Тұлға • 04 Наурыз, 2025

Маңғыстау геологиясының майталманы

80 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Автандил Акакиевич Гавашелишвили – облыстық «Сакартвело» этно­мәдени бірлестігінің ақсақалы, өңір­дің айтары бар азаматтарының бірі. Грузияның көрікті аймағында – Он ауданының Геби ауылында дүниеге келіп, еркін өскен ол тағдырым қазақ даласымен, оның ішінде киелі Маңғыстау өңірімен байланысты өрбиді деп ойламағаны анық. Алайда уақыт пен тағдыр өз қалауын жасайды.

Маңғыстау геологиясының майталманы

В.Ленин атындағы грузин политехникалық институтын тау-кен инженері – геолог маман­дығы бойынша бітірген оны 1978 жылы Қазақ­станға арнайы маман ретінде жібереді. Елдің батыс өңіріне келіп, мұнай өндіру ісіне белсене кіріскен Автандилді бүгінде Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына мол үлес қосқан азамат деп сеніммен атайды.

Қазақ даласындағы алғашқы еңбек жолы 1978 жылы Маңғышлақ геологиялық барлау басқармасында Батыс Қазақстан аумақтық геологиялық басқармасы жанындағы іздестіру-түсіру экспедициясында инженер-геолог болумен басталады. 1980 жылы «Запқазжерқойнауы» өндірістік-геологиялық бірлестігі жанындағы экспедицияға ауыс­тырылып, онда инженер-геолог, учаске бастығы және Ауырташ геологиялық барлау басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. Жұмыс барысында ол Ауырташ кен орындарының Барит – Целестин кендеріне алдын ала және егжей-тегжей барлау жүргізіп, барлау жұмыстары сәтті аяқталған соң, КСРО мемлекеттік қор комиссиясында белсенді қыз­меті үшін қатысушылардың тізіміне енгізіліп, еңбегі бағаланды. Еңбек майданындағы үздік­сіз де ауыр жұмыстарынан өз ісінің шебері, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жұмысқа жауапкершілігі мол маман ретінде танылған А.Гавашелишвилиді басшылық 1981 жылдан бас­тап Бозашы гидрогеологиялық басқармасының бастығы етіп тағайындады.

Автандил Гавашелишвилидің өңірдегі ірі кен орындары – Қаламқас және Қаражанбас мұнай кәсіпорындарына да сіңірген еңбегі мол. Ол аталған кәсіпорындарды сумен жабдықтау үшін техникалық суларды барлау бойынша егжей-тегжей жұмыс жүргізуге қатысты. Оның басшылығымен Солтүстік Ақтау жер­асты суларының кен орындарына да барлау жасалып, Маңғыстау облысының барлық гидрогеологиялық ұңғымаларына паспорттау жұмыстары жүргізілді.

– Жұмыстың жеңілі жоқ, бірақ өз ісіңді, мамандығыңды сүйсең, жұмыс барысында кездескен қиындықтан қорықпайсың, қайта сол қиындықты жеңіп шығуға бел буасың. Бұл тәуекел нәтижелі жұмысқа жол бас­тайды. 1997–2005 жылдары «Маңғыстау-Мони­торинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамында бас инженер болып Маңғыстаудағы жерасты сулары қорына, су кен орындарына, «Қошқар ата» полигонына мониторинг жүргіздік. Менің басшылығыммен облыстағы гидрогеологиялық ұңғымалар зерттеліп, 301 дана ұңғыманы тіркедік, оның ішінде 119 ұңғыма суының минералдық көрсеткіші өте жоғары екені анықталды, – дейді А.Гавашелишвили.

2005 жылы Автандил Акакиевич елімізде минералдық-шикізат базасын дамытудағы еңбегі үшін Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің «Запқазжерқойнауы» аумақтық басқармасының Құрмет грамотасымен, сондай-ақ Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің алғысымен, «Қазақстан Республикасының жер қойнауын барлау үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Үздіксіз және үлгілі еңбегі үшін 2012 жылы желтоқсанда «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

2007 жылдан бері «Маңғыстау-Геология» серіктестігінің директоры болып қызмет етіп жүрген Автандил Акакиевич Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосудан тыс қалған жоқ. Ол құрған іскер ұжым мен материалдық-техникалық тұрғыда жақсы жабдықталған база облыс аума­ғында инженерлік-геологиялық және инженерлік-гидрогеологиялық зерттеулерді сапалы жүргізіп келеді.

Өз мамандығын сүйетін және адал қызмет етуді азаматтық парызы санайтын Автандил Акакиевич өңірдің қоғамдық істерінен шеттеп көрген жоқ. Ол – «Маңғыстау облысын 2020 жылға дейін сумен қамту және сумен жабдықтау» тұжырымдамасы авторларының бірі, аймақ басшысы жанынан құрылған Экологиялық кеңес мүшесі және облыстағы су қорын сақтау және пайдалану мәселелерін шешу, елді мекендерді суман қамтамасыз ету жұмысшы тобының мүшесі. Бұл Автандилдің мамандығына, біліміне қатысты белсенділігі болса, этносаралық татулықты сақтау бойынша ассамблея жұмыстарының нақ ортасында жүреді. 1998 жылы құрылған «Сакартвело» грузин ұлттық мәдени орталығы төрағасының орынбасары, 2014–2021 жылдары аталған бірлестіктің төрағасы болды. 2023 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы Маңғыстау облысы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі.

– Жазы жаңбырлы, қысы қалың қарлы Грузияда туып-өскен мен Маңғыстауға 22 жасымда келдім. Күні шақырайған, жазы аптап ыстық өлкеге үйрену қиын болған жоқ, себебі жергілікті тұрғындардың қонақжайлығы, ыстық ықыласы әрбір қиындықты жеңуге күш берді. Ол кезде адамдар әдемі, жайлы-сайлы үйде тұрған жоқ, әйтсе де пейілдері ерекше еді. Маңғыстаудың сол кездегі әр ауылындағы әр отбасы мені таниды, мен оларды танимын, әр жолы сағынышпен қуана кездесетін едік. Жаны жомарт, мейірімді, қонақжай қазақ халқына алғысымыз шексіз, – дейді А.Гавашелишвили.

Елдің тыныштығын, этностардың тату­лы­ғын басты орынға қоятын аға буынның өкілі Автандил ағамыздың ақ тілегі қабыл болғай.

 

Маңғыстау облысы