
2015 жылы атауын өзгерткен өндіріс орнында түрлі салаға маманданған бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік пайда болды. Бертін келе бірнеше өндіріс орны мен зауыттың басын қосқан компаниялар тобына айналды. Қазір «БЕНТ»-қа қарасты кәсіпорындар бірнеше үлгідегі темір-бетон шпалдарды, өндірістік қуаты жылына 800 мың данадан астам рельс бекіткішін шығарады. 2016 жылдан бастап жұмыс істейтін «ҚапшағайХимМонтаж» ЖШС қиыршық тас пен шойтас өндіреді. «Автоклав KZ» ЖШС автоклавты газ блоктарын шығарумен айналысады. Өндірістік қуаты – жылына 150 мың текше метрден астам газ блогі.
Компания басшысы Дінмұхамед Кузиевтің айтуынша, зауыт өнімі – қабырғаларды, қалқаларды, қасбеттерді жылыту сияқты әртүрлі құрылыс үшін таптырмас құрал.
«Автоклавты газ блоктарын өндіру кезінде жоғары сапалы материалдарды ғана пайдаланамыз. Оларда сапа сертификатының бар-жоғы тексеріледі және міндетті түрде зертхананың кіріс бақылауынан өтеді. Технологиялық үдеріс толығымен автоматтандырылған және компьютерлендірілген, бұл адам факторын іс жүзінде болдырмауға мүмкіндік береді. Кәсіпорынға салынған инвестиция 2 млрд теңгені құрайды, сондай-ақ 150 жұмыс орны құрылды», дейді Д. Кузиев.
2023 жылы құрылған «Fasteners Metal» БК» ЖШС – Алматы облысында ашылған ең алғашқы Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорыны. Аталған кәсіпорында өндірілетін рельстік бекітпелер отандық теміржол мен метрода қолданылады. Сондай-ақ Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, басқа да елдерге экспортталады. Бұл өндірісті іске қосу «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бас мердігерлеріне рельстік бекітпесі бар жиынтықта дайын темірбетон шпалдарды сатып алуға мүмкіндік берді. Бұрын бұл шпалдардың бұрандаларын бөлек сатып алатындықтан, қосымша шығындар туындайтын. Енді бұрандасы бар шпалдарды жеткізудің нәтижесінде «ҚТЖ» шығыны да айтарлықтай төмендеді.
Қазір «Fasteners Metal» компаниясы 800 мыңнан астам шпал мен 1 млн 200 мыңға жуық рельсті бекіткіш шығарады. Өндірістік қуаты – жылына 1 500 000 жол бұрандасы мен 2 000 000 серпімді терминал. Еліміздегі бірегей өндіріс ошағы болып саналатын кәсіпорын жұмысы толықтай автоматтандырылған.
Кейіпкеріміздің айтуынша, 2021 жылы ресейлік әріптестермен бірлесе отырып, «StandLab» ЖШС – тәуелсіз аккредиттелген зертхана ашуға шешім қабылданды. Нарық сапалы тауарлардың қажеттігін енді ғана сезіне бастаған. Зертхана Алматы қаласы мен Алматы облысында құрылыс және теміржол материалдарының 400-ден астам түрін сынақтан өткізеді. Зертхана ашу нәтижесінде 80 адам жұмыспен қамтылды.
«2020 жылдың алдындағы ахуал «күріштің арқасында күрмек су ішедіні» еске түсірді. Сырттан көлеңкелі жолмен келетін, ешбір стандартқа сай емес құрылыс материалдары нарықтың отандық өнімдерге деген сеніміне селкеу түсірді. Аккредиттелген зертхана ашу қажет деген шешімге сол кезде бекіндік. Біздің компаниялар тобына қарасты кәсіпорындарында шығарылған тауарға қолданатын шикізат құрамы алдымен сол зертханада тексеруден өтеді. Содан кейін нарыққа жол тартады. Осы орайда айта кетер тағы бір жайт – жұмыспен қамту мәселесі. Біз көп жыл бойы жұмысшы тапшылығын бастан өткердік. Көпір крандары машинист, газ-электрмен дәнекерлеуші, қалыптаушы, зертханашы, бетон-араластыру тораптарының операторлары қажет. Өкінішке қарай, мұндай мамандар Алматы облысында даярланбайды. Зауыт жанынан ашылған аккредиттелген оқу орталығында 300 адамды оқыту жоспарланған болатын. Курсты бітіргеннен кейін «БЕНТ» фирмасының зауытында жұмыс істеуге міндеттеген жоқпыз. Олар өздері қалаған жерге жұмысқа орналасуға ерікті. Бірақ түлектеріміздің көбі бізге қарасты зауыттарда қалуға шешім қабылдады», дейді Д.Кузиев.
Оның сөзінше, нарықтың қазіргі беталысы тәп-тәуір. Салада серпіліс байқалады.
«Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Аталарымыз, әкелеріміз 1960 жылдары техникалық мамандықтардың бәсі басым болғанын жиі айтады. Қазір де техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары. Экономика цифрланып, автоматтандыру деңгейі жаңа мамандықтарға сұранысты арттырып жатыр. Іргелі тарихы бар зауыттар жастарға белгілі бір салаға мамандануға мүмкіндік береді. Қазір «БЕНТ» өнеркәсіптік компаниялар тобы қызметкерлерінің 54%-ы – техникалық мамандықты игерген 36 жасқа дейінгі жас мамандар», дейді Д.Кузиев.
АЛМАТЫ