
Фото: ашық дереккөзден
Батыр бабамыздың тұла бойын тебірентіп, жан жүрегін жарып шыққан бұл жырдың толық мәтіні мынадай:
Келбетті, орта бойлы, өжет мінез,
Кең маңдайда ақылды жайнаған көз.
Әдепті һәм өнерлі салтанатты,
Сендей жігіт анадан туа бермес.
Деуші едім ішімнен мен сені көріп,
Айтпағанмен өзіңе шын сыр беріп.
Болашақта қолбасшы болатын ер
Өткелден өтсе қиын жорық көріп.
Қия жерден қисаймай,
Тіке жүріп кетіп ең.
Сескенбестен қауіптен,
Қайтпастан алған бетіңнен.
Бірнеше қырғын соғыста,
Жалтақтамай артыңа,
Жігіттік, ерлік, батырлық,
Қаһармандық етіп ең.
Тосыннан тиген дұшпанға
Тапқырлықпен, әдіспен,
Табандылық етіп ең.
Полкқа бұйрық болғанда,
Бір өзіңе аманат
Ерлерді табыс етіп ем.
Қан майданды қақ жарып
Шыққаныңа сүйсініп,
Біздің батыр мынау деп,
Көрсетіп мақтан етіп ем.
Өршіл, өжет батырым,
Ерлігіңе сенуші ем.
Қас батырдың бейнесін
Сипатыңнан көруші ем.
Ақылға да кең едің,
Үлгі, өнеге көрсетер,
Ер серкесі болар деп
Ішімнен баға беруші ем.
Серігім едің сенімді
Жауды бірге шабысқан.
Жүрекке суық, жанға жат
Есіттім хабар алыстан:
Сыймай кеттің маңдайға
Қыршын, шейіт арыстан.
Қазаңа қатты қайғырып,
Жігер бауырым құм болып,
Қабырғам менің қайысқан.
Осы жырдың газетке жарияланған нұсқасының соңында «Мұхаметқұл Исламқұловтың қаза болғанын естігенде» деген сілтеме бар. Демек, батыр атамыз бұл жоқтау – жырды «Мұхамедқұл Исламқұлов» деген досының қазасына арнап жазған екен. Осы орайда, батыр бабамыз жоқтаған бұл адам кім?
«Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 28 наурыз күнгі санына жарияланған Бауыржан Момышұлының жоқтау-жыры.
Мұхамедқұл Исламқұлов 1906 жылы оңтүстіктегі Арыс-Бадам өңірінде дүниеге келіпті. Ата-бабасы патшалық Ресей кезінде би-болыс болған, оқыған – тоқыған адамдар екен. Өзі 1920 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тілші болып бастапты. 1938 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне ауысып келіп, 1941 жылы соғысқа редакция табалдырығынан аттыпты.
Осы оқиғаның басы-қасында болған майдангер – журналшы Қаби Мыңжанов «Егемендік Қазақстан» газетінің 90-жылдығына орай шыққан кітабында: «Соғысты естіген кезде, барша қызметкерлер, біріміз қалмай редакцияның кең бөлмесіне жиналдық. Әркімнің жүзінен күндегідей жайраңдаған қуаныш нышаны емес, ызғарлы ызбар еседі. Левитанның дауысы: «...началась война, немцы нарушили границы Советского Союза...», деп айтып жатқан кезде адамдардың барлығы үрейлері ұшып, үнсіз қалды. Бұл үнсіздікті газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінің әдеби қызметкері Мұхамедқұл Исламқұлов бұзды. Ол Қызыл Әскердің запастағы командирі еді. «Осы түні мен сіздермен қоштасамын», - деді Мұхамедқұл. «Қазір үйге де соқпастан тура әскери бөлімге тартамын, барлық жігіттерге сәт сапар тілеймін, жеңіспен жолығайық, жолдастар!», - деп бәрімізбен қоштасты. Осылайша «Социалистік Қазақстан» ұжымынан бірінші болып майданға аттанған Исламқұлов еді» деп еске алыпты.
Осылай соғысқа аттанған азамат 1941 жылы шілде айында Талғарда жасақталған 316-ші атқыштар дивизиясына өз еркімен тіркеліп, дивизия командирі генерал-майор И.В.Панфиловтың жетекшілігімен Мәскеуді қорғау майданына қатысады. Бұл туралы әскери тілші А. Бек «Волокаламск тас жолы» атты кітабында: «...Біз де, немістер де күтпеген тұстан «Ура» естілді. Бұл бізге көмекке келген лейтенант Исламқұловтың взводы екен. Ең шешуші сағатта ол өзін нағыз батыл жауынгер ретінде көрсете білді. Жаудың артына байқатпай шығып, қолайлы сәт туғанда атылу - оңай іс емес» деп жазған екен.
Суретте: Мұхаметқұл Исламқұлов
Баукең полк командирі лауазыма көтерілгенде орнына бірінші батальонға командир етіп лейтанат М.Исламқұловты өзі тағайындайды. Бұл туралы өзінің «Москва үшін шайқас» кітабында және «Лениншіл жас» газетінің 1970 жылғы 6 маусымдағы санында жарияланған «Арысым еді...» атты естелігінде: «От пен судан өткен батальонымды кімге сеніп тапсырамын, - деп ойлап келемін. Көп ойланып, көп толғанып, батальонымды Мұхаметқұл Исламқұловқа тапсыруға шешімге келдім» депті.
Баукеңнің батасымен батальон командирі Мұхаметқұл қол бастап, жауды жапырып, қазақтың абыройын асырады. Бұл туралы Панфилов дивизиясының гвардия капитаны А.Трефиловтың естелігінде Исламқұловтың ерлігін былай деп баяндайды: «1942 жылдың 3 ақпанында Исламқұлов батальоны екі жүз бөліктен тұратын жаудың ең мықты қосынымен шайқасты. Батальон командирі Старая Русса қасындағы Малее Горби ауылының маңында жаудың қорғанысын қиратқан кезде тағы да ең қауіпті шайқаста ерлік пен батырлықтың үлгісі болды» десе, Бауыржан Момышұлының естелігінде: «Жауынгерлердің қалай орналасқанын көрейік деп блиндаждан шығып келе жатыр едім, мені біреу шақырды. Дауыс шыққан жаққа қарай бұрылсам Мұхаметқұл екен. Ол алға қарай озып кетті. Білмеймін, осы кезде оның нені байқағанын, сірә неміс мергенінің мылтығындағы оптикалық көздеуішке шағылысқан сәулені көріп қалса керек, Мұхаң жалт бұрылып мені бассалды. «Бұған не болды?» деп ойлап үлгергенімше болған жоқ, ол мені құшақтаған күйі жерге құлады. Мен «не болды» десем үн жоқ. Жүріп кеткен екен. Оқ сол жауырынының астынан дәл жүрекке тиіпті. Мұхаңды Крюководағы «бауырластар қабіріне» жерлеу үшін санитарларды шақырып, денесін арбаға артып, алғы шептен артқа қарай жібердім» депті.