Таным • 16 Сәуір, 2025

Дәулет ақылға бітеді

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде аттың жалына қазан асар заман туды. Әр қазақ жанқалтасына «от ала» жүрмесе, опынатын шақ келді. Ол аз болса, дәуірлер алмасып, құндылықтар ауысып жатыр. Кешегі кеңестік заманда кім жаман еді? Бай жаман болатын. Жетпіс жылдық тоталитарлық режим біздің санамызға ауқаттылардың жантүршігерлік образын сіңіріп жіберді, деп жазады Egemen.kz.

Дәулет ақылға бітеді

Сурет: wikipedia.(Салтанатты көш.Н.Хлудов)

Содан да шығар, қазір кәсіптің көзін тауып, азын-аулақ шыр біткен бір байды көрсек, оның бізден гөрі еңбекқор, білімді, ақылды екенін бағалаудың орнына, қаралауға бейім тұрамыз. Жетістікке жеткен адамның артында тұрған көкесін іздеп, «соның көмегімен көтеріліп кеткен шығар» деген секілді қара басымызды ақтайтын сылтаулармен жақсылықты көре алмаймыз. Мұның бәрі кешегі кері идеологияның салқыны.

Тілімізде – «бай жаман, кедей жақсы». Сөйте тұра Құдай берсе, бәріміздің бай болғымыз келетіні неліктен? Өйткені, қазақтың бағзы заман тарихында жаман бай болған емес. Тамырымызда байлықтың қаны бар. Сол үшін де ішкі түйсігіміз сол бай күндерді аңсайды. Қысылғанда Абай есімізге түседі ғой. Сол Абай хәкім «дәулет – ақылға бітеді» депті. Яғни, баю дегеніңіз – біреулер ойлағандай «дүние жинау» емес, ақылды болу деген сөз екен. Ақылды адамның жұртта қалғаны жоқ.

Байлық – ақыл, байлық – білім, байлық – кәсіп. Ол аз болса, түркінің ежелгі «бай» сөзінің этимологиясы «бірінші» деген мағынаны береді.  Бай шешек – бірінші гүл (көктем келе сала ең алғаш бүр жаратын гүл) «бай біше» – бірінші әйел, «бай терек» – бірінші (үлкен) терек деген сөздер. Ертедегі байлар елді мекеннің бірінші адамы деген сөз. Яғни, сол ауылдың экономикалық-саяси әлеуметтік жағына толық жауап беруші адам. Ол заманда ауылындағы кез келген келеңсіздіктің ұяты да, сөзі де байға тиетін. Кеңес одағының сұрқай саясаты қазақты бай адамдарын жоюдан бастады. Оны жойып біткен соң байлар туралы кері идеология жүргізді. «Бай – ақымақ, бай – топас, бай – қанаушы, бай – тоғышар» деген идеологияның салқыны «бай – бірінші» деген ұғымды санамыздан өшіріп жіберді. Осы бір идеологияны түпкілікті жойып, бай адам ақылдылығынан бай болатынын насихаттауды қазіргі заман талабы деп білуіміз керек. Қалаңыз, қаламаңыз «бай адам – ақылды адам».

Заманның ыңғайына қарай адам да өзгеруі керек. Құр мақтанды қойып, өткенге шынайы көзқараспен қараңызшы... Кеше әлем халқы отарбамен зулап, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» дәуір көшіне ілескенде біздің бабаларымыз солардың артынан атпен тұра шауыпты. Ілескісі-ақ келді. Бірақ, отарба (пойыз) жылқы затына жеткізе ме?

Қазір отарбаның да, отқарудың да заманы емес. Оқтың дәуірі өтті. Оттың заманы жетті. Әлем дамудың, дұрысы баюдың даңғыл жолына түсті. Илон Масктар жерді былай қойып, Марсқа көшіп кетуді ойлап жүр. Ал Алаш баласы ше? Тағы да көштен қалып бара жатқан жоқ па?