
Сондай-ақ шетелдік инвесторлардың тәжірибесі жергілікті фирмалардың IPO өткізуін жақсартуға көмектеспек. Алматыда өткен «KASE: Joining Tabadul Digital Hub» халықаралық конференциясында отандық қор нарығындағы бөлшек инвестор санының 3,5 млн-ға жеткені айтылды. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 10 есе төмен болған еді.
«Tabadul» цифрлық айырбас орталығы 2022 жылғы шілдеде жұмысын бастады. Ол сауда алаңдарының цифрлық қосылуын қамтамасыз етеді және брокерлерге қашықтан кіруге мүмкіндік береді. Жергілікті инвесторлар халықаралық қор нарықтарына шыға алады. Жүйеде әртүрлі саланың бағалы қағаздарына қолжетімділігі бар миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. Сәуірде платформаға Астана халықаралық биржасы (AIX) бесінші болып қосылып, өзара қолжетімділік моделі бойынша жұмыс істейді. Платформа биржалардың цифрлық желісін құрады және инвесторларға халықаралық қатысушы биржаларда сауда-саттыққа мүмкіндік береді.
«Abu Dhabi Securities Exchange» бас директоры Абдулла Салем әл-Нуайми платформа тек қолжетімділікті емес, сонымен қатар қатысушы биржалар арасындағы байланыстың барлық инфрақұрылымын да ұсынатынын айтты. Қазақстан қор биржасы «Tabadul Digital Hub»-қа қосылғаннан кейін өтімділік ағыны мен қос нарықтың инвесторларының қатысуы ұлғаятынына сенім білдірді. Жақында тағы үш брокер қосылуды жоспарлап отыр: KASE-ге «All Ranks», «International Securities» және «BHM Capital» мүше болады. Тағы бірнеше Орталық Азия биржалары қосылуы мүмкін.
KASE басшысы Алина Алдамбергеннің айтуынша, келісімге тамыз айында қол қойылды.
«Биржа мүшелерінің мәмілелері бойынша есеп айырысулар KASE Клирингтік орталығы арқылы теңгемен жүреді. «Tabadul»-дағы сауда-саттық аясында барлық комиссия үдерісті жеделдету және жеңілдету үшін барынша азайтылады. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы негізгі қаржы көпірі ретінде капитал нарығын дамытуда табысқа жетті. Соңғы үш жылда ел жыл сайын орта есеппен 25 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартты», дейді Алина Алдамберген.
Бұған бірнеше негізгі фактор ықпал етеді: Біздің елдің өңірлік қаржы хабы ретінде стратегиялық орналасуына, цифрлық трансформацияға және қаржылық инновацияларға бейімділігіне, инвесторлардың сенімін нығайтатын тұрақты фискалдық және макроэкономикалық орта екеніне назар аударылып отыр.
«Мультиактивті платформа бола отырып, KASE акция, облигация, валюта, ақша нарықтары және деривативтер саудасын жеңілдетеді. Ол сондай-ақ орталық контрагент ретінде жұмыс істейтін өзінің клирингтік орталығы арқылы сатудан кейінгі қызметтерді ұсынады, бұл нарықтың тиімділігін одан әрі арттырады. Жаһандық қатысуды кеңейтуге ұмтыла отырып, KASE трансшекаралық инвестиция үшін мүмкіндіктерді кеңейтіп, шетелдік инвесторлар үшін қашықтан қол жеткізуді енгізді», деді Алина Алдамберген.
Кейінгі бес жылда акциялар нарығы 40%-ға өскен, ал қор нарығын капиталдандыру 63 млрд долларға жеткен (ІЖӨ-нің 26%-ы). Айналымда 26 млрд доллар сомаға корпоративтік облигациялар бар. Елдің қаржы ұйымдарының активтері 134 млрд долларды (ІЖӨ-нің 55%-ын) құрайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның айтуынша, негізгі институционалдық инвесторлар – банк, сақтандыру ұйымы, БЖЗҚ және эндаумент қорлары. Олардың инвестициялық портфелі 63 млрд долларға жеткен.
«Осының бәрі елеулі инвестицияларды сіңіру үшін ішкі инвесторлық базаның әлеуетін білдіреді. Бұған жергілікті инвесторлар тарапынан кейінгі бірнеше жыл ішінде өткен IPO-ға KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» және «Air Astana» ұлттық компанияларының жоғары қызығушылығы дәлел. Ішкі сұраныс ұсыныстан 2 есеге дейін асып түсті», деді конференция барысында Мария Хаджиева.
KASE биржа мүшелерін, листингтік компанияларды ашықтыққа ұмтылысы үшін, сондай-ақ БАҚ өкілдерін қор нарығы жаңалықтарын белсенді жариялағаны үшін марапаттады. Жүлдегерлер қатарынан табылған «Egemen Qazaqstan» газеті де KASE-нің арнайы дипломымен марапатталды.
АЛМАТЫ