
Компанияның басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспарлы алдын алу жұмыстарына дайындығын тексерді. Аталған кезеңде зауыттағы қысыммен жұмыс істейтін 1174 ыдыс пен аппаратқа, 46 пешке, технологиялық 1458 құбыр желісіне міндетті техникалық куәландырулар мен сараптамалар жүргізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, әртүрлі қондырғыларда 316 тоннадан астам катализатор алмастырылады.
«Ең күрделі әрі негізгі операция – баяу кокстеу қондырғысының реакторларындағы конусты түптерді ауыстыру. Бұл үшін зауыт аумағында жүк көтергіштігі 750 тонна болатын екі бірегей кран орнатылып жатыр. Реакторларда болашақта жабдық сенімділігін арттыру үшін инновациялық болжамды диагностика жүйесі іске қосылады», деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Жоспарланған алдын алу жұмысын 1 880 маман атқарады. Жұмысты сапалы атқару үшін 62 арнайы техника тартылады.
«Осы кезеңде жанар-жағармайдың ішкі нарықтағы тұрақтылығын сақтау, мұнай өнімдерін жөнелтуді қамтамасыз ету үшін зауыт жеткілікті көлемде тауарлық өнім қорын қалыптастыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», деп мәлім етті компаниядан.
Жыл басынан бергі 8 айда жеңіл мұнай өнімдері өндірісінің үлесі 77,5% құрады. Ал өңдеу тереңдігі – 88,6%. Дизель отынының (+15%) және авиаотынның (+13%) өндіріс жоспары артығымен орындалды. Соның нәтижесінде кәсіпорын бюджетке 129 млрд теңге аударып, жоспарлы көрсеткіштен 24 млрд теңгеге артық түсімді қамтамасыз етті.
Сондай-ақ, зауыттың жылдық өңдеу көлемін 6,1 млн тоннаға дейін арттыру, жөндеуаралық кезеңді 36 айға дейін ұзарту көзделіп отыр.