
Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, академик Серік Сейдуманов жиынның кіріспе сөзін Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатынан бастады.
«Президент сұхбатында Әділетті Қазақстанның бірқатар идеологиялық басымдығына мән беріп, оның бірі мемлекет пен қоғамның бірлігін нығайту екенін атап өтті. Бұл басымдық қоғамды дамытуда маңызды қадам әрі діни-мәдени фактор ғылыми қауымдастық алдында заманауи құндылықтар деңгейінде жасампаз рөлге ие. «Әділетті Қазақстан» концептуалды идея ретінде қоғамның бірлігіне бағытталып, құқықтық мемлекет ұстанымдарына негізделіп отыр. Дін азаматтық сананың маңызды бөлігі ретінде қоғамға жан-жақты ықпал етеді десек, діннің әлеуетін, интеграциялық, коммуникациялық функцияларын тиімді пайдалану маңызды. Жаһандану трансформациясында және қоғамның жаңа ақпараттық технологияларға қызығушылығы артқан кезеңде діни құндылықтарды дін атын жамылған деструктивті идеологияда, құқық бұзушылықтың басқа да түрлеріне профилактика жүргізуде қатаң ескеру қажет», деді ол.
Бүгінде елімізде 18 конфессияны қамитын 3 мыңнан астам діни бірлестік тіркелген. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Дулат Ибрагимовтің айтуынша, қазіргі таңда Алматыда орналасқан 17 конфессия өкілімен тығыз жұмыс істеліп жатыр. Басқарма жанынан құрылған діни бірлестіктер көшбасшылары клубы конфессияаралық татулықты нығайтуды мақсат етіп келеді.
Қоғамды ізгілікке, жастарды отансүйгіштікке, құндылықтарды құрметтеуге үндейтін, дінаралық диалог, мәдени-танымдық жобалар бар.
Конференцияда Орталық Азиядағы, әлемдегі діни тұрақтылық мәселесіне назар аударылды. Академик Р.Алшанов, институттың бас ғылыми қызметкері, ҰҒА академигі Н.Сейдахметова, философия ғылымдарының докторы С.Нұрмұратов, жиын тізгінін ұстаған институттың бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы Б.Сатершинов, Сүлейман Демирел университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Қ.Бағашаров және басқа ғалымдар ислам дискурсы, мәдени-рухани құндылықтар, конфессия және мәдениетаралық келісімді нығайтудағы діннің рөліне қатысты зерттеулерімен бөлісті.
Аталған институттың бас ғылыми қызметкері, PhD Алмасбек Шағырбай әлеуметтік зерттеулер барысына тоқталып, қазіргі кезде жастардың 50 пайыздан астамы діни сауал туындағанда оның жауабын әлеуметтік желілерден іздейтіндігіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, жауап беруші кім, оның кәсіби құзыреті қаншалықты кеңес беруге лайықты екені анық емес. Тексерілмеген ақпараттардың салдарынан жастардың қателесуі, теріс ағымдар жетегінде кетуі қалыпты құбылысқа айналып барады. «Тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде діни институттар сандық және сапалық тұрғыдан өсті. Діни бірлестіктер көбейіп, рухани дәстүрлер жаңғырып жатыр. Кейбір белсенді уағызшылар айтып жүргендей емес, Құран іліміндегі ғылым туралы хадистерді қоғамның игілігіне бағыттау, ұлт зиялыларының ізгілікке шақырған еңбектерін пайдалану қазіргі қалыптасқан қасаң қағидалардан арылуға ықпал етеді. Жастарды білім, ғылымға, жаңа технологияларға баулу – бүгінгі күннің талабы», дейді сарапшы.
«Қазіргі қоғамда дін тек құлшылық кейпінде ғана қалыптасып барады. Дінді көп жағдайда садақа беру, намаз оқу, орамал тағу, сақал қоюмен ғана шектейтіндер баршылық. Егер біз елді өркениетке бастаймыз десек, дінді ғылыми, мәдениет және елдер арасындағы қарым-қатынасты реттеу құралы тұрғысынан қарау маңызды. Қазіргі қоғамда құлшылық кейпінде ғана қалыптасып барады», дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, PhD Мырзахмет Жүзей. Оның айтуынша, әлеуметтік желі – жастар ең көп ақпарат алатын ауқымды платформа. Салдарынан жастар діни ұйымдардың жетегінде, әлеуметтік желінің ықпалында кетіп жатыр. Өйткені тұрақты және болашаққа бағытталған, жастарға арналған идеялар қолжетімсіз. Өкінішке қарай, енді ата-әже институтын дамытуымыз қиындау. Өйткені алдыңғы буын жастармен тіл табысуға дайын емес. Ал балабақша, мектептегі тәлім алған балалар арасында кереғар әдеттер белең алып барады. Осыған орай ғалымдар, мамандар тізгінді қолға алатын кез келді. Бір-бірімізді құрметтеу қағидаттары ұлт зиялыларының еңбектерінде аз айтылған жоқ. Абай, Шәкәрім, Ыбырай Алтынсарин, беріде Алаш қайраткерлерінің арманы ұлттық мектеп құру болған жоқ па», деген пікірімен бөлісті ол.
Алдағы уақытта сарапшы ғалымдар өз құзыреті шеңберінде өңірлерге жұртшылықтың көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, ақпарттық түсіндіру жұмыстарын жалғастырмақшы. Ал ғалымдардың ұсыныстары тиісті орындарға жолданатын болады.
АЛМАТЫ