
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ел астанасы Ақмолаға қоныс аударған кезден бертінге дейін елордада көкпен таласқан небір зәулім ғимарат, тұрғын үй бой көтерді. Құрылысқа елдің түпкір-түпкірінен жұмысшылар ағылды. Олардың көбі жұмыс бабымен келіп, қаланың тұрғылықты халқына айналды. Қазірдің өзінде Астана елдегі жұмысшы мамандар көп шоғырланған қалалардың көшін бастайды. Елордада 194,4 мың жұмысшы мамандық иесі тұрады. «Grand Building Group» компаниясы салып жатқан «Білім» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңына барғанда, жұмыс қауырт-қарбалас жүріп жатты. Қаңқасы ғана тұрғызылып, қабырғасы ырсиып-ырсиып тұрған үй көп, соның ішінде ауы мен бауы түгенделіп, әне-міне пайдалануға берілгелі тұрған ғимараттың автотұрағына түсіп, құбыр жүргізетін жұмысшылармен тілдестік. Құбырды құбырға жалғап, су жүретін жолды ықтияттап қиюын келістіріп жүрген сантехник Мадияр Өтеновтің қимылы ширақ. Бел қайысатын жұмыс болмағанмен, жауапкершілігі орасан.
– Сантехникамен алты жылдан бері айналысамын. Құрылысқа келгенде сантехниктің көмекшісі болып біраз жүрдім. Жұмысқа икем келмей, қиналғаным бар. Уақыт сәтімен салаға шындап қызыға бастадым, оқу оқыдым. Қалай дегенде нарықта біліктілігі бар жұмысшының бәсі жоғары. Жұмыстың кейбір өлшемге келмейтін, миға сыймайтын тұстарында өзіңнің талай жылғы тәжірибеңе сүйенесің. Істегенің тиянақты болмаса бәрі бекер. Мына 19 құбырдың әрқайсының өз қызметі бар. Құрылыс басында өзіміз құбыр жүргізгеннен бөлек, жылу батареяларын орнатамыз. Қолымнан дәнекерлеу де келеді. Бұл маған қосымша табыс әкеледі. Мысалы, былайғы сантехниктер айына 300 мың теңгенің үстінде жалақы алса, мен 500 мың теңгеге жуық аламын. Еңбек етемін деген жастарға әр кез жұмыс табылады. Үйіндегі сантехникалық жұмыстарға шақыратын тұрғындар көп. Бірақ олардың барлығына бірдей үлгере бермеймін. Отбасылымын, Астанада әзірге жеке баспанам жоқ. Қарап жүрмей, үйлі болуға қарекет жасап жатырмыз. Өзім жұмыс істейтін компания арқылы үй алуға мүмкіндік, жеңілдік бар екен. Сәті түсіп тұрса, соны пайдаланармыз,– дейді М.Өтенов.
Мадияр шаруаға епті, қолынан келмейтіні жоқ екен. Сантехника, дәнекерлеу ісінен бөлек, жеңіл көліктердің қозғалтқышын, басқа да бөлшектерін жөндей алады. Көліктерге қызмет көрсететін орталықта төрт жыл жұмыс істеген. Келешекте үйдің жайын реттесе, көлік жөндеу жұмысын да қатар алып жүргісі келеді.
Көлік тұрағынан шығып, құрылыс прорабтарына қарай беттедік. Құрылыстың қыр-сырына әбден қанық Ләззат Бекқұлова бұл салада 1999 жылдан бері еңбек етеді. Жасы егде тартқанмен, шаршадым деген ол жоқ. Заты әйел болса да, заманының зәруін өтеп тұрған кәсіби маман.
– 1999 жылы жұрт жаппай екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүрген кез еді. Жеке өмірімде де қиындық болып, бір айналдырса, шыр айналдырып тұрған уақыт-тын. 30 жастан асқанда Астанаға қоныс аудардым да, құрылысқа кірісіп кеттім. Ол кезде әрлеу жұмыстарында кіл өзге ұлт өкілдері істейтін. Қолыма алғаш шпатель алғаным есімде. Қабырғаны сылайтын гипс қоспаны шпательмен мықтап ұстап қабырғаға жағып кеп жібердім. Сол сәтте-ақ әлгі қоспам қабырғаға жұқпай, бетіме түсті. Әрекетімді бақылап тұрғандар күлкіге қарық болды. Намысқа тырысып, тағы қоспаны жағып кеп жібергенде әйелдер «намысшылын қарай гөр» деп таңырқады. Көп ұзамай-ақ жұмысшылардың қатарын толықтырдым. Үш жылдан кейін прораб болдым. Бұрынырақта комсомолда болғаным бар, сол кезде қалыптасқан ұйымдастырушылық қабілетімнің пайдасы тиді. Астанадағы «Салтанат сарайы», спорт кешендері сынды ірілі-ұсақты құрылыста прораб болдым. Қолынан іс келетін талай шебер жұмысшыларды көрдік. Тірлігіне жүрдім-бардым қарайтын жұмысшылардың қате-кем тұстарын түзеуге тырыстық. Қисық жерді байқап, соны ескертсек, кемшілігінен ұялып, бірден түзете қоятын жігіттер бар. Жұмыс сапалы болуы үшін небір ойға кіріп-шықпайтын қиын әдістерді қолданатын мықты инженерлерді көрдік. Өзім қате-кемшілікті анықтасам жұмысты қабылдамаймын. Өйткені ертең жұмысшылар кеткенде құрылыс сапасына басшылықтың, тұрғындардың алдында жауап беретін өзім, – дейді Ләззат Бекқұлова.
Жалқауланбаса, құрылысшыға әр кез нәпақа табылады. Біздің кейіпкеріміз Ләззат та жүрген жерінде жастарға осыны ұқтырудан жалықпайды.
– 2000 жылдардың басында, елдегі жағдай аумалы-төкпелі болып тұрғанда сылақшының жұмысын тек әйелдер істейтін. Қазір бояу-сырлаумен айналысатын қыз-келіншек сирек. Мысалы, біздің құрылыс басында менен басқа әйел жоқ. Жалпы, әрлеу-сырлаумен айналысатындарға жұмыс көп. Жаңа салынған үй де уақыт өте келе тозады. Ал оны әрлеуге маман керек. Білікті маман ешуақытта жерде қалмайды. Шеберлігіңді байқаса, қол-аяғыңды жерге тигізбей, жұмыс берушілердің өздері-ақ таласа шақырып алады. Талай жыл құрылыста жүргеннен болар, бір үйге қонаққа бара қалсам, бірден бөлменің бұрышына қарайтын әдетім бар. Жұмыста да кедір-бұдыр, сапасыз жасалған жұмысты бірден көре қоямын. Айтпақшы, кейінгі жылдары байқағаным, құрылыс компаниялары барынша сапаға мән беріп келеді, – дейді Ләззат.
Құрылысты кран машинисінсіз елестете алмайсың. Зәу биікте отырып, кранмен қалып құрау оңай шаруа емес. Өйткені техниканың аты техника, қауіпсіздігіне ешкім 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Кран машинисі Жандос Бекжанұлы бұл қызметті 2013 жылдан бері атқарады. Оқуын оқып, 2019 жылдан бері Астанада құрылыста еңбек етеді.
– Жалақымыз 500 мың теңгенің шамасында. Қуантарлығы, компаниядан жұмысшыларға жеңілдіктер қарастырылған, биыл өзім үйлі болдым. Иә, кран жүргізетін мамандар тапшы дегенді ақпарат көздерінен жиі естиміз. Расымен, өзімізді жұмысқа шақыратын компаниялар көп. Алайда жұмыс жеңіл емес. Таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін осындамыз. Мен басқаратын кран Қытайда жасалған. 25 тоннаға дейінгі жүкті оңай көтереді. Биіктігі 44 метрге дейін жетеді. Қауіп те аяқ астынан ғой. Жұмысшылар жүкті кранға дұрыс ілмесе де қиын. Тростың ақауы болған күннің өзінде, ол көзге көрінбейді. Әлеуметтік желіден кран тізгіндегендердің небір оқыс оқиғаларын көріп, жанымыз түршігеді,– дейді Жандос жұмысының аса жауапты екенін меңзеп.
Кірпіш қалайтын жұмысшылардың еңбегі де елеулі. Еңбек нарығында мұндай мамандарға сұраныс жоғары. Құрылыс барысында Қайрат Жақсылық есімді азаматпен таныстық. Қырық шақты жұмысшының басын қосып, жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жүр. Жас та болса, құрылыс саласында біршама тәжірибесі бар.
– 2016 жылы тас қалаушы ағамның қасында көмекші болып жүрдім. 18 жасқа жаңа толған кезім. Сондағы жұмысыма күніне 8 мың теңге алатынмын. Кейін бригадир болдым. Тәжірибе жинай келе, жеке шығуды ойладым. Алғаш құрылысқа келгенде саладағы бірқатар қиындықты көзім жетіп, ойландым. Сол кез бір компания алған құрылыс жоспарын екінші, үшінші бір компания орындайтын. Ортада жоқ жерден пайда табатын делдалдар көп еді. Қазір оның барлығы заң жүзінде тиылды. Сол жағы қуантады. Жұмысшыларды басқару оңай шаруа емес. Әркімнің отбасы, бала-шағасы бар. Небір компанияларды көрдік. Кей-кейде қаржы кешіктіріліп берілетін кездер болады. Сонда жұмысшыларға қалай да ақша тауып беруіміз керек. Адал еңбектің ақысын жеуге, кешіктіруге болмайды. Кейде жұмысшылармен жүріп өзім де кірпіш қалаймын. Егде жастағы тас қалаушымыз – 60-қа толды. Жастарға қарағанда сол тәжірибелі аға буын мамандар жұмысқа шебер. Жастар асығыс жұмыс істесе, шалағайлығы білінеді. Ондай жағдайда қате-кемшілікті қайта түзейміз. Тірлікке мүлде қыры жоқ, ебі келмейтін жұмысшыларды, өкінішке қарай, жұмысқа алмауға мәжбүрміз. Бірақ міндетті түрде сол күнгі ақысын төлейміз. Жұмысшылардың жеке шаруасына да қарайласуға тырысамын. Себебі өзіміз де сол кісілердің арқасында нанымызды тауып отырмыз. Жақсы тапсырыс түскен кездері айына 1,5 млн теңгеге дейін табыс табатындар бар. Ең төмен жалақы 400 мың теңге көлемінде. Жұмысшылардың маңдай тер ақысын кешіктіріп, тіпті төлемей кеткен компаниялар болды. Мұндайда жұмысшыға өз қалтамнан ақша төлеп, шығынға баттым. Әзірге қалада өзімнің де үйім жоқ. Келешекте жұмыс алға басып жатса, іске асырамын деп ойлап жүрген арман-мақсатым көп. Орайы келіп жатса, жұмысшыларға уақытша тұрғанға пәтер алып беру де жоспарда бар. Әйтпесе, қалаға кеше келген жұмысшыға пәтерақының өзі біраз салмақ салады,– дейді Қ.Жақсылық.
Арқаның аңызақ желі, шыңылтыр аязында аңырап тұрған құрылыста жұмыс істеудің қиындығы көп, денсаулыққа да зиян. Құрылыс басында, әсіресе, жоғары қабаттарда соққан ызғарлы жел өңменіңнен өтеді. Сантехник, дәнекерлеушілер жұмыс істеп жатқан жертөлеге әлі жылу қосылмаған соң суық тартады. Қырық құбылатын күн райына қарамайтын кірпіш қалаушылардың, сылап-әрлеушілердің, кран тізгіндегендердің, тыста арматура тоқып отырғандардың бәрі-бәрінің еңбегі елеулі. Талай үйді өз қолымен тұрғызған құрылысшылардың көбінде өз үйі жоқ. «Жұмысшы мамандықтар жылында» жасалатын игілікті осы қарапайым құрылысшылар да сезініп, еңбегінің рахатын көрсе игі еді дейсің мұндайда.