Өнер • 18 Ақпан, 2025

Мәңгілік тақырып, жаңашыл леп

44 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Уильям Шекспирдің мәңгілік трагедиясы астаналық теа­трда сахналанды. Мәдениет және ақпарат министр­лігінің қолдауымен жүзеге асырылып, Сергей Прокофьевтің музыкасына Ресей және Татарстан Республи­касының еңбек сіңірген әртісі Владимир Яковлев қойған «Ромео мен Жульетта» спектаклі көрермен қошеметіне бөленді.

Мәңгілік тақырып, жаңашыл леп

«Ромео мен Жульетта» спек­таклі – өзектілігін жой­маған мәңгілік классика. Талай мәрте сахналанған бұл шығарманың әрбір жаңа қойы­лымы өзіндік күш-қуатымен, шығармашылық тың ой-толғанысымен ерек­шеленеді. Әр қойылған сайы­н тосын форма, ерекше сараптауда сахнаға жол тартатын Веронаның қос ғашығы туралы мәңгілік тақырып «Астана Балет» театры сахнасында бұл жолы да жаңашыл лепте үн қатты. Түрлі буын көрерменнің қызығушылығын бір сәт те кемітпеген айтулы классикадан әркім өз замандастарының келбетін танығаны сөзсіз.

Балетмейстер үш актілі балетті екі актіге қысқартып, соның нәтижесінде қойылым динамикасын арттырған. Жалпы, балетті жіті бақылап жүрген көрермен Владимир Яковлевтің хореография тілінің өзіндік қолтаңбасын бірден таныры сөзсіз. Суреткер еңбегінде романтикалық сахналарға ғана емес, трагедия астарына да баса мән беріліп, жауласқан екі отбасының ара­сындағы қақтығыс жан-жақты әрі шынайы көрсетіледі. Сондай-ақ спектакльдегі жекпе-жек пен дуэль сахналары да бүге-шігесіне дейін ойластырылып, соның арқасында шығарманың динамикасы артып, көрермен тақымын қысып отырарлықтай ерекше эмоцияны бастан кешкені анық. Атап айтсақ, Ромео мен Жульеттаның арасындағы мөлдір сезім, Мер­куционың әзілкештігі, Күту­шінің қарапайымдылығы, Лоренцоның даналығы, Ти­баль­дтің қатыгездігі, ита­лиялық көше­лерге тән на­қыш­­тар мен мерекелік көңіл, ажал сахнасындағы драматизм – осының бәрі спектакльде сәтті көрініс тапқан. Ал пантомима элементтері Веронаның жауласып жүрген екі отбасы өкілдерінің шайқасатын сахналарында молынан қол­данылған.

Балеттегі музыкалық бе­зен­ді­рілу – ол да өз алдына бөлек әңгіме. Бас дирижер Арман Оразғалиев жетек­шілік ететін оркестр орын­дауындағы ғажайып музыка сол сәтте-ақ театрдың тұрақты көрермендерінің сүйік­ті әуе­ніне айналып үлгерді. С.Прокофьевтің әуенін оркестр түрлі эмоция мен нәзік сезім ырғағына көмкеріп, тамаша туындыны көрермен жүрегіне жеткізе алды. Се­бебі сезімтал музыкант қос кейіпкердің арасындағы махаббат пен шиеленісті музыка тілінде мейлінше шынайы әрі әсерлі аша білген. Ал шағын әрі жиі алмасып отыратын сценография, әсем костюмдер халық өмірі һәм вероналық ақсүйектердің тыныс-тіршілігі мен Лоренцо шіркеуінің көркем безендірілуі, сонымен қатар Капулетти әулетінің отбасылық мазары көрермен қауымды бір сәтке Қайта өрлеу дәуіріне жетелеп әкеткендей ғаламат сезімге бөледі. Соның арқасында балет те өзіндік көркемдік биікке көтерілгендей әсер сыйлады.

Қойылымда негізі бас­ты партияларды театрдың талантты актерлері орында­ды. Атап айтсақ, Ромеоны Сүн­дет Сұлтанов пен Уэсли Карвальо, Жульеттаны Наз­ерке Аймұхаметова мен На­талия Фернандес Менес, Ти­бальдты Фархад Буриев пен Ба­уыржан Боранбаев, Мер­куционы Ерқанат Ерма­ғамбет, Бенволионы Нұрзат Берікқазыұлы, Паристі Уэс­ли Карвальо мен Сүндет Сұл­танов, Лорд Капулеттиді Иль­дар Шакирзянов, Леди Капулеттиді Әсел Жанғасқаева мен Риза Қанатқызы, Күтушіні Шырын Зайчикова кемеліне келтіре кейіптеді. Бекзат өнерден рухани ләззат алып, сахнадағы сұлулыққа жан суарған талғампаз көрермен театрдан риза болып тарқасты.