Заң мен Тәртіп • 05 Наурыз, 2025

Адам құқын қорғаудағы ілкімді шаралар

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде адам құқын қорғау саласын­да ілкімді жұмыстар қолға алынды. Тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қарсы заң қабыл­даудан бастап адам сауда­сының алдын алуға дейінгі өзекті мәселелер шешімін тауып келеді. Алайда заң тұрғы­сынан реттеуді қажет ете­тін түйткілдер әлі де бар. Бұл мәселемен Президент жанын­дағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия тұрақты түрде айналысады.

Адам құқын қорғаудағы ілкімді шаралар

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

28 ақпанда Игорь Роговтың төр­ағалығымен өткен комиссияның кезекті отырысында адам саудасына қарсы тетіктерді жетілдіру, зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің өзекті мәселелері, еңбек мигранттарының балаларын, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандарын, т.б. құжаттандыру секілді күн тәрті­бін­дегі өзекті мәселелер талқыға салынды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпо­ваның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық құрбандарына арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсететін – 48, оның ішінде мемлекеттік секторда – 20, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шең­берінде 28 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Мұндай мекемелер әрбір облыс орталығында бар.

«2017 жылдан 2024 жылға дейін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 27 мың құрбанына арнайы әлеумет­тік қызметтер көрсетілді. 2025 жылы  1 қаң­тарда дағдарыс орталықтарын­да арнаулы әлеуметтік қызмет 4 656 адамға, оның ішінде 1 446 әйел мен 3 200 балаға көрсетілген. Барлық арнаулы әлеуметтік қызмет алушыға арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі, оның ішінде әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеумет­тік-психологиялық, әлеуметтік-педа­гогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеу­меттік-мәдени, әлеуметтік-эконо­микалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетіледі», деді С.Жақыпова.

С.Жақыпова биыл министрлік арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялауды бастағанын баяндады. Ол арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін барлық орталық тиісті лицензия алуға тиіс екенін айтты.

Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-лейте­нан­ты Игорь Лепеха биыл қаңтар айында еліміздің барлық өңірлік полиция департаментінде отба­сылық-тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа қарсы күрес жөніндегі ма­ман­дандырылған бөлімше­лер құрыл­ғанын атап өтті. Оған қоса ІІМ Әкімшілік полиция ко­митетінің құрылымында дербес бөлімше – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес басқармасы құрылған. Оның қыз­меті зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жинақталған жүйелік проблемаларды жоюға бағытталады.

«Отбасындағы зорлық-зомбы­лық тәуекелдерін анықтау мен бақы­лаудың жаңа алгоритмдері әзірленді. Жедел топтар жағдайды талдаудың цифрлық құралдарын қолдана отырып, отбасылық зорлық-зомбылық жағдайларын болдырмас үшін жедел әрекет етеді. Ресми арыз келіп түскенге дейін, оның ішінде қайталанған жанжалдар туралы деректер негізінде де зорлық-зом­былықтың алдын алу жүргізіліп жатыр», деді И.Лепеха.

Ішкі істер министрінің орынбасары уәкілетті органдар тарапынан медициналық, психологиялық, құқықтық көмек көрсетуді мақсат тұтқан 74 дағдарыс орталы­ғын­да барлық қажетті жағдай жасалға­нын, зардап шеккендерге психоло­гиялық қолдау жұмысы ұйымдас­тырылғанын, әйел тергеушілерге тергеу әрекеттерін жүргізуге мүмкіндік берілгенін атап өтті.

«Сана-сезім» әйелдер бастама­ларының құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Шахноза Хасанова 2019–2024 жылдары 1 500-ден аса құжатсыз адамға көмек көрсетілгенін айтты. Оның ішінде «Сана-сезім» заңгерлері құ­жа­ты жоқ 228 кәмелетке толмаған ба­ланы анықтаған. Оларға өмірде өздерінің бар екенін ресми растауға мүмкіндік беріліп қана қоймай, білім алуға, медициналық қызметтерге және басқа да әлеуметтік мүмкіндік­терге қол жеткізуге жол ашылды. Арасында адам саудасының, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары да бар.

«Туу туралы куәлігі жоқ балаларды құжаттандыру жүйесін жақсартуда кешенді шаралар енгізу қажет. Осыған орай келесі бастамаларды ұсынамыз. Біріншіден, бала­ларды тіркеу процедурасын жеңілдету керек. Құжаты жоқ адам­дардың мүддесін көздейтін аза­­маттық қоғам ұйымдарынан бері­летін ресми сұрауларға жауап ұсы­нуды қоса алғанда баланың өмір­ге келгенін растайтын балама тетік­терді енгізу қажет. Екіншіден, құжатсыз адамдарды, соның ішінде балаларды тану хаттамасын жасау бойынша учаскелік инспекторлар жұмысын жандандыру керек. Үшіншіден, оларға білім алу мен медициналық қызмет алудың қолжетімділігін қамтамасыз еткен жөн. Төртіншіден, құжатсыз ата-ана үшін балаларға қатысты ДНҚ-тест тапсыру төлемінен босату қажет», деді Ш.Хасанова.

Комиссия отырысында өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, омбудсмендер, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, адвокатураның, білім ұйымдарының өкілдері қаты­сып, адам құқын қорғауға қатысты ойларын ортаға салды.