
Александриядағы «Қайтпай сұлтан қамалы». Италиялық суретші Паоло Джовио салған Қайтпай сұлтанның портреті.
Соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған музейдің ішкі келбеті ерекше безендіріліпті. Пайғамбар мешітінің іргетасы қаланған алғашқы күнінен бастап қалыптасу тарихы кезең-кезеңімен сәтті ұсынылған. Мұнда экскурсия араб тілінде жүргізіледі екен. Аудармасын бір мезгілде әлемнің көптеген тіліне тәржімалайтын электронды құрал арқылы тыңдай аласыз. Бізге оның қажеті болмады. Құран тілін жетік меңгерген Қызылорда облысының бас имамы Дастан Жанасұлы араб тілінен тікелей аударма жасады.
– Нұреке, мына мінберге жақсылап зер салыңыз, – деді ол музейдің ортаңғы бөлігіне жеткенде, – қазақ даласынан шыққан Қайтпай атты сұлтан жасатып, Пайғамбар мешітіне сыйға тартқан. Бұрын-соңды Қайтпай сұлтан туралы естіп пе едіңіз?
Қайтпай сұлтанның есімін бұрын-соңды естімеген екенбіз. Таңданатын да жағдайымыз бар. Өзі қазақ даласынан шыққан сұлтан болса! Анау-мынау емес, Пайғамбар мешітіне арнап мінбер салдырса! Қалайша таңғалмайсыз!
Қош. Сонымен мінбердің тарихына келейік. 1481 жыл Пайғамбар мешітінен өрт шығып, Алла елшісінің қабіріне дейін отқа оранады. Тілсіз жау шарпыған киелі орын жарамсыз күйге түсіп, көп ұзамай қалпына келтіру жұмысы басталады. 1483 жылы Мысыр мен Шамның (Сирия) билеушісі Әл-Әшраф Қайтпай сұлтан арнайы мінбер жасатып, оны Пайғамбар мешітіне сыйға тартады. Мінбер мешітте 1593 жылға дейін қызмет етіпті. Дәл сол жылы ІІІ Мұрад сұлтан мешітке жаңа мінбер орнатып, Қайтпай сұлтанның мінберін Құба мешітіне көшіреді. Ал Құба мешітінің адамзат баласын тура жолға шақырған ислам діні келгеннен кейінгі салынған ең алғашқы құлшылық ордасы екендігі баршаға белгілі. Құба мешітінің құрылысына Мұхаммед пайғамбарымыздың өзі араласып, қолы тиген. Мінбер 2016 жылы «Мәдина тарихының ажырамас бөлігі және Пайғамбар мешітіне байланысты сирек мұра» ретінде Құба мешітінен Пайғамбар мешітінің тарихына арналған музейге ауыстырылған.
Пайғамбар мешітіндегі «Рауда шарифаға» орнатылған михраб пен оның жазуы.
Мінбер аппақ мәрмәрдан жасалыпты. Ал үстіңгі бөлігі алтын бояумен бедерленген. Ағаш есіктен, жеті баспалдақтан тұрады. Есіктің жоғары жағындағы маңдайшасына Құранның «Нахыл» сүресінің 90-аяты ойып жазылған: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан әм зорекерліктен тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине, түсінерсіңдер».
Бір ерекшелігі, мінберді жасау кезінде сол дәуірдегі ең үздік технология қолданылған көрінеді. Әр бөлігіне дейін мұқият ойластырылған. Мәселен, бір ғана есікті жасауға ағаш өңдеудің түрлі әдіс-тәсілін пайдаланыпты. Есіктің бөліктері ұқыпты өңделген ағаш кесектерінен жиналып, өрнектері піл сүйегінен ойылған. Мінбердегі ою-өрнектің бір бөлігі қашалған жазудан тұрады. Онда 1468 жылдан 1496 жылға дейін Мысыр мен Сирияны билеген Қайтпай сұлтанның есімі жазылып, мақтау айтылған.
Қайтпай сұлтанның есімімен тығыз байланысты екінші жәдігер – Пайғамбар мешітіндегі михраб. Михраб дегеніміз – мінәжат етушілерге арналған құбыланы бағдарлап тұратын бағдаршы, намаздағы имамның орнын көрсететін белгі. Көптеген деректе Қайтпай сұлтанның михрабы аталған мешіттегі «Рауда шарифада» (қасиетті бақша) орналасқан делінеді. «Қасиетті бақша» – мешіттің бір бөлігі ғана. Онда намаз оқыған адам мол сауапқа кенеледі. «Қасиетті бақша» туралы Алла Елшісі көзі тірісінде: «Менің үйім мен мінберімнің арасы – жәннат бақшаларының бір бақшасы», деп айтқан. Сондықтан мұсылмандар Пайғамбар мешітіне барғанда міндетті түрде «қасиетті бақшаға» кіріп, сол жерде екі рәкат намаз оқуға асығады.
Музейдегі мінбер тарихы жазылған тақта.
Сәті түсіп, осы «Рауда шарифада» болу бізге де нәсіп етті. Сонда мәрмәрдан жасалған михрабтың жоғары тұсындағы қошқар мүйіз оюы көзімізге оттай басылды. Кәдімгі қазақтың қошқар мүйіз өрнегі. Бір деректе Қайтпай сұлтан осы михрабты Пайғамбар мешітіне 1484 жылы сый ретінде жіберіп, ол сол жылдың 17 қаңтарында – Құрбан айт мейрамында орнатылған деп айтылады.
Тарихи деректерге сүйенсек, Қыпшақ даласынан шыққан 25 сұлтан араб елін 135 жылдай басқарған. Соның ішінде, мәмлүктерді, жалпы Мысырды билеген сұлтандардың ішінде Қайтпай сұлтанның есімі Бейбарыс бабамыздан кейін ерекше дәріптеледі. Оның даңқы дарынды басқарушылық өнерімен, соғыстағы ержүректігімен, қайтпас-қайсар батырлығымен, айрықша қайырымдылығы және ислам дініне сіңірген еңбегімен шыққан. Кейбір араб аңыздарында Қайтпай сұлтан «Бейбарыстан кейінгі ең құдіретті және әділетті патша» ретінде сипатталады.
Қайтпай сұлтанның толық ныспысы – Әл-Әшраф Сейіт ад-Дин Қайтпай. 1416 (1418) жылы Дешті Қыпшақ топырағында кіндігі кесілген. Қыпшақтың шеркеш руынан. Сол дәуірдегі қанқұйлы соғыстың бірінде бала Қайтпай құлдыққа түсіп, туған топырағынан жыраққа кетеді. Содан 20 жасында мысырлық саудагердің құлы болып жүрген жерінен Каирге табан тірейді. Қайтпай бала кезінен садақ атудың шебері, құралайды көзге атқан мерген болған. Оның сонысына қызыққан Барысбай сұлтан (1422–1438) Қайтпайды 50 динарға сатып алған. Одан Шақпақ сұлтанның (1438–1453) қарауына өткен. Кейіннен осы Шақпақ сұлтан Қайтпайды құлдықтан азат етіп, жеке хатшысы етіп тағайындайды. Шақпақ дүние салғаннан кейін ол алты бірдей сұлтанға қызмет етеді. Осы кезеңде әскери өнерімен көзге түсіп, сарай күзетінің мүшесі, мәмлүктердің мыңбасына дейін көтеріледі. Ал Темірбұға сұлтанның (1467–1468) кезінде атабек, яғни бас қолбасшы атағын алады. Кейіннен Темірбұғаның орнын басып, 1468 жылдың қаңтарында 52 жасында сұлтан тағына отырады. Сөйтіп, Қайтпай Мысыр мен Шамның (Сирия) мәмлүктерден шыққан он сегізінші сұлтаны (1468–1496) атанады.
Метрополитен музейіндегі Қайтпай сұлтанның сауыты.
Қайтпай сұлтанның ел басқару стилі де ерекше болған. Ол 28 жыл ел басқарып, мәмлүктердің ең атақты сұлтандарының біріне айналады. Ол билікке келген алғашқы күннен бастап сенімді серіктері мен жақтастарын, сарай ақсақалдарын маңайына жинап, жаңа басқарушы кеңес құрады. Екі адамды өзіне атқарушы сұлтан етіп таңдап алып, басқа тағайындаулардың бәрін солар арқылы реттеп отырған. Мәмлүктерді билікке, ел басқаруға көптеп тартады. Көбінесе билікті соларға қалдырып, сарайдан ұзақ уақытқа алыс кетеді екен. Ол осы арқылы қарамағындағы әмірлердің өзіне деген адалдығын, беріктігін тексеріп отырыпты.
Ол тек дарынды басқарушы ғана емес, есеп-қисапқа да жүйрік болған көрінеді. Соның арқасында мәмлүктердің экономикалық жағдайын жақсартып, елдегі сауда-саттық мәселесіне түбегейлі реформа жасайды. Осының негізінде алыс-беріс, жәрмеңке, базар жұмыстары дамиды. Ерекше дипломатиялық қабілетімен Осман империясымен шектесетін Мысыр сұлтандығының солтүстік шекарасын нығайтады.
Қайтпай сұлтанның атын әлемге танытқан мұсылмандардың сәулет өнерін дамытып, оны биікке көтергені еді. Ол өзі билік құрған 28 жылдың ішінде 230 сәулет ескерткішін, түрлі құрылыс пен ғимарат салдырған. Соның кейбірі күні бүгінге дейін мұрты бұзылмай, аман жеткен. Сұлтан Мекке, Мәдина, Каир, Құдыс (Иерусалим), Дамашық (Дамаск), Халеб (Алеппо), Александрия секілді қалалардың құрылыс нысандарына қолтаңбасын қалдырған. Осы тұста ерекше атап өтерлігі, Қайтпай сұлтан өзі тұрғызған ғимараттарға, мешіттерге қазақтың қошқар мүйіз оюын салдырып отырған. Мәселен, осы қошқар мүйізді Пайғамбар мешітіндегі михрабтан бөлек, Мысырдағы Әл-Азһар мешітінің маңдайшасынан, Александриядағы Қайтпай қорғанынан көруге болады.
Мұсылмандардың сәулет өнері дегенде, есімізге тек мешіт пен медреселер ғана түсетіні белгілі. Бірақ бабаларымыз онымен шектелмеген. Бейбарыс сұлтан сәулетті көпірлер салдырса, Қайтпай сұлтан ғажайып субұрқақтар тұрғызған. Ғалымдар Қайтпай сұлтанның сәулет өнеріне ерекше ден қоюын оның ел басқарған кезі мұсылмандардың жаймашуақ кезеңіне сәйкес келуімен, саяси салқындық саябырлап, мәмлүктердің әскери қуатының күшеюімен байланыстырады. Сұлтан осы кезеңде мәмлүктердің дәстүріне дем беріп, тұрғызылған мысырлық ескерткіштердің бәріне мәмлүктердің өрнегін қостырады. Қазақтың қошқар мүйіз оюы – осы өрнектердің біреуі ғана. Оның тікелей араласуымен Мысырдың Александрия мен Рашид (Розетта), Шамдағы Дамаск пен Алеппо қалаларында құрылыс жүргізілген. Құдыстағы Қайтпай субұрқағы мен Газадағы Әшрафия медресесін салдырған. Араб түбегіндегі қалаларды да гүлдендіріп, сонау Пайғамбар, сахабалар дәуірінен келе жатқан мешіттер мен медреселерді жаңғыртады. 1481 жылы Мәдинадағы Пайғамбар мешіті өртке оранған кезде Қайтпай сұлтан киелі мешіттің қайта бой көтеруіне көмегін аямай, қалпына келтіруге атсалысады. Мекке қаласындағы қасиетті Қағбаның да сәулетін арттыруға баса мән береді.
Сұлтанның ислам дініне қызмет еткендігінің тағы бір айқын дәлелі – ол 1472 жылы Меккеге барып, қажылық сапарын өтейді. Осы сапарында Мекке халқының кедейшіліктен көз ашпағанын көріп, ғұмырының біраз бөлігін осы қасиетті қала халқының тұрмысын түзеуге арнайды. Қасиетті Қағбаның сәулетін жақсартуды қолға алатыны да осы кез. Осындай қамқорлығын көргендіктен болар, ондағы мұсылмандар Қайтпай сұлтанды әлі күнге дейін ерекше жақсы көреді.
Қайтпай сұлтанның даңқын асырған құрылыс – Александриядағы «Қайтпай қамалы». Құрылысы 1477 жылы басталған қамалды салу үшін Александрияның теңізге жақын тұсы Фарос аралының шығысындағы бұрынғы «Әлемнің жеті кереметінің» бірі – атақты Александр Македонский шамшырағы (маяк) орналасқан жер таңдап алынады. ХIV ғасырдағы жер сілкінісі салдарынан жермен-жексен болған Македонский шамшырағының үстіне қамал салу арқылы Қайтпай сұлтан көне тарихты қайта тірілткісі келгенге ұқсайды. Қамалдың жалпы құрылысына қазынадан 100 мың динар бөлгізіп, оны салу кезінде жер сілкінісінен қирандыға айналған маяктың кейбір материалын пайдаланады. Қорған ішкі және сыртқы қабырғалармен қоршалып, ішкі бөлігінде күзетшілердің жатын орындары мен қару-жарақ қоймалары жабдықталады. Сыртқы қабырға ішкі қабырғаның биіктігі деңгейінде салынып, оқ атуға арналған ойықтар жасалған. Үш қабатты қамалдың төрт бұрышына жартылай дөңгелене біткен төрт мұнара орнатылған. Бірінші қабатының алаңына кішігірім мешіт тұрғызып, қорғаныс кезінде әскерлер әрлі-берлі қозғалуға ыңғайлы өткел жолдар ойластырылған. Екінші қабат ұзын өткелдерден, бірнеше бөлмеден және қамалға кіретін үлкен қақпаның үстіңгі жағынан дұшпан әскерінің үстіне ыстық май төгетін тік ойықтан тұрады. Ал үшінші қабатта күншілік жердегі кемені байқауға арналған, үстіңгі жағы күмбезделе біткен үлкен бөлме, дән тартатын диірмен мен нан пісіретін ошақ болған. Сүйірленіп келген үш жағы теңізге қарата салынған қамал құрылысы небәрі екі жылда толық аяқталып, ең мықты деген мәмлүктерден қамалдың күзеті жасақталады. Оларға жалақы төлейді. Қаншама шайқаста қабырғасы сетінегеніне қарамастан, қорған осы күнге дейін аман жетіп, 1952 жылы қайта жөнделіп, теңіз музейіне айналған. Александрия қаласының Тарихи орындар бөлімінің директоры Мұхаммед Мүтәуәлидің айтуынша, «Қайтпай сұлтан қамалы» туристік орын ретінде қала бюджетіне жыл сайын 10 миллион Египет фунты көлемінде кіріс әкеледі екен. Сондай-ақ аталған қамал Мысырдың ұлттық банкнотының бірінде бедерленіпті.
Тарихи тұлғаның атын аспандатып тұрған тағы бір тарихи нысан – «Қайтпай сұлтан кешені». Каирдың солтүстігінде орналасқан бұл кешеннің құрылысы 1472 жылы басталып, 1474 жылы аяқталған. Ол туралы кешеннің солтүстік қасбетіндегі кіреберістің оң және сол жақтарында анық жазылған. О баста кешен салынбай тұрғанда ол жер шөл дала болыпты. Кешен құрылысы оған жан бітіріп, қала солтүстікке қарай едәуір ұзарып, жаңа қоныс пайда болған. Көрші елдермен сауда-саттыққа жол ашылып, Қызыл теңізге, Шамға шығатын керуен жолдары құрылады. Сондықтан да бұл кешен Мысырдағы алғашқы сауда үйлерінің бірі ретінде тарихта қалған. Кешен мешіт, медресе, Сұлтан сарайы, суару жүйесі және шәкірттер үйінен тұрады. Қайтпай сұлтан көзі тірісінде, 1474 жылдың желтоқсан айында осы кешеннің ішінен өзіне арнап зират та салдырған.
Кешеннің сәулеті өзіндік үйлесімділігімен, ішкі-сыртқы безендірулері және жазуларының әртүрлілігімен ерекшеленеді. Есіктері түрлі түсті мәрмәрмен және жазулармен безендірілген. Үсті ойылған мұқарнастармен (мұқарнас – жабыстырмалы жақтау түріндегі сәндік бұйым), ақ-қызыл тастармен қапталған. Есіктің оң жағында Мысырдағы ең биік мұнаралардың бірі саналатын мұнара (биіктігі 39,62 метр) орналасқан. Шығыс қасбеті құбыла жағынан геометриялық жазулары бар биік күмбезбен аяқталады. Орталық алаң төрт күмбезді иуанмен (иуан – ислам сәулет өнерінде үш жағынан қабырғасы қоршалған, төртінші жағынан ашық күмбезді бөлмені білдіреді) қорғалған. Алаңның едені түрлі-түсті мәрмәр шеңберлерімен, ал – кіреберістердің едені әртүрлі таспен безендірілген. Шығыстанушы Сырым Құрмаштың айтуынша, «Қайтпай сұлтан кешені» – мәмлүктер даласында салынған нысандардың ішіндегі көптеген бөлшегі сақталып қалған жалғыз ескерткіш. Оған Араб көне жәдігерлерін сақтау комитеті 1893–1897 жылдары жөндеу жұмысын жүргізіп, төбелері мен едендерін, терезелерін қайта жаңғыртқан. Ал 2015 жылы Қайтпай сұлтан хауызын қалпына келтіру жұмыстарын жасаған.
Құдыстағы «Қайтпай субұрқағы» да – кезінде сәулетімен ерекше көз арбаған, сол дәуірдің ең әдемі құрылыстарының бірі. Әл-Ақса мешітінен жиырма метрдей жерде орналасқан бұл субұрқақты салуға мысырлықтардан бөлек, шеркеш шеберлері де қатысқан. Түгелімен мәмлүк өрнектерімен безендірілген субұрқақтың келбетін Құдысты османдықтар басып алғаннан кейін мүлдем өзгертіп жіберген.
Енді Қайтпай сұлтанның соғыстағы жаужүректігі туралы бірер сөз. 1485 жылы Осман империясы мәмлүктердің шекарасына жақындап, әлсін-әлсін сес көрсетеді. Сұлтан бейбіт келісімге келуді көздегенімен, османдықтар оған көнбейді. Сөйтіп, 1486 жылы Адана түбінде түріктер мен мәмлүктердің арасында кескілескен шайқас болып, түріктер ойсырай жеңіледі. Осы қанды қасап ұрыста Қайтпай сұлтан мәмлүктерді көзсіз батырлығы және ерекше қолбасшылығының арқасында жеңіске бастайды. Ал 1491 жылы Мысыр мен Осман билеушілері Қайтпай және II Баязит сұлтан ресми келісімге қол қойып, бір-біріне сый-сыяпат тарту етеді. Діні бір екі мемлекеттің арасында елшілік байланыс орнайды. Қайтпайдың қос мұсылман елін бір келісімге келтіруі оның мұсылман халықтары алдындағы беделін одан сайын арттыра түсіп, мұсылман елдері ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де даңқы жайылады.
Сәулеті келіскен зәулім ғимараттар тұрғызып, халқының жүрегінен мәңгілікке орын алған Қайтпай сұлтан 1496 жылы 80 жасында дүние салады. Сүйегі өзі салдырған Қайтпай кешеніндегі зиратқа жерленеді.
АҚШ-тағы Метрополитен музейіндегі Қайтпай сұлтанның тостағаны.
Бүгінде Қайтпай сұлтан салдырған ғимараттардан бөлек, көзі тірісінде өзі ұстаған, тұтынған заттарының біразы сақталған. Мәселен, АҚШ-тағы атақты Метрополитен музейінде Қайтпай сұлтанның осы заманға дейін жеткен тостағаны бар. Мәмлүктер қорында сақталған, диаметрі 36,8 см болатын тостаған күмістен жасалған. Оны музейге 1891 жылы Эдвард Мур деген коллекционер өткізіпті. Тостағанды 1517 жылы түріктер қолды қылып, өрнектерін аздап өңдеген. Сондай-ақ Түркияның Топқапы сарайында Қайтпай сұлтанның сауыты да болған. Сауыттың сұлтанға тиесілі екенін 1963 жылы доктор Рахман Заки растапты. Бірақ бұл сауыт кейіннен Метрополитен музейіне көшірілгенге ұқсайды.
Вашингтондағы музейде Қайтпай сұлтанның қару ораған кілемшесі қойылған. Ені 210, ұзындығы 220 см болатын кілемше 1965 жылы музейдің тоқыма қорына өткізіліпті. Каирдағы 100 мыңнан астам тарихи жәдігері бар Ислам өнері музейінің бірнеше залы шеркеш сұлтандарына арналған. Осы залдың бірінен Қайтпай сұлтанның тамғасын көруге болады. Мұның бәрін былай қойғанда, тіпті бізге сұлтанның суреті де жеткен! «Ұлы Қайтпай, Мысыр сұлтаны» деп аталатын сурет алғашқыда ағашқа бедерленіпті. Суретті 1575 жылы италиялық атақты суретші, тарихшы-ғалым Паоло Джовио cалған. Сонымен қатар мысырлық ғалымдар қасиетті Қағбаның суағарындағы қошқармүйіз өрнегін де Қайтпай сұлтанның салдырғанын дәлелдеген.
Осыдан үш жыл бұрын Атырау қаласындағы Еркінқала ауылынан ашылған 850 орындық мешітке Қайтпай сұлтанның есімі берілді. Мұны жат жерде билік құрған бабамызға деген құрмет деп қуана қабылдағанымызбен, Қыпшақ даласынан шыққан сұлтандардың ішінде Мысыр мемлекетін ең ұзақ билеген, есімі тарихта алтын әріптермен жазылып қалған, өзге әлем зерттеп, дәріптеп жүрген Қайтпай сұлтанның даңқты жолдары, жасампаздық істері туралы көпшілік біле бермеуі мүмкін. Шынында да, қазақ даласында дүниеге келіп, араб жерінде ерекше із қалдырған Қайтпай сұлтанды кеңінен насихаттайтын уақыт келген сияқты. Ол еліміздің тарихынан лайықты орын алуға құқылы.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Журналистер одағы сыйлығының лауреаты