Туризм • 02 Сәуір, 2025

Көкжиегі кең, келешегі зор сала

57 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тайдың IV отырысында туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс екенін айтты. Туризм – экономиканың қарқынды дамуына ықпал ете­тін әрі инвесторлар үшін тартымды сала. Осы тұрғыда елі­міз географиялық жағынан оң­тайлы орналасқанына, алуан түр­лі табиғатымыз, бай әрі біре­­гей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм сала­сындағы әлеуетін толық, жан-жақты пайдаланбай келеді.

Көкжиегі кең, келешегі зор сала

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Президент жергілікті жердегі рес­публикалық, халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал ететінін айта келіп: «Биыл Таразда өтетін «Достастық жәрмеңкесі» осындай жобаның бірі болмақ. Жәрмеңкеге көптеген елдің қолөнершілері мен ауыл шаруашылығы мамандары шақырылды. Бұл іс-шара серіктес елдермен экономикалық байланысымызды одан әрі күшейтеді. Сонымен қатар ең көне сауда және мәдениет орталығының бірі – Тараз қаласының беделін арттыра түседі, облысқа жаңа инвестиция тартуға және туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді. Жалпы, әр аймақта жұртшылық асыға күтетін әрі дәстүрге айналған осындай маңызды мәдени-туристік іс-шаралар өтіп тұрады. Оны негізінен демеушілердің қаражаты есебінен ұйымдастырған жөн. Іс-шараларды жыл бойы жалғасатындай етіп біркелкі бөлу, бренд ретінде қалыптастырып, жарнамалау қажет», деді.

 

Сұранысқа ие бағыттар

Жақында «Еuronews» арнасы 2025 жылдың туристік трендтерін жариялады. Зерттеуде еліміз астротуризм ба­ғыты бойын­ша танылды. Астротуризм «Жұл­дыз­ды аспанды» бақылайтындарға қызық болған соң, туризмнің осы бағытын аспан денелерін, яғни жұлдыздарды тамашалауға қолайлы жазық далада дамытса болады. Бірер жыл бұрын Ұлыбританияның «Time Out» басылымы әлемнің әр түкпірінде жұлдыздарды тамашалауға қолайлы 10 ту­ристік бағыттың тізімін жариялап, оған Арал теңізі де енген еді. Былтыр қаңтарда еліміз «India Today» нұсқасы бойынша «Үнді саяхатшылары үшін негізгі бағыт» аталымын иеленді. «Wanderlust Reader Travel Awards» байқауында сұранысқа ие жаңа бағыттардың топ бестігіне енді. «Lonely Planet» халықаралық баспа компаниясы да елімізді жыл сайын шығатын «best in Travel 2025» рейтингінде саяхаттауға арналған ең үздік елдердің бірі деп бағалады. Сонымен бірге «CNN Travel» арнасы да Алматы қала­сын биыл саяхаттауға тұрарлық ең үздік орындар тізіміне енгізген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық деңгей­де ел туризмінің визит картасына айналатын, келешегі мол үш өңірді айқындады. Қазірде «Бурабай», Маңғыстау курорттық аймақтарын, Алматы тау кластерін дамытуға баса назар аударылып отыр. Үш дестинация бойынша 8 бағытты қамтитын 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарды түзету жұмыстары жүріп жатыр. Жос­парда дестинациялардың табиғи ресурс­тары мен туристік әлеуетін тиімді пайдалану үшін тұрақты инфрақұрылым құру көзделген. Сондай-ақ туристік аймақ­тардың қонақтарға тартымдылығын арттыру, қызмет көрсету сапасын жақсарту сынды жұмыстар рет-ретімен іске асады. Туристік тартымды бағыттарға айналып келе жатқан Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі курорттық аймақтарының да әлеуеті жоғары. Президент тапсырмасымен қазір аталған үш өңірде жаңа әуежайдың құрылысы басталды.

Туризмге таптырмайтын өлке­­лер ­туралы айтқанда Астана қаласы, Ақмола облысы төңіре­гін­дегі ауылдарды ерекше атап өту керек. Мұнда іскерлік туризм, медициналық туризмнен бөлек, эко­туризм, этнотуризм ілгерілеп келеді.

 

Алматыға асығатын қауым көп

Туризмді дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілмесе, біржақты тірліктен нәтиже шығару екіталай. Бірінші, туристік аймаққа жеткізетін тақтайдай тегіс жол қажет. Екінші, аумақтағы инфрақұрылым қонақтарға жайлы болуға тиіс. Үшінші, жарық, су, тазалық мәселесіне турис­тер мүлде алаңдамауы керек. Туризмді дұрыс жолға қоюды ойластырған өңірдің бірінші кезектегі, негізгі міндеттері осы. Сондай-ақ қонақтарға қызмет көрсету сапасында мін болмауға тиіс. Туризмді дамытуға бел буған елдің қауіпсіздігімен қатар, туристік аймаққа жақын қаланың қолайлы болғаны керек. Туристерге арналған нұсқамалар, қарта, платформа, визит-орталықтар қажет.

Былтыр елімізге шетелден сапарлап келгендердің саны 15 млн адамнан асқан. Бұл алдыңғы жылғы статис­ти­кадан екі есе көп. Көрсеткіш биыл, келер жылы тағы өсуге тиіс. Туризм сала­сындағы 14 экономикалық қызмет түрi­нің жалпы классификаторы бойынша бюд­жетке салық түсімдерінің көлемі 253,5 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жыл­дың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 25% артық. Салықтың басым бөлігі азық-түлік өнімдері мен сусын ұсыну сияқты қыз­мет­тердің есебінен түскен. Туристер саны жөнінен Алматы қаласы көш бас­тап тұр. Қалаға туристердің 25%-ы барған. «Limon Travel» туристік компаниясының жетекшісі, сарапшы Алмас Маратұлы Алматының түрлі басымдықтарын тиімді пайдалануды ұсынады.

– Елдегі туризмнің, оның ішінде экотуризмнің бастауы – Алматы аймағы. Қалаға шетелден келетін туристер ағыны жылдан-жылға көбейіп келеді. Алматы тау кластері – еліміздің визиттік картасы. Облыс аумағындағы ауылдар жыл өткен сайын құлпырып, тұрғындары туристерге жан-жақты жағдай жасауға тырысып жатыр. 2016 жылы өзіміздің туристік компанияны ашып, жұмысқа кіріскенде, Алматы облысы мен қаласының аумағында 4000 туристке қызмет көрсеттік. Қонақтарды Көлсай, Қайыңды көлдеріне, Шарын шатқалына апардық. Беріде, 2021 жылы Түркістанда Орталық Азиядағы аса ірі туристік кешен ашылды. Сол Керуен сарайға көп бардық. Алматыдан аптасына 150–200 адамды компания атынан жіберіп тұрдық. Қазірде ел азаматтары Түркістан десе Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенесінен бөлек, Керуен сарайды да еске түсіреді. Елімізде өзен-көлдер, жазық дала, тау кластері, адам аяғы баспаған табиғат, орман алқаптары – бәрі-бәрі бар. Бозжыра шатқалы қандай. Шығыс Қазақ­станның табиғаты тіпті керемет. Осы өлке­лердің бірін Түркістанды елдегі турис­терге жарнамалағандай шетелдіктерге танытуға болады, – дейді Алмас.

 

Көрікті жерлерді жарнамалай білу керек

Қазір табиғаты бай өлкелермен қатар тарихи-мәдени орындарды елдегі, шетелдегі туристерге танытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Бұл ретте цифрлық, онлайн-ресурстардың, халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелердің, отандық, шетелдік ақпарат құралдарының мүмкін­дігін молынан пайдалануға басымдық берілген. Халықаралық компаниялармен ынтымақтастық аясында баспасөз турлары ұйымдастырылып тұрады. Туристік дестинациялардың тартымдылығын арт­тырып, іскерлік байланыстарды нығай­ту мақсатында шетелдің белгілі тұл­ға­лары мен қайраткерлерінің арасынан «Қазақстан туризмінің елшілері» тағайындалатын болды. Былтыр қазақ тілінде еркін сөйлейтін жапон жігіті, по­лиг­лот Юджи Натсума осы құрметті атақ­қа ие болды. Блогер әлеуметтік желіде­гі контенті арқылы әлемнің әр қиырындағы оқырманын еліміздің бай мәдениеті мен таңғажайып табиғатын тануға шақырады.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен «AirAsia X» әуе компаниясы шетел туристерінің қызығу­шылығын арттыру мақса­тында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Осы орайда Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде еліміз бағытындағы саяхаттың танымалдығын арттыру мақса­тында қолға алған жұмыстар жемісін бере бастады. Айталық, Алматы бағытына ұшуға сұраныс 30%-ға артты. Жалпы, қонақтарды ақпараттандыру бағытында іске асып жатқан жұмыстар сан алуан. Бұл жөнінде Туризм және спорт министрлігіне сауал жолдап, ресми жауап алған едік.

– «ITB Berlin тәрізді ауқымды көрмелер арқылы еліміздің туристік әлеуеті әлем жұртшылығына кеңінен таныстырылады. Көрмеде Шығыс Қазақстан облысындағы «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қоры» «Гүлденген қоғамдастықтар» санатында 3-орын иеленді. Былтыр 20 мемлекеттің өкілдері үшін Ақмола, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстарына, Астана, Алматы қалаларына 17 ақпараттық тур ұйымдастырылды. Ел азаматтары көрікті жерлерге саяхат туралы 24 мыңнан аса ролик әзірлеп, ерекше локацияларды көрсетті. Жоба көпшіліктің ел ішінде саяхаттауға қызығушылығын арттырып, екінің бірі әлі де білмейтін ерекше орындармен таныстырды», деп жазылған министрліктің ақпаратында.

 

Кәсіпкерлерді қолдаса, жұмыс жанданады

2022 жылғы қаңтардан бастап кәсіп­керлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу, субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары туризм сала­сындағы 7 бағыт бойынша көр­сетіліп келеді. Оның ішінде туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығын­дарының 10% өтеу жөнінде жәрдем қарастырылған. Екінші, санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға бағыт­­­­­талған кәсіпкерлік субъектілері шығын­дарын ай сайын 83 300 теңге көле­мінде субсидиялау тапсырмасы бар. Үшінші, кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы сервис объектілерін салу жөніндегі шығындарының 10%-ы өтеледі. Төртінші, туристік қызметтегі кәсіпкерлік субъектілері жүргізушінің орнын қоспағанда, отыруға арналған сыйымдылығы сегіз орыннан асатын автокөлік құралдарын сатып алатын болса, шығынының 25%-ы өтеледі. Бесінші, тау шаңғысы курорттарына жабдықтар мен техника сатып алу бойынша кәсіпкерлік субъектілері шығындары құнының 25%-ын өтеу тәртібі бар. Сондай-ақ ел аума­ғында кәмелетке толмаған жолаушыларды ұшақпен тасымалдау кезінде туристік өнім­ге енгізілген билеттің құнын субсидия­лау тетігі қарастырылған. Қазір елде балалар авиабилетінің 100%-ы субсидияланады. Былтыр туризм саласын­дағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Алматы тау кластері, Маңғыстау облысы, Бурабай курорттық аймағына арналған кешенді бизнес-жоспарлар әзірленді. Жобалар кәсіпкерлерге өз қызметін тиімді ұйымдастыруға, экономикалық негізделген шешімдер қабылдауға, туристік инфрақұрылымды дамытуға қажетті құралдар ұсынады.

Президент туризмге инвестиция тарту мәселесін бірнеше мәрте айтты. Былтыр шетелдің ірі инвесторлармен 15-тен аса кездесу өтіп, жоба­лар талқыланды. Инвесторларға жеңіл­детілген қаржыландыру мүмкін­діктерін ұсыну, шетелдік қаржы институттарымен серіктестік орнату бағытында да көп жұмыс атқарылды. Алдағы уақыт­та Маңғыстау облысының «Жылы жағажай» аумағындағы инвести­ция­лық жобаларды аяқтау көзде­ліп отыр. Онда қазір шетелдік инвесторлармен қатар еліміздегі компаниялар өз жобаларын іске асырып жатыр. Инженерлік инфра­құрылымды дамыту жөніндегі жұмыстардың бірінші кезеңі 2021 жылы аяқталып, «Rixos Water World Aktau» көпфункционалды туристік қонақүй кешені, аквапарк ашылды. Енді «Жылы жағажай» аумағында төрт жұлдызды қонақүйлер мен сауда орындары салынады деген жоспар бар. Кейінгі жылдары Алматы өңірінің қысқы туризмдегі әлеуетін кеңейтуге көп көңіл бөлініп, тау шаңғысы инфрақұрылымын дамытуға қатысты жобалар іске асып келеді. Елде туризм бағытында нақ қазір үйлесіп жатқан екі ірі жоба осы. Сондай-ақ Қытаймен туризм саласында берік байланыс орнап жатқаны белгілі. Әлемнің көптеген елімен визасыз режім жүйесі арқылы байланыс орнады. Мұның барлығы, сайып келгенде, туризмді дамытуға бағытталған нақты қадам.