
Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Экономикалық байланысты жандандыратын мүмкіндік
Мәртебелі мейманның құрметіне сарай алдындағы алаңда Құрмет қарауылы сап түзеп тұрды. Әскери оркестр Қазақстан мен Иорданияның мемлекеттік әнұрандарын орындады. Құрмет қарауылы ротасы бастығының рапортынан кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына барды.
Президент, ең алдымен, Король II Абдалланың билік басына келгеніне ширек ғасыр толуымен құттықтап, оның Иордания халқының өсіп-өркендеуіне және елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету мен халықаралық аренадағы абырой-беделін арттыруға бағытталған жасампаз бастамаларының сәтті жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып келе жатқаны үшін Иордания көшбасшысына алғыс айтты.
Президенттің пікірінше, Иордания – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бейіл ел ретінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған мемлекет.
– Бұл сапарымның мақсаты – біздің қарым-қатынастарымызға, достығымыз бен сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін беру. Әлемде орын алып жатқан үдерістерге қатысты көзқарасымыз бен оған беретін бағамыз ортақ деп санаймын. Сонымен қатар біз саяси деңгейдегі ынтымақтастығымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Біздің айқын жоспарымыз бар. Таяу болашақта нақты уағдаластықтарға қол жеткізіп, оның оң нәтижелерін көретінімізге сенімдімін. Біз өзара ықпалдастығымыздың аясында аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Иорданияны достас мемлекет деп санаймыз. Екі елді байланыстыратын дүние көп, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгін қабылданатын Бірлескен мәлімдеме мен келісімдер Қазақстан –Иордания ынтымақтастығын екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша арттыруға қос тарап та мүдделі екенін білдіреді.
Өз кезегінде Иордания Королі II Абдалла Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Өзіңізді және Сіздің құрметті делегацияңызды Иорданияда қарсы алғаныма қуаныштымын. Бүгін экономикалық байланыстарды жандандыруға және жеке сектор үшін мол мүмкіндіктер ашылады. Бұл өте маңызды, – деді Иордания Королі.
Келіссөз барысында тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, энергетика, цифрландыру және фармацевтика секілді негізгі секторлардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегін егжей-тегжейлі талқылады.
Екі елдің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын кеңейту мәселелеріне айрықша мән берілді. Қазіргі кезде Қазақстанның медициналық оқу орындарында Иорданияның 300-ге жуық азаматы білім алып жатыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мен Иордания Королі халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Президент Иордания Королін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Бірлескен мәлімдеме
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейн Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Мемлекет басшысы Бірлескен мәлімдемеде Корольді таққа отырғанына 25 жыл толуымен құттықтады. Бұл мерейлі дата былтыр тойланған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Мәртебелінің парасатты басшылығымен саяси, әлеуметтік-экономикалық, әкімшілік және басқа да салаларды қамтитын ауқымды реформалар жүзеге асырылғанын атап өтті.
Король II Абдалла бен әл-Хусейн Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық бастамаларына, Қазақстанда экономиканы жаңғырту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әлеуметтік әділдікті нығайту бағытында жүргізіп жатқан реформаларын қолдайтынын жеткізді.
Мемлекеттер басшылары ортақ құндылықтар мен мүдделерге негізделген екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызын, барлық деңгейдегі жан-жақты диалогті алдағы уақытта да жандандыруға ұмтылыстарын растады.
Бірлескен мәлімдемеде энергетика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, ақпараттық технологиялар, өңдеу өнеркәсібі және фармацевтика сияқты салаларда өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету қажет екені айтылған. Сауда-экономикалық байланыстарды арттыру және түрлі секторларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа мүмкіндіктерді зерделеуге уағдаластық жасалды.
Тараптар атом саласындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге дайын екенін растады.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін көлік және логистика бағыттарын, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытудың маңызына назар аударылды. Аталған салалардағы әртүрлі жобаларды іске асыру келешегін зерделеуге ниет танытып, туризм саласын дамыту мен іскерлік байланыстарды жандандыру үшін екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыруға қос тарап та мүдделі екенін білдірді.
Мемлекеттер басшылары білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде студенттер мен оқытушылар алмасуға, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді әзірлеуге келісті. Олар сондай-ақ халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін көрмелер мен мәдени күндер секілді бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру арқылы мәдени байланыстарды тереңдетуге ниетті екенін айтты.
Тараптар биыл Астана мен Амман қалалары бауырластығының 20 жылдығы аясында фестивальдар, көрмелер және орнықты даму мен технологиялар саласында тәжірибе алмасу секілді бірлескен мәдени және іскерлік шаралар өткізуге дайын екенін жеткізді.
Мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін беріп, мүлдем жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететін келіссөздердің нәтижесіне көңіл толатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн екі ел үкіметтеріне Сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Иордания үкіметаралық комиссиясының отырыстарын тұрақты түрде өткізуді, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарын анықтау үшін Іскерлік кеңестің қызметін жандандыруды тапсырды.
Бұған қоса тараптар халықаралық және өңірлік мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай жөнінде пікір алмасты.
Корольді «Алтын Қыран» орденімен марапаттады
Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнге Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыстады.
Президент марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Иордан Хашимит Корольдігінің арасында берік серіктестік қатынастар орнағанын, Король ІІ Абдалланың қазақ-иордан байланыстарын нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
– Ұлы Мәртебелі Корольдің айнымас ниетінің арқасында біз экономика мен инвестициялық ықпалдастықтан бастап мәдени және білім салаларына дейін өзара мүддемізге сай келетін ынтымақтастығымызды нығайттық. Аса көрнекті мемлекет қайраткері, бейбітшіліктің қорғаны әрі даналықтың үлгісі ретінде Сіздің ісіңіз әлемдегі көп адамға жігер береді. Қазақстан халқы Сізді ерекше құрметтейді. Иорданияның тек серіктес қана емес, нағыз достас ел екенін мақтан тұтамыз. Ұлы Мәртебелі Корольдің байыпты басшылығымен Иордания өңірдегі тұрақтылықты, дінаралық диалогті және гуманитарлық қызметті ілгерілетуде шешуші рөл атқарып отыр. Бұл құндылықтар Қазақстанның бейбітшілікті, толеранттылық пен дипломатияны жақтайтын ұстанымына сай келеді. Сіздің зор күш-жігеріңіз бен ұдайы қолдауыңыздың арқасында біз өзара ынтымақтастығымыздың келешегіне зор үмітпен қараймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Король II Абдалла бен әл-Хусейн Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік марапатына лайық көргені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас қазақ халқына ризашылығын білдірді.
Иордания музейіне барды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Амманға ресми сапары аясында Иордания музейін аралап көрді. Мемлекет басшысын аталған нысанда ханзада Әли бен әл-Хусейн, Иордания музейі Қамқоршылар кеңесі төрағасының орынбасары, ханшайым Сумайя бинт Хасан мен музей директоры Ихаб Амарин қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев көрме залдарын аралап көріп, музей қорында сақталып тұрған сирек жәдігерлермен және экспонаттармен танысты. Сондай-ақ Мемлекет басшысына Иордан Хашимит Корольдігіндегі ең үлкен музейдің құрылу тарихы жөнінде мәлімет берілді.
Музейдегі ерекше көрменің бірі – Кумран қолжазбалары. Онда тарихи құндылығы зор мыс қолжазбалардың фрагменттерімен танысуға болады.
Иордания музейі тұрақты экспозициядан бөлек, ұлттық тарих пен мәдениетті дәріптеу үшін уақытша көрмелер, дәрістер, семинарлар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырады.
Президент нысанды аралап көрген соң Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.