & AI Technology Center» (BAITC) «Astana Hub»-пен бірлесіп өткізді.

Ауқымды мультилокациялық хакатон

Мазмұнды іс-шара барысында еліміздің 17 өңірінен келген 2500-ден астам қатысу­шы жасанды интеллект, блокчейн, ойындарды әзірлеу және «Telegram mini-apps» секілді негізгі технологиялық бағыт­тарға арналған иннова­циялық әзірлемелерін ұсынды. Бір жағы­нан, мұндай жиын еліміздің озық технологиялар саласын­да­­ғы аймақтық көшбасшы ре­тіндегі ұстанымын нығайта түседі. Сондай-ақ бұл – еліміздің жа­санды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы аясында іске асатын «Generative Nation» қоз­ғалысының бір бөлігі. Соның шеңберінде жасанды зерде технологияларын одан әрі дамытатын «AI Movement» бастамасы жүзеге асып отыр.

Былтырғы іс-шараға 12 өңір­ден 1500-ден аса қатысушы келіп, үлкен табысқа қол жеткізген еді. Бұл отандық әзірлеушілердің зор әлеуетін көрсетті. Биыл оның аясы кеңейіп, барлық 17 өңірді қамтыды.

Салтанатты іс-шараның ашы­­­луында Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллектіні да­мыту аясында іске асып жат­қан бастамалар туралы айтты.

«Generative Nation» қозға­лы­сы бүкіл елді қамтитын AI-транс­формацияны іске асыруға бағытталған. Бұған әр өңірдің қатысуы маңызды. Сондай-ақ «Decentrathon» – еліміздің барлық аймағын қосатын алғашқы IT іс-шара. Бұл – жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар сала­сындағы еліміздің көш­бас­шы­лығын нығайтуға жасал­ған қадам», деді ол.

Сонымен қатар іс-шара аясында аталған министрлік «Blockchain and AI Technology Center-пен» бірлесіп «Decen­trathon-ға» қаты­сатын инженерлер мен еліміздің IT түлектеріне арналған төрт апталық тегін «AI-driven» маңсап буткемпін іске қосатынын жариялады. Онда практикалық шеберлік сыныптар мен жетекші технологиялық компания өкіл­де­рімен кездесулер өтіп, қатысу­шы­лар қандай дағдыларды дамыту керектігін үйренеді. Бір сөз­бен айтқанда, осындай іс-шара елі­міз­дің технологиялық өнді­ріс са­ла­сындағы адами капитал­ды айтар­лық­тай нығайтуға көмектеседі.