Жұмысшы мамандықтар жылы • 04 Наурыз, 2025

Жұмыспен қамту бағдарламалары қаншалықты тиімді?

211 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, халықтың тұрмысын жақсарту – негізгі әлеуметтік мәселенің бірі. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы мемлекеттік саясат халықты лайықты жұмыспен қамту және әділ еңбекақыға негізделуге тиіс екенін айтқан еді. Жаһандық технологиялық трендтер еңбек нарығының кең көлемде трансформациялануына әкелетіні айқын. Осы орайда «Елдегі жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімділігі қандай?» деген сауалға жауап іздеп көрелік.

Жұмыспен қамту бағдарламалары қаншалықты тиімді?

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Жұмыссыздарды, халықтың әлеумет­тiк әлсіз топтарын, ауыл тұрғындарын қолдау бағытында әр жылдары қабылдан­ған бағдарламалар кешенді шаралардан, мақсатты межелерден кенде болмады. Әлбетте, құрылымы мен басымдықтары өзгеріп отыратын экономикалық жағдай мен еңбек нарығының қажеттілігін ес­керу­мен олар жүйелі түрде қайта қарал­ады. Дегенмен жұмыспен қамтудың тұ­жы­рым­дамалық тәсілі өзгерген жоқ. Оқы­ту мен қайта даярлау, ісін жаңа баста­ған кәсіпкерлерге шағын несие беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жолымен уақытша жұмыс орындарын құру сынды негізгі құралдар бұрынғыша қалды. Бағдарламалардың тиімділігі негізінен жұмысқа орналасты­рылған қатысушылардың санын баяндайтын қысқамерзімді көрсеткіштермен бағаланады. Олардың жұмыспен қамту­ға, қатысушылардың табысы мен әл-ауқатына ұзақмерзімді әсерін бағалай­тын зерттеулер жеткіліксіз. Жұмыспен қамту шараларына ең көп мұқтаж адамдар қол жеткізе бермейді. Есесіне бағдарламаларға онсыз да жұмыс табуға жақсы мүмкіндігі бар адамдар қатысатын жағдайлар кездеседі.

Кейінгі жылдары жүзеге асырылған «Еңбек» бағдарламасы бірінші кезекте жұмыспен қамтудың маңызды көзі саналатын шағын және орта бизнеске бағытталып, кейіннен мұндай жұмыс орын­дарының (әсіресе кәсіпкерлік белсен­ділігі шектеулі ауылдық жерлерде) тұрақсыздығына, еңбекақының төмендігіне байланысты сәйкессіздікке тап болды. Кәсіпкерлерді шағын несиелер мен субсидиялар түрінде қолдауға қыруар қаражат бөлінсе де, ісін жаңа бастаған азаматтар білікті кадрлардың жетіспеушілігінен, бастапқы шығыстың көптігінен, нарықты игерудің күрде­лілігінен бизнесін аяқтандыру барысында көп қиындыққа жолықты. Сондай-ақ бағдарлама жұмыс күшінің ауысуын ынталандырғанымен, шалғай өңірлерде инфрақұрылым мен әлеу­мет­тік жағдай­дың жетіспеушілігі азамат­тарға еңбек ресурстарының орын ауысты­руын тартымсыз ететіні есепке алынбады.

ва

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Кадрларды оқыту мен қайта даярлау бағытына келсек, ұсынылған курс­тар мен бағдарламалардың жұмыс берушілер­дің нақты қажеттігіне сәйкес кел­меуіне байланысты проблемалар жиі туындайды. Бағдарлама біліктілікті арттыруға, жаңа мамандықтарға оқытуға бағытталғанына қарамастан, курстарда ұсынылатын дағдылар еңбек нарығында әрдайым талап етілмейді. Мүмкіндікті пайдаланғандардың көпшілігі алған білімдері мен дағдылары нақты жұмыс ортасында қолданыла бермейтінін айтады. Бұл білім мекемелері, бизнес, мем­лекеттік органдар арасындағы үйлестірудің жеткіліксіздігін, сондай-ақ оқытуға деген тәсілдерде икемділіктің жоқтығын көрсетеді. Яғни тез өзгере­тін еңбек нарығы жағдайында оқыту бағдарламасы ескірген немесе экономи­ка­ның қазіргі талаптарына жауап бер­мейтін болып шығады.

Іс жүзінде аңғарылғаны – бағдарла­малар тұрақты, пайдалы жұмыс орындарын құру үдесінен әрдайым шыға бермейді. 2008 жылдан бері 5 жұмыс­пен қамту бағдарламасы қабылданса да, ел елеулі нәтижелерді әлі күтіп жүр. Жо­ға­­ры аудиторлық палатаның жұмыс­пен қамтудың мемлекеттік бағдарла­масы аудитінің қорытындысы жұмыс орындарының көбі уақытша еке­нін көрсетті. Мысалы, «Қуатты өңір­лер – ел дамуының драйвері» бағдарла­масы шеңберінде құрылған 1,5 мың жұмыс ор­нының 90%-ы – уақытша, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған жобасы аясында құрылған 67 мың жұмыс орнының 81%-ы – маусымдық. Жалпы алғанда, жаңа жұмыс орындарының 87%-ы не­гізінен төмен өнімді, ортамерзімді секторларда құрылған.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбе­товтің пікірінше, бүгінде толық күн жұмыс істейтін азаматтардың көбісінің жалақысы кедейлік деңгейінен шығуға мүмкіндік бермейді. «2008–2024 жылдар аралығында жұмыспен қамту шараларын жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен ғана 1 трлн теңге жұмсалды. Әкімдіктер мен министрліктердің есептеріне сәйкес жыл сайын орта есеппен 900 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Мұндай қарқынмен жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар проблемасы әлдеқашан шешілуге тиіс еді. Бірақ жұмыссыздық деңгейі кейінгі 10 жылда айтарлықтай өзгермеген. Сондықтан да жұмысқа орналастыру жөніндегі статистикаға еріксіз күмәндана бастайсың. Айталық, 2023 жылдың қорытындысында 963 мың адам жұмысқа орналастырылған. Бірақ бұл ретте жұмыссыздар саны небәрі 445 мың адамды құраған», дейді депутат.

Еңбек нарығындағы нақты көріністің бұрмалануы халықты жұмыспен қам­ту бағдар­ла­ма­ларының тиімсіз­дігіне алып келеді. Сол тұрғыда елдегі жұмыс­сыздық деңгейін есептеу тәсілдері қайта қаралуға тиіс. ҰСБ дерегін­ше, өткен жылдың қорытындысында жұ­мыс­сыз­дық деңгейі үшінші тоқсанның динамикасын қайталай отырып, 4,6%-ды құрады. Жұмыссыздық дең­гейін ба­ға­­лау Халықаралық еңбек ұйымы­ның әдіснамасымен жүргізіледі. Анықтамаға сәйкес жұмыссыз – жұмыс іздейтін, жұмысқа кірісуге дайын жеке тұлға. Жұ­мыссыздық деңгейі жұмыс күші санындағы жұмыссыздар санының үлесі ретінде өлшенеді. Жұмыссыздық жөніндегі ақпарат жинау үй шаруашылықтарына ішінара тексеру жүргізу жолымен жүзеге асырылады. Жұмыспен қамтылған­дар қата­рына қоғамдық жұмыстарға уақыт­ша орналастырылған маусымдық жұмыс­шылар, сондай-ақ тұрақты табысы жоқ 2 миллионға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар кіреді. ЖОО мен колледж түлектерінің 40%-ға жуығы бірінші жылы жұмыс таба алмайды, 60%-ы мамандығына сай жұмыс істемейді. Жалақының басым бөлігінің «көлеңкеде» болуы зейнетақы аударымдары мен медициналық қамтамасыз етуде қиындықтар туғызады. 1 миллионнан астам тұрғынның зейнетақы жинағы жоқ, 3,5 миллионнан адам жұмыс орны МӘМС жүйесіне аударым жасамайды.

Айта кетерлігі, біздегі жұмыссыз­дықтың қазіргі деңгейі тіпті кейбір да­мыған елдердегіден әлдеқайда тө­мен. Мы­салы, ЭЫДҰ елдерінде былтыр жұ­мыс­­сыздық деңгейі орта есеппен 4,9%-ды құраса, Еуропада одан да жоғары. Біз­де жұмыссыздық деңгейі кейінгі 5 жыл­да тұрақты түрде 5% дең­гейінде өзге­­ріс­сіз қалып отыр. Түрлі зерт­теу­ нақты деңгей ресми статистикадан жоғары болуы мүмкін деп санайды. Мысалы, Ұлттық банк зерттеуіне сәйкес нәтижесіз жұмыспен, уақытша жұмыспен қамтылған, экономикалық белсенді емес, бірақ өз мәні бойынша жұмыссыз халықтың бір бөлігін қосқан кезде елдегі жұмыссыздықтың баламалы деңгейі 7,2%-дан 8,3%-ға дейін өзгеруі мүмкін. Дамыған елдердегідей жұмыссыздық проблемасын шешу мен оның объективті мәнін бағалайтын есепке алу әдіснамасын кеңейту қажет. Мысалы, АҚШ пен Канадада еңбекке қабілетті халықтың неғұрлым кең санатын қамтитын кеңейтілген жұмыс­сыздық көрсеткіштері пайдаланылады. Финлян­дия, Франция, Италия, Испания сияқты елдерде жұмыссыздық орташа алғанда 7%-дан 12%-ға дейін. Оларда жұмыссыздық статистикасы объек­тивті өлшемдерге негізделіп, нақты жұмыс­сыздық дерегі жасырылмайды.

Кейінгі он жылдағы статистика көр­сет­­­кендей, кәсіпкерлікті дамытуға, ин­дус­­­трияландыруға бағытталған бағдар­ламалардың әсері мардымсыз. Еңбек нарығындағы ахуал салыстырма­лы түрде тұ­рақ­ты болғанымен, кемшілік бар. Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Светлана Жақы­пова­ның айтуынша, экономиканы ынталандыру бағытында мемлекет қабылдап жат­қан іс-шараларға қарамастан, жаңа жұ­мыс орындарын құруда жеке бизнестің үлесі – небәрі 20%. Салдарынан жұмыс орындарының өсімін өнімділігі төмен салалар мен мемлекеттік сектор қамтамасыз етеді. Еліміздің еңбек өнімділігі жөнінен ЭЫДҰ елдерінен үш есе артта қалуы – осының жанама салдары.

Екінші сын-қатер – бейресми жұ­мыс­пен қамтудың жоғары деңгейі. Мәселен, 2023 жылы нақты зейнетақы аударымдарының дерегі арқылы есептелген еңбекақы төлеу қорының көлемі 20 трлн теңгені құрады, ҰСБ бағалауынша, ол 38 трлн теңгеден асады. Еңбекақы төлеу қорына қатысты деректердің ең үлкен айырмашылығы сауда, ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлік секторларында байқалады. Ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналасқан әрбір төртінші адамның міндетті зейнетақы жарнасы жоқ. Сонымен қатар экономиканың орта кәсіптік білімді кадрларға қажеттілігі өсіп келеді. Осы тұста бизнес тарапы­нан сұраныс пен жұмыс күшінің ұсынысы арасында сәйкессіздік туындайды. Кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға сұраныс жоғары білімі бар түлектерге сұраныстан 70%-ға артық. Бірақ жұмыс іздеушілердің арасында біліктілігі орташа және жоғары деңгейдегі мамандардың саны бірдей. Сонымен қатар жұмыс күшінің сапасы да қанағаттанарлықсыз. Осындай түйткілдердің аясында теңгерімді еңбек нарығын құру, яғни цифрлық баламада экономикада 3,8 млн сапалы жұмыс орнының болуы, табыстың өсуі (1,7 млн адамның орташа жалақысын көтеру), бейресми жұмыстың 15%-ға дейін төмендеуі, әлеуметтік онлайн-қызмет көрсету индексі бойынша әлемдегі үздік ондыққа кіру сияқты стратегиялық мақсат қойылған 2030 жыл да алыс емес.

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше