
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
2024 жылдың бірінші тоқсанында 230 мың шаршы метр қойма алаңы құрылыс кезеңінде тұрған. Олардың ірілері – «Кедентранссервис» логистикалық терминалы, «Ozon» компаниясының логистикалық паркі, «Damu Logistics Almaty» компаниясының қойма кешені, «Wildberries»-тің қойма алаңқайлары. Бұған қоса қазір «YTO Express» Алматы облысында 2025 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған көпфункционалды контейнерлік терминалдың құрылысын жүргізіп жатыр. «Қазпошта» және «TLC Focus»-пен бірлесе қолға алынған бұл жоба – яғни электронды коммерцияның үлестіретін орталығының көлемі – 500 мың шаршы метр. Оған контейнерлік терминал мен өнеркәсіптік парк сыйып кетеді.
Алматы қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрсұлтан Шоқановтың айтуынша, мұндай цифрлар, әрине, тәнті етеді, алайда логистика дегеніміз тек шаршы метрлердің жиынтығы емес, ол – тауар айналымының артуы және әлемдік аренада біздің позициямызды нығайтудың берік негізі болуға тиіс дейді. Сарапшылар сөзінше, алайда дәл қазір Орталық Азиядан заманауи қойма табу қиын болып тұр. «А» санаты деп әспеттелетін қоймалардың өзі сол деңгейге лайық емес көрінеді. Ал қойма тапшылығы электронды сауда-саттықтың дамуын тежей бермек.
«Орталық Азиядағы қойма алаңдарының көлемі 1,5-2 млн шаршы метрге жуық. Бұл – қазіргі сұраныстың өзіне жауап бере алмайтын көлем. Аймақтағы логистикалық жылжымайтын мүлік тапшылығы шамамен 20 млн шаршы метрге бағаланып отыр. Бұл негізінен Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанға қатысты. Бұл елдердегі қоймалардың көбі «В» санатына жатады. Бұрыннан бар қоймалар онсыз да бос емес, енді салынып жатқандары пайдалануға берілмей жатып-ақ жалға алынады. Бұл өз кезегінде жалға алу мөлшерлемесін қымбат етеді. Мысалы, Қырғызстанда салынып жатқан нысандардың тарифі орташа ресейлік көрсеткіштен 37%-ға жоғары. Өзбекстан мен Қазақстанда жалға алу құны БАӘ-ден де (ол жақта шаршы метрі – 135 доллар) қымбат», дейді «IBC Global» компаниясының басқарушы серіктесі Станислав Ахмедзянов Алматыда өткен «CAWS 2024» жиынында.
Сарапшылардың айтуынша, ресейлік компаниялардың таңдауы көп жағдайда Қазақстанға түседі. Ол жақтан көбіне онлайн-сауда, логистика және дистрибуция саласындағы компаниялар біздің қоймаларға «құда түседі».
«Қазіргі негізгі үрдістердің бірі – нарықтың дәстүрлі қойма нысандары бағытынан жеңіл өнеркәсіп сегменті үшін де, кеңселер үшін де пайдалануға болатын икемді кеңістіктерге ауысуы. Бұл өзгермелі қажеттіліктерге нысандардың тез бейімделуін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге роботтехника, автоматтандырылған сақтау жүйесі және тапсырыстарды өңдеу сияқты технологиялардың енгізілуі танымал болып жатыр. Мұндай мүмкіндіктер қоймалардың жұмыс тиімділігін арттырып, қызметкер мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға жұмсалатын шығындарды азайтады», дейді сарапшы.
«Infoline» компаниялар тобының негізін салушы Иван Федяковтың айтуынша, өңірде электронды коммерция үлкен қарқынмен өсіп келе жатыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, біздің елдегі интернет-сауданың үлесі 12%-дан асқан. Үлес 2030 жылға таман 20%-ға жетпек.
«Бұған технологиялық байланыстардың жедел дамып келе жатқаны себеп болады. Үй жанындағы дүкендер сауда желілері мен онлайн-каналдардан ұтыла бастайды. Орталық Азиядағы электронды коммерция нарығының негізгі моделі маркетплейстер болып тұр. Нарықта жергілікті ойыншылармен қатар «Wildberries», «Ozon» сияқты ресейлік ойыншылардың да ықпалы артып келеді. Заманауи сауда саласының өсімі және тауар айналымының артуы қойма нарығы дамуын ынталандырады. Ең бастысы – пайда болып жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек», дейді И. Федяков.
«Colliers Kazakhstan» консалтинг компаниясының өкілі Игорь Курносовтың сөзінше, «А» және «В» санатындағы қоймалардың тапшылығы Астанада – 99%, Алматыда 97%-ға жеткен.
«Бұл жағдайдың жақын арада өзгере қоюы екіталай. Қойма қызметіне деген үлкен сұраныс пандемияға дейінгі тауар айналымының қалпына келуімен және геосаяси жағдай салдарынан логистикалық тізбектің өзгеруімен байланысты. Қойма тапшылығы сөзсіз аренда ақысын өсіреді. 2023 жылдың соңында «А» санатындағы қойманың 1 шаршы метрі Алматыда, айына 5 900 теңгеге бағаланды. Астанада – 4 700 теңге. «В» санатындағы қоймалар Алматыда 4 000 теңге сұраса, Астанада 3 700 теңге болды. 2022 жылдың соңымен салыстырғанда аренда ақысы 40 пайызға қымбаттады», дейді ол.
«NF Group» ұсынған мәліметке қарасақ, 2024 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 2024 жылдың соңында бос қойма алаңдарының үлесі 0,4 пайыздық тармаққа, бүкіл ұсыныстың 1,2%-ына дейін азайған.
«Астана мен Алматыда сапалы қойма алаңдары бойынша ұсыныс жоқ деуге болады. 2024 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда құрылыс кезеңінде 426 мың шаршы метр қойма алаңдары тұрды. Олардың ең ірілері – аумағы 100 мың шаршы метр болатын «Wildberries» логистикалық орталығы, «Continental Logistics Almaty» нысаны (85 мың шаршы метр), «Focus-Aksengir» логистикалық паркінің екі кезегі (50 мың шаршы метр)», делінген компания дерегінде.
«MP Solutions» басшысы Нұрмат Сүйерқұловтың пайымдауынша, үш жылдан соң e-commerce, fashion, тамақтану саласына 1,5 млн шаршы метр қойма қажет болады. «IBC Global» және «Colliers» сарапшыларының дерегінше, 2024 жылы 200 мың шаршы метрге жуық қойма пайдалануға берілсе, 2025–2026 жылдары «А» және «В» санатындағы 1 шаршы метр қойма салынып бітуі мүмкін.
Дегенмен бұл бағыттың дамуын тежейтін кедергілер де жоқ емес. Ең бірінші кезекте теміржолға жақын орналасқан жер учаскесін табу қиын екен. Таба қалған күннің өзінде заңдық және техникалық аудиттен кейін көбінен бас тартуға тура келеді. Сонымен бірге сапалы маман тапшылығы да сала мүмкіндігін іркілтеді. «А» санатындағы 10 мың шаршы метрлік қойма жұмысын жолға қою үшін 40-80 қызметкер керек. «В» санаты – 50-100, «С» санаты 70-120 қызметкерді қажет етеді. Елімізде жақын арада пайдалануға берілетін нысан көлемін ескерер болсақ, шұғыл түрде 2 000-6 000 аралығында кадр қажет болады дейді сарапшылар.