Суат Әуезбекұлы – қазақ мәдениеті тарихындағы жарқын да дара тұлғалардың бірі. Әншінің ғажайып дауысын тыңдағандар оны ұлттық ән өнеріміздегі қайталанбас құбылыс деп санайды. Ол тұңғыш рет қазақтың халық әндерін ғылыми тұрғыда зерттеп, ғажап дауысымен бүгінге жеткізді.
Әнші 1929 жылы 4 қарашада Павлодар облысы Баянауыл ауданының Қызылтау өңірінде дүниеге келген. Әкесі Әуезбек сері адам болған, домбырда ойнап, ән салған. Баласының ән айту өнеріндегі алғашқы ұстазы да әкесі. Кішкентай жасынан ән мен жырдың ортасында өскен ол, ес біле бастағаннан ән салуға құмартады. Балаларын жанындай жақсы көрген әке олардың білім алуына, өнерден құр қалмауына атсалысып, Кереку қаласына көшіп келеді. Балалары Қуат пен Суат Абай атындағы №10 қазақ орта мектебінде білім алумен қатар, мерекелік шарларға белсене қатысып жүреді. Суат Әуезбекұлы он бір жасында әйгілі әнші, халық композиторы, ақын Мұзафар Әлімбаевпен бірге ел аралап, халық алдында өнер көрсеткен. Сол жылдары әйгілі әншіден алған әсерлері оның болашағына әсер етпей қоймағаны белгілі. Естайдың әндерін өз аузынан естіп, кейін репертуарына енгізеді.
Балаларының өнерін әрі қарай дамыту мақсатымен әкесі Әуезбек 1944 жылы Алматы қаласына қоныс аударады. Бұл кезде Алматыда аты әлемге әйгілі кинорежиссер Шәкен Айманов өнер саласында қызмет жасап жүрген кезі еді. Жас әнші Суат Әуезбекұлы Шәкен Аймановтан өзі естімеген көптеген халық әнін үйренеді. Солардың ішінде «Екі жирен», «Жеңеше» сынды халық әндері әншінің сүйіп айтатын туындыларының бірі болған. Өнерге құштар ағайынды Қуат пен Суат Әбусейітовтер Алматыдағы актерлер дайындайтын киномектепке түсіп, оны 1947 жылы аяқтайды. Суат Әуезбекұлы ән асуына қадам бастап, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның вокалды ән факультетіне оқуға түсіп, 1952 жылы тәмамдайды. Консерваторияда оқып жүріп, «Қазақфильм» студиясында «Бұл шұғылада болған еді», «Біз мұнда тұрамыз», «Найзатас баурайында», тағы басқа көптеген толық метражды фильмге түседі. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрімен Болгария, Моңғолия, Чехославакия, Германия, басқа да көптеген шетелде концерттік сапармен өнер көрсетіп, қазақ әндерінің әуезділігін өзге жұрттардың тыңдаушыларына жеткізе білді.
1955–1963 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік академиялық ән-би ансамблінде әнші-вокалист, 1963 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін Қазақ теледидары мен радиосының эстрадалық-симфониялық оркестрінде әнші болып қызмет атқарды. 40 жылдан астам еңбек жолында қазақ радиосының алтын қорына екі жарым мыңдай ән, романс, ария жазып қалдырды.
1957 жылы Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің Бүкілодақтық фестивалінде халық әндерін үздік орындағаны үшін І дәрежелі диплом алып, фестиваль лауреаты атанды. Әншінің қазақ ән өнеріне сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді. Ал 1959 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Әнші орындаған композитор Ә.Еспаевтың «Шофер келді қырманға», «Үйлену кешінде», Н.Тілендиевтің «Алатау», «Баянауыл вальсі», С.Мұхамеджановтың «Тербеледі тың дала», тағы басқа көптеген әні халық жүрегінен орын алды.
Әнші сондай-ақ көптеген орыс классигінің әндерін, романстарын жоғары дәрежеде шебер орындаған. 1968 жылы Ереванда және 1971 жылы Ташкентте өткен өнер декадасына қатысып, өзінің ғажайып үнімен таңғалдырған. Әншілікпен қатар композитор ретінде де халыққа белгілі. 1981 жылы «Қазақстанның халық әртісі атағы» берілді. Суат Әуезбекұлы орындауындағы көптеген ән ешбір әншіге ұқсамайтын бояуымен есте мәңгі қалды.
Сәуле Арынғазина,
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері