Қоғам • 22 Ақпан, 2025

Антифрод алаяқтықты азайта ма?

211 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Цифрлық технологиялар шапшаң дамып, онлайн-қызметтер қарқын алған са­йын алаяқтар да мүмкіндікті қалт жібермей, қырық айла ойлап тауып жатыр. Алдап-арбау тәсілінің шарықтағаны соншалық, шот иелерінің деректерін ұрлап, ақшасын қағып алу үшін алаяқтар енді өздерін жаңадан құрылған антифрод-орталықтың қызметкері ретінде таныстырып, «күмәнді операциядан қорғанудың жолын» сілтеуден тайынбайтын болған.

Антифрод алаяқтықты азайта ма?

Бас прокуратураның Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәлі­метінше, өткен жылы елі­мізде интернет-алаяқтық фактілері жөнінде 22,9 мың қыл­мыстық іс тіркелген. Олардың 81,8%-ының қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның анықталмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері үзілген. Мұндай үрдіс бірнеше жыл қатарынан (2019 жылдан бастап осындай тұжырыммен жабылған қыл­мыстық істердің үлесі – жыл сайын 71%-дан 79%-ға дейін) байқалып отыр.

Интернет-алаяқтықтың ең көп тараған фактілері (26%) – азаматтардың жеке деректеріне заңсыз қол жеткізу. Өткен жылы құқық қорғау органдарының қызметкерлері осындай құқық бұзушылыққа қатысты 6,5 мың қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ қызметтерді (5,5 мың), тауар­ларды (5,2 мың) онлайн-сатып алу барысында алдау белең алған. Құқық қорғау органдарына жиі жүгінетіндер (3,9 мың) қатарын онлайн-қарыз алмақ болып алданғандар құрайды.

Сөйтіп, былтыр зардап шегушілер онлайн-алаяқтарға 11,4 млрд теңге ұстатқан. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 2,8 есе көп. Алдап-соққандардың құрбандарының басым бөлігін жеке тұлғалар құрады, олар тәртіп бұзушыларға 11 млрд теңге аударды. Зардап шеккендер арасында заңды тұлғалар (385 млн теңге), тіпті мемлекеттік ұйымдар да (8,4 млн теңге) бар екен. Залалды өтеу салыстырмалы түрде аз – бар болғаны 36,6%. Яғни қаражат көлемінің үштен екі бөлігі немесе 7 млрд теңгеден астамы иелеріне қайтпаған.

Әрине, алаяқтық әрекетінің тізбегі аяқ­талғаннан кейін, яғни іс бітіп, ізі суыған соң қылмыскерді тауып, залалды өндіріп алу мүмкіндігі азаяды. Осы есептен былтыр елімізде Ұлттық банк іске қосқан алаяқтық транзакциялар туралы деректермен алмасу жөніндегі жаңа антифрод-орталықтың жұмысы алаяқтық әрекеттер байқалғанда қаражатты аударуға жол бермеуге бағыт­тал­ған. Орталық – оған қосылған барлық қатысушыға нақты уақыт режімінде хабар алмасуға, күдікті операцияларды тез бұғаттауға мүмкіндік бере­тін цифрлық платформа. Ол арнайы таңбамен белгіленіп, жөнел­­туші банктердің де, алушы банк­­тердің де қадағалауына алы­­нады. Сондықтан зардап шегу­­шінің шотынан ақша есептен шы­ғарылған болса да сома оқ­шау­­ланып, алушыға төленбеуі мүмкі­н.

Ғаламтор алаяқтығынан келген орасан залал әзірге антифрод орталығы жарты жылда тосқауыл қойған қаражатпен салыстыруға келмес. Дегенмен жиілеп кеткен жалған транзакцияларға, түрлі схемаларға жедел әрекет ету көптеген отандасымыздың өз ақшасын жоғалтудан қорықпай, қаржылық қызметтерді сенімді пайдалануына ықпал ететіні сөзсіз. Өз жұмысының алғашқы жарты жылында антифрод-орта­лық жерлес­тері­міздің 967 млн теңге мөлшеріндегі жинақ­тарын сақтауға көмектескен.

Ұлттық банктің Ақпарат және коммуникациялар де­пар­та­­ментінің директоры Асан Ахметжанның Finprom.kz сұ­ра­уына жауап ретінде бер­ге­н мәліметі бойынша, орта­лық­тың жұмысы аясында 11,7 мың алаяқтық оқиға тіркелді. Олар­дың басым бөлігі – 65,5%-ы немесе 7,7 мыңы – құқық қорғау органдарының ақпаратының арқа­сында белгілі болды. Орта­лыққа қалған күдікті аударым­­дар туралы қаржы нары­ғы­ның қатысушылары – төлем ұйым­дары, банктер, ұялы байланыс операторлары хабарлаған. Тыйым салынған қаражаттың басым бөлігі – 760,9 млн теңге немесе 78,7%-ы – жөнелтуші банк жағында күдікті аударымдар деп танылса, алушы банк­тер 206,1 млн теңге төлеміне жол бермеді.

Антифрод-орталық жұмы­сы­ның алғашқы нәтижесі тіркелген оқиғалардың арасында көбіне телефон арқылы сөйлесу кезінде (25,5%) алаяқтық әрекеттер болғанын көрсетеді. Алдап, сан соқтырудың ең көп тараған тағы бір тәсілі – жалған инвес­тициялау (18,9%). Сондай-ақ технологиялық платформа нысанасына әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі алаяқтық жағдайлары (17,6%) ілікті.

Қылмыскерлер алдап ақша алу немесе шот иелерінің мәліметтерін қолды ету жолында түрлі тәсілдерді қолданады. Тіпті антифрод орталығының пайда болуы­мен алаяқтар өздерін осы ұйымның қызмет­кер­лері ретінде таныстырып адамдарды күдікті операциялардан қорғау үшін жеке деректерін беруді немесе фишингтік сайтқа сілтеме арқылы өтуді сұрай­ды. Бұл ретте Ұлттық банк антифрод орталығының ма­ман­дары ешқашан жеке тұл­ға­лар­ға қоңырау шалмайтынын, олар тек банктермен, қар­жы меке­ме­лерімен, түрлі IT-ком­па­ния­лар­мен ғана жұмыс істейтінін ескертеді. 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше