Денсаулық • 21 Қаңтар, 2025

Обыр оңдырмай тұр

87 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян халқының 1,8 пайызы қатерлі ісік бойынша диспансерлік есепте тұр. Өңірде онкологиялық ауруларға 13 778 адам шалдыққан. Ал қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім рейтингінде еліміздің аймақтары арасында үшінші орынға шыққан.

Обыр оңдырмай тұр

Өңірде өткен жылы қатерлі ісіктің 2 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның ішінде сүт безі обыры, колоректальды обыр, өкпенің қатерлі ісігі, асқазанның қатерлі ісігі, жатыр мойны обыры жиі тіркеледі. Өңір қатерлі ісікке шалдыққандардың саны жөнінен республикада алдыңғы қатардан түспей тұр.

– Өткен жылы Павлодар об­­лы­сында қатерлі ісіктердің 2 200 жаңа жағдайы анықталды. Ал­дағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір төмен. Де­ген­мен науқастардың жалпы саны азайған жоқ. 123 316 адам скринингтен өтіп, оның 137-сінде обыр анықталды. Сүт безі обырына 98, жатыр мойны қатерлі ісігіне жаңадан 18 әйел шалдыққан. Колоректаль­ды қатерлі ісік скринингі бойын­ша 53 332 скринингтік зерт­теулер жүргізіліп, 21 қатерлі ісік анықталды. 2023 жылы қатерлі ісіктен 746 адам, 2024 жылы 678 адам қайтыс болды, – дейді облыстық онкологиялық диспансер директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Әсел Асқарова.

Атап өту керек, «Павло­дар облыстық онкологиялық дис­пан­сері» КМК қажетті жабдықтар­мен жарақтандырылған, бі­лік­ті ­онколог дәрігерлер топ­тас­қан өңірдегі жалғыз мамандан­ды­рылған онкологиялық мекеме. Диспансердің 2019 жылы ашыл­ған жаңа ғимаратында радиация­лық бөлімше, эндоскопиялық бө­лімше, екі зертхана, 200 төсек­тік орындық стационардың жеке корпусы, ультрадыбыстық диаг­ностика бөлімшесі, заманауи операциялық, реанимациялық блок, морфологиялық зертха­на­сы бар патологиялық-анатомия­лық бөлімше, интервенциялық жоғары технологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған бункерлері бар радиологиялық корпус орналасқан. Емхана бөлімшесінің ауысымына 100 адамды қабылдауға арналған жеке ғимараты бар. Заманауи КТ, МРТ аппараттарымен қоса, «Varian Medical Systems» КТ-симуляторлы желілік үдеткішпен жабдықталған. Осындай заманауи мүмкіндіктердің арқасын­да ауруды ерте сатысында анық­тау, емдеу мүмкін болып отыр. Мекемеде өткен жылы 8 510 пациент емделді. Оның ішінде 5 195 адам тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда, 3 315 пациент күндізгі стационарда ем алып шықты.

– Кейінгі онжылдықта пациенттерге қолжетімді онко­ло­гия­лық емдеу әдістерін таң­дау айтарлықтай кеңейді. Халық­ара­лық стандарттарға сәйкес ра­ди­калды хирургиялық емдеу, радиологиялық емдеу, химиотерапия, таргент, иммунотерапия сияқты онкологиялық ауруларды заманауи мамандандырыл­ған емдеудің барлық түрін жүр­гіземіз. Білікті медицина­лық персонал өзінің кәсіби даярлы­ғын арттыру бағытында үнемі жұ­мыс істейді, бұл диагностика мен ­емдеуде заманауи тәсілдер­ді тиімді қолдануға мүмкіндік бе­ріп отыр, – дейді Ә.Асқарова.

Емдеудің сәттілігі көбіне анық­талған аурудың сатысына, нау­қастың жасына, қатар жү­ретін ауруларға, өзге де жеке фак­торларға тәуелді екенін ескеру ма­ңызды. Онкологтердің ай­туынша, ерте сатыдағы қатерлі ісік 80-90% жағдайда толық ем­деледі екен. Сондықтан ерте диаг­ностиканы онкологиялық аурулармен күресудің негізгі кезеңі деп қабылдаған абзал.

– Онкологиялық ауруларды сырқаттың ерте сатысында емдеу әлдеқайда жеңіл. Қатерлі ісікті ер­те анықтау кезеңдерінің бірі – скринингтік бағдарламалардан өту, АПВ вакцинациясын жүргізу. Елімізде жатыр мойны обыры әйелдердегі онкопатология арасында екінші, барлық неопла­зиялар арасында бесінші орын­да тұр. Қазіргі уақытта АПВ вакцинациясын, скрининг арқылы қай­талама профилактиканы қол­дана отырып, бастапқы профилактика арқылы жатыр мойны обырын бақылаудың тиімді әрі дәлелденген әдістері бар. Қалған қатерлі ісіктер белгілеріне сүйене отырып анықталады, – деді Әсел Тоқмағамбетқызы.

Бүгінде елімізде қатерлі ісік­тердің үш скринингі бар: жа­тыр мойны обыры, сүт безі обыры, колоректальды обыр. Скри­нингтен өту тегін. Одан өту үшін тұрғылықты, тіркелген жері бо­йынша емханаға жүгіну қажет.

Денсаулық сақтау кодексінің талаптарына сәйкес азамат­тар өмір жасының әр кезеңінде әр­түрлі дертті ерте анықтау мақса­тында скринингке шақырыла­ды. Бұл тексеру – ауруды алдын ала анықтап, оңтайлы емдеу әді­сін таңдауға, уақтылы ем-дом қа­былдауға көмек. Сонымен қатар об­лыстық диспансерде ай сайын «Ашық есік» күндері өткізі­ліп, мамандар келушілерге түрлі консультация береді. Осыны пайдаланып, тұрғындар денсаулығын күтудің, сырқаттың алдын алудың жолдарын іздестіргені абзал.

 

Павлодар облысы