Құқық • 12 Қараша, 2024

Жазаланғандардың да құқы қорғалуы керек

55 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Жанат Жұмабаев өз жұмыстары жөнінде жан-жақты мағлұмат берді.

Жазаланғандардың да құқы қорғалуы керек

Сурет: quasa.io

Атқарылған жұмыстар қатарында адамды азаптаудың әрі ар-на­мысты қорлайтын басқа да әре­кеттердің алдын алу жөнінде шаралар аталды. Өтініштер мен шағымдарды қараудың қорытындысына сәйкес, мем­лекеттік органдарға, лауазымды адамдарға құқық бұзу­шы­лықтың алдын алу және адам құқықтары мен бос­тан­дықтарын қалпына келтіру бо­­йынша ұсынымдар беріліпті. 2024 жылы қылмыстық-атқару жүйе­сі мекемелеріне барған кезде 103 сотталған азаматпен кез­де­сіп, 87 жеке қабылдау өткізі­ліпті.

«Сотталғандардың құқығы мен оларды ұстау шарттарының сақталуын мониторингтеу мақсатында қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне үнемі барып тұрамын. Назар аударатын негізгі аспектінің бірі – бейнебақылауды қолдану­дың тиімділігі. Сапарлар кезінде бей­не­камералармен 100% жа­рақ­­­­тандыру бар ма, бұл жүйе қалай жұмыс істейді, бей­не­ка­мералардың жазбалары про­­­ку­ратураға және қылмыс­тық-атқару жүйесі комитетіне тікелей түсе ме, қылмыс (азаптау) жасаған адамдардың қыл­­­мыстық жауаптылықтан құ­тыла алмауы үшін шаралар қам­тамасыз етілді ме? Осын­дай мәселелерді назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Қазір барлық колонияда шағым беру үшін электронды терминалдар орнатылған. Қамаудағы адамдар соттар мен қадағалау органдарына тікелей жүгіне алады, бұл түрме әкімшілігінің цензурасын болдырмайды. Қамау орындарындағы адамдар ноқатты бірнеше рет басып қана бас прокуратураға, ІІМ-ге жүгінуге мүмкіндік беретін жеңілдетілген жүйемен қамта­масыз етілген. Сондай-ақ қамау­дағы адам өзінің про­цес­суал­дық мәселелері бойын­ша сот органдарына үндеу жа­за ала­ды. Бұл терминалдар қа­мау­дағы адамдардың қолы же­тетін жерлер – асханаларда, кітап­ха­наларда, жатын бөл­ме­лерде орналасқан», деді Ж.Жұмабаев.

Омбудсмен шағым берушіге заң аясында өзін қорғау үшін пай­далана алатын құқықтық тә­сіл­­дер мен құралдарды түсін­діреді. Нәтижесінде, құзыретті орган­дарға мән-жайларды тексеру туралы хаттар жіберілетін көрі­неді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесі барлық өтінішті қабылдайды. Көбіне шағым­данушылар тергеу орган­да­ры­ның әрекетсіздігіне, сот акті­лерімен келіспеушілікке, сот­тал­ғандардың құқықтары­ның бұзылуына арызданады. Бұған қоса әлеуметтік қам­сыздандыру, денсаулық сақтау және еңбек құқық­тарын бұзу, мүгедек адам­дар­дың құқықтарын бұзу сияқты мәсе­лелерге қатысты өтініштер көп түседі екен.

«Азаптау немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын басқа да қатыгез әрекеттер туралы хабар­ламалар түскен кезде меке­мелерге, оның ішінде ұлттық алдын алу тетігінің қаты­­­­су­шы­ларына дереу барамыз. Шағымдар маз­мұ­нына қарай тергеу үшін прокура­тура орган­дарына жіберіледі», деді Омбудсмен өкілі.

Елімізде 2014 жылдан бері Адам құқықтары жөнін­дегі уәкіл­дің басшылығымен «Омбудс­мен+» моделіне негіз­делген азаптау мен қаты­гез­діктің алдын алу жө­ніндегі Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) жұмыс істейді. Бұл 2019 жыл­дың сәуіріндегі заңмен арнайы әлеуметтік қызметтерді, соның ішін­де балаларға арналған арнайы ме­ке­мелерді қамту үшін кеңейтілген.

 

Солтүстік Қазақстан облысы