
Биыл біртуар тұлғаның туғанына 135 жыл толады. Осы айтулы оқиға аясында өткен іс-шараның мазмұны ерекше. Бар саналы ғұмырын түркі әлемінің бірлігіне арнаған Алаш ардақтысының өмірі күреске толы болды. Түркістанның тұтастығы мен азаттығы жолында барлық күш-жігерін сарп етті. Ештеңеден аянбады. Жаңа өкімет билігін қабылдамады. Ақыры, шетелге кетуге тура келді. Онда да кеңес одағы құрамындағы түркі халықтарының бостандығы жолындағы күресін тоқтатқан жоқ.
Тағылымды іс-шара Мұстафа Шоқайдың өз дауысымен ашылды. Қырандай саңқылдаған қайраткердің дауысы бүгінгі жас ұрпақты Отанды шынайы сүюге үндеп тұрғандай естілді.
Жиын тізгінін ұстаған Парламент Сенатының депутаты, академик, мұстафатанушы Дархан Қыдырәлі Түркістанның тәуелсіздігі жолында басын бәйгеге тіккен Мұстафа Шоқайдың «Жас Түркістан» журналына қысқаша тоқталды.
«Бұл журнал 1929 жылы ақпаннан бастап, фашистер 1940 жылы Парижді басып алғанға дейін, яғни 11 жыл бойы үздіксіз жарық көрді. «Жас Түркістан» журналы отандық баспасөз тарихы үшін де, Түркістан тарихы үшін де, жалпы саяси-қуғын сүргін тақырыбы үшін де өте маңызды», дей келіп, осы 12 томдықтың жарық көруіне мұрындық болған Қазақстанның Германиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Онжановқа ризашылығын жеткізді.
Мұстафа Шоқай шығарған «Жас Түркістан» журналы Түркістанның тұтастығы мен тәуелсіздік идеясын насихаттады. Ұлт қайраткерінің өзі бүркеншік есіммен басылымда бірнеше мақаласын жариялады. Сондай-ақ журналға сол жылдары Германияда оқыған қазақ жастары да белсене атсалысты. Осындай қаншама тарихтың жүгін артқан жинақтың оқырманға жол тартуына Қазақстанның Германиядағы елшілігі қолдау көрсетті.
Іс-шара барысында жиынға онлайн қосылған Қазақстанның Германиядағы елшісінің кеңесшісі Қадыр Қасаболатов Төтенше және өкілетті елші Нұрлан Онжановтың қатысушыларға жолдаған ыстық сәлемін жеткізді. Сондай-ақ осы құнды еңбектің тарихына тоқталды.
«Өткен жылдың басында біздің елшілікке Германияда тұратын Ыдырыс қария баласы екеуі хабарласқан еді. Ақсақал қолындағы осы жинақты бізге еліміздегі Ұлттық академиялық кітапханасына тапсыруды өтінді. Ыдырыс қарт бұл кітаптарды 1995 жылы әйгілі Баймырза Хайттан алған. Қазір Ыдырыс қарияның жасы – 93-те. Сөйтіп, біз бұл жинақтарды Сыртқы істер министрлігіне жеткізіп бердік. Осы сәтті пайдаланып, Мұстафа Шоқайдың мұрасын көзінің қарашығындай сақтап тапсырған Ыдырыс ақсақалға шексіз ризашылығымызды білдіреміз», деді ол.
Қадыр Қасаболатовтың айтуынша, Берлинде тұратын қазақтар қауымдастығының бастамасымен ерікті түрде қаржы жиналып, сондағы Мұстафа Шоқай зиратына жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге Германиядағы неміс-қазақ қоғамының ұйытқы болуымен Берлинде 2023 жылы «Мұстафа Шоқай – ұлттың бостандығы, ұлттық рухтың нәтижесі» атты неміс тілінде кітап жарық көрген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі М.Шоқай орталығына да аталған елшілік ұлт зиялысы туралы тың деректер беріп, оған қолдау көрсеткен.
Одан кейін өте бағалы жинақтың лентасы қиылды. Бұл салтанатты рәсімді атқару құрметі қоғам қайраткері, мұстафатанушы Әбдіжәлел Бәкір, белгілі заңгер, қоғам қайраткері Сабыр Қасымов, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов және Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеевке берілді. Он екі томдық жинақ Ұлттық академиялық кітапханасына табысталды.
Алаш ардақтысының саяси қызметі мен мұрасы жайында Қасымхан Бегманов, ұлттық музейдің директоры Берік Әбдіғалиұлы, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы, Астана архивінің қызметкері Ғазиза Исахан, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған, ЕҰУ «Алаш» ҒЗИ директоры Сұлтанхан Аққұлұлы және басқалар сөз алып, парасатты ой өрбітті.