Еңбек • 09 Қаңтар, 2025

Еңбек еткеннің еңсесі биік

65 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тасы өрге домалап тұрған «Жайсаң» шаруа қожалығы өз ісін бастағанда үлесіндегі жер телімі тоқымдай ғана еді. Ақ адал еңбегінің арқасында қор жинап, игілігі елге ортақ болып тұр.

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Суретті түсірген – Қайрат ҚАЗИАҚПАРОВ

Шаруа қожалығының бас­шысы Ербатыр Бекқожин бар­лық ауыл балалары тәріз­ді шаруаның қыр-сырын қабыр­ғасы қатып, буыны бекімей жа­тып-ақ көзі­мен көріп, санасы­мен түйс­ініп өс­ті. Орта мек­тепті аяқ­таған соң Шағала­лы ауыл шаруашы­лығы техникумына оқуға түсіп, агроном мамандығын алды. Мәлік Ғабдуллин атындағы кеңшардың Серафимовка бөлімшесінің трак­тор-егіс бригадасында агро­ном-есепші болып еңбек етті. Дархан даланың тынысын сергек көңіліне түйгені де осы жер.

Тоқсаныншы жылдардың соңында ел нарықтық қатынасқа көшіп, жаңа заман өз заңдылықтарын әкеліп жатқан тұста шаруа қожалығын құруға ұйғарған.

– Нартәуекел етпеске болмайтын көрінді, – дейді кейіпкеріміз, – тұс-тұста жаңа жосықпен шаруасын ұйымдастыратын құрылымдар ашыла бастады. Қазір ойласам, біздікі жүрек жұтқандық тәрізді. Жұмысты бастап кететін қаражат қоры да, материалдық-техникалық база да жоқ. Отбасының пешенесіне 50 гектар егістік және 25 гектар жайылымдық жер тиді. Біздің өңір үшін бұл көлем өте аз. 5-10 мың гектар алқапты игеріп жатқан алпауыт шаруашылықтардың жанында теңіздің тамшысындай ғана дүние. Әйтсе де үміт мықты еді. Күн сайын оң-солымды есептеп, бар мүмкіндігімді таразы басына тартып, болашаққа жоспар құрамын. Жол-жөнекей кездескен кедергіні бұзып-жарып өтетініме сенімдімін. Техникадан сау тамтығы қалмаған, бір күн жүрсе, екі күн тұрып қалатын ескі «Енисей» комбайны, тозығы жеткен МТЗ-80 тракторы ғана болды. Кейін кеңшардан еңбекақымыздың есебіне ДТ-75 тракторын алдық. Ол да күркілдеп, өз денесін өзі әзер сүйреп жүрген көнетоз техника. Міне, осылай бастадық.

Шаруа қожалығы басшысының айтуына қарағанда, әуелі арпа мен бидай еккен. Дала сырын жақсы білетін агроном-есепші жер өңдеуге айрықша мән берген. Ыждаһатты істің арқасында гектар берекесі 12 центнерден төмендеп көрмепті. Қуаңшылық жылдардың өзінде бұдан төмен өнім алған емес. Кей жылдары гектар берекесі 30 центнерге дейін жеткен. Осылайша, шағын шаруашылықтың қуаты біртіндеп арта берген. Бар қарызынан құтылған, азын-аулақ тиын-тебеннің басын құрап, материалдық-техникалық базаны нығайтуға ұмтылған.

– Қазір 3 «Вектор» комбайны, «Морис» астық себу кешені, «Бюлер» тракторы бар. Оған қоса, 4 егін себетін агрегатпен жабдықталған К-700 тракторы, 4 МТЗ-82 тракторы, 2 ЮТО қытай тракторы, мал азығын дайындайтын агрегат алдық, – дейді шаруашылық басшысы.

Әуелде небәрі 50 гектардан басталған егістік алқаптың көлемі бүгінде 2 400 гектарға жеткен. Алқапта диқанның маңдай терімен өскен ақық дән түгел құт қамбасына құйылды. Өнімін өткізіп, шаруашылықта жер үлесі бар отыздан аса тұрғынға үлесін төледі. Тағы бір айта кетерлігі, шаруашылық ауыл тұрғындарымен өз қалаулары бойынша есеп айырысады. Мал азығы қажет пе, әлде қолма-қол ақша аласыз ба, қалауыңыз білсін. Мал азығын ешкімді әуре-сарсаңға түсірмей өздері жеткізіп, үйіп береді.

– Кадр мәселесі өте қиын болып тұр, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – жалғыз бізде ғана емес, барлық жерде солай. Кешегі кеңес заманында еселі еңбегімен ел мерейін үстем еткен аға буын зейнетке шығып кетті. Орнын басар ізбасарларды уақытында дайындай алмадық. Меніңше, өтпелі кезеңнің өкпек желі ұйытқи соғып тұрған кезде механизаторларға дұрыс жалақы төленбеді. Оның үстіне, жұмыс көктемде бір, күзде екі ғана бар, қалған уақытта табыссыз, қол қусырып қарап отырады. Мен өз жұмысшыларыма жұмыс істемеген айларға да жалақы төлеймін. Оларға да күнкөріс керек қой.

Ел ағасы Еркеш Әленовтің айтуынша, жер нәпақасын көріп отырғаннан кейін серіктестіктер мал шаруашылығына да мән бергені ләзім.

– Тәжірибеден көріп тұрғанымыздай, бақылау болмағандықтан, үлкен шаруа­шылықтар көктемде егіп, күзде ырыз­дығын жинап алған соң анау ауылдың тұрғындары қалай күн көріп жатыр деп бастарын ауырт­­­­пайды. Серіктестіктер жер көлеміне сәйкес мал бағуға міндеттелсе, ауыл­­­да жаңа жұмыс орындары пайда болар еді. Біреу мал бағады, біреу са­уыншы болады. Тұрақты табыс табады. Осындай жүйе ауылды сақтап қалуға әсер етеді. Екінші жағынан азық-түлік молшылығын жасауға да үлес қосар еді. Қазір егін егілмейтін алқап жоқ. Өңірдегі елді мекендердің іргесінде дән егіліп жатыр. Міне, ауылды көтеретін, ауыл адамдарына тұрақты табыс беретін жол осы. Осы жұмыс оңынан ұйымдастырылса, мал өнімдерін өңдеу қолға алынса, іс оң жолға қойылар еді.

«Жайсаң» шаруа қожалығы мал шаруа­шылығымен де айналысады. Бұрынғы қаңырап қалған мал қораларын сатып алып, етті бағыттағы герефорд сиырларын әкелген. Малды өз төлі есебінен көбейтпек. Жергілікті жерде жерсінген, тиімділігі көзге ұрып тұрған асыл тұқымды малдың төлдерін де сатады. Жүзге жуық жылқы бағылып жатыр.

Мал шаруашылығын ұйымдастыру ауыл тұрғындарына да тиімді болып отыр. Жергілікті алты тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған, ай сайын 150 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Барлық жұмыс автоматтандырылған. Ауыл шаруашылығында дұрыс ойлас­­тырылмаған кейбір мәселе де бар екен. Мәселен, мал соятын арнайы орындар жайы. Ауданда осындай 12 орын салынғанымен, соятын малдың аз болуы себепті, қаңтарылып бос тұр. Мемлекеттің қыруар қаржысын босқа жұмсағанша, алдымен төрт түлік малдың басын көбейтуге мән берілгені жөн-ау.

Шаруашылықты жұмыс істейтін еңбек адамдарының жағдайы да ойлас­тырылған. Асхана салып, арнайы аспаз алған.

– Осы елдің перзенті болғандықтан, шағын ауылдың шырайын келтірсек пе деп, қарекет етіп жатырмыз, – дейді Ербатыр Бекқожин, – аудан орта­­лы­­ғын­дағы орталық мешітке, Көкшетау қа­ла­сындағы медресеге қол ұшын бере­міз. Жергілікті атқарушы органмен өзара келісім жасалған. Бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі шеңберіндегі міндеттемелерді мұқият орындаймыз. Азаматтық парыз деген де бар. Ауыл арасындағы автокөлік жолын қысы-жазы күтіп ұстауға көмектесіп жатырмыз. Тұрғындар тұрақтап қалуы үшін, ең алдымен оларға әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау керек. Ата-аналар ба­­уыр еті балаларының келешегін ойлайды. Ауыл балалары Зерендідегі мек­тептерге қатынап оқиды. Аудан орта­лығында қазақ, орыс және аралас мектеп бар. Ауыл балалары әртүрлі мектепте оқитындықтан, тасымал кезінде қиындық туындайды. Былай қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін осындай келеңсіздіктер ел ішінде өкпе-наздың туындауына себеп болып жатады, – дейді.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы