Қоғам • Бүгін, 12:00

Ортақ Отан тоғыстырған құндылықтар

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанда Бірлік пен татулық мерекесі 1996 жылдан бері тойланып келеді.  Елімізге сан тағдырмен келген өзге этнос өкілдері арамында берік ірге қалау үшін 1-мамыр мерекесі 1995 жылдың 18 қазанында тұңғыш Президенттің арнайы жарлығымен бекітілген болатын. Үш онжылдық тоғысында мемлекеттік саясат,  Қазақстан халқы Ассамблеясы, қоғам қолдауы сынды үштаған талай сын шақта іргесі сөгілмей, ұлттар достығының озық үлгісін көрсетіп келеді. Ассамблеяның 30 жылдығы мен мереке аясында қазақ топырағында тату тірлік кешіп отырған этнос өкілдерімен Ортақ Отанымыз Қазақстан тоғыстырған халықтар достығының басты құндылықтары туралы сөйлестік, деп жазады Egemen.kz.

Ортақ Отан тоғыстырған құндылықтар

Фото: egemen.kz/ Ерлан Омар

Дильфуза Байрақтарова – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, ІІІ Интерноционал ауылының тұрғыны, түрік этносының өкілі

Ауылымыз Қазақстанның кішкентай моделі іспетті. Өйткені ауылымызда 11 этнос өкілдері бірге тұрамыз. Бір-біріміздің салт-дәстүр, тіліміз бен дінімізді жақсы білеміз, сыйласамыз. Сол салт-дәстүр, мәдениетіміз арқылы бір-бірімізбен тығыз байланыстамыз. Осы құндылықтарды терең түсінген сайын қарым-қатынасымыз да тереңдей түседі. Еліміздің баға жетпес байлығы  - халықтар арасындағы достық. Татулықтың бесігі деп айтуға да болады. Өйткені әрбір ұлтқа өзінің салт-дәстүрі мен мәдениетін, жаңғыртуға, өзінің ана тілін, дінін зерттеуге, білуге, насихаттауға барлық жағдай жасалған. Мол мүмкіндік берілген. Қазақстан ұлтаралық тұрақтылық пен келісімнің орталығы. Сөзімізге әр облыс орталығында орналасқан Достық үйлері дәлел. Биыл елімізде Ассамблеяның 30 жылдығы тойланып жатыр. Ассамблеяның басты рөлі көп ұлтты елімізде бейбітшілік пен келісімді қолдау. Біз еліміздегі достықты жоғары бағалаймыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының әлемде аналогы жоқ. Біз осыны мақтан тұтамыз. Біртұтас халық ортақ Отан тағдырына жауапты екенімізді сездіреді.

Дилноза Таджиметова – Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының тұрғыны, өзбек этносының өкілі

Қазақстан - көптеген ұлттар мен ұлыстардың ортақ шаңырағы. Еліміздегі халықтар достығының басты құндылықтары - бірлік пен татулық, өзара сыйластық пен ортақ мүдде үшін ынтымақтаса еңбек ету. Әр ұлт өз дәстүрі мен мәдениетін сақтай отырып, бір-бірін құрметтейді, бұл - біздің басты байлығымыз.

Мен өзбек ұлтының өкілі болсам да, қазақ мәдениетін үлкен құрметпен қабылдаймын. Өз ұлтымның салт-дәстүрін ұмытпай, қазақ халқының тілі мен мәдениетін де қастерлеймін. Осылайша екі мәдениетті үйлестіре отырып, елімнің дамуына өз үлесімді қосуға тырысамын. Қазақ мәдениетін меңгеруді домбыра үйренуден бастадым. Осы талпынысымның арқасында қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері мен рухани мұрасын бойыма сіңірдім. Өнерім өрге сүйреп, қазір байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарға қол жеткізіп жүрмін. Сондықтан тұрып жатқан еліңнің мәдениетін меңгеру жаңа мүмкіндіктері жол ашады. 

Вероника Ким – Түркістан облысы, Шардара ауданы, Қоссейіт ауылының тұрғыны, кәріс этносының өкілі

Тарих тамырына көз салсақ, қазақ халқы түрлі саяси салдармен Қазақстанға табан тіреген халықтарды ыстық ықылас, кең құшақпен қарсы алды. Осы құнды қадам арқылы өзге этнос өкілдеріне жаңа жерде тіршілігін түлетуге мүмкіндік сыйласа, екіншіден берік достықтың негізі сол сын шақтарда қаланды. Өз кезегінде түрлі тағдырмен Қазақстанға қоныс тепкендер сан саладағы бар білген, түйген тәжірибесін бүгіп қалмады. Мәселен менің атам, әкем «күріш савхозында» еңбек етті. Су қоймаларын салуға үлес қосты. Туған жеріміздей болып кеткен Қазақстан баршаға тең құқық пен жұмыс істеу үшін бірдей мүмкіндік сыйлап отыр. Бұл біз үшін басты құндылықтың бірі. Мемлекетіміздегі бар азаматтың арманын орындауға жағдай жасап отырған мемлекеттік саясатты әрдайым қолдаймыз. Біз де татулығы жарасқан жеріміздің жетістігін көбейту жолында тер төгуден жалықпаймыз.

Владислав Горизанов - Астана қаласының тұрғыны, орыс этносының өкілі

Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдері тұрады. Бұл өзге этнос пен қазақ халқы үшін үлкен жауапкершілік. Бірлік мерекесі қарсаңында қос тарап жауапкершілік жүгін тең арқалап келе жатқанын айтқым келеді. Бұл сөзіме былтыр еліміздің батыс, солтүстігін су басқанда қазақ халқымен тең көмекке ұмтылған Ассамблея мүшелерінің әрекеті жарқын мысал. Халықтардың ортақ мақсатқа жұмылдырған осы жұдырықтай жұмылу, ынтымаққа ұмтылу. Көптеген этностың терезесі тең тұрмыс кешуі мемлекеттік қолдаудың арқасы деп білемін. 

Әңгіме ауанынан байқағанымыздай еліміздегі этнос өкілдері мен қазақ халқын бір арман мен мүддеге жұмылдырып тұрған - бірлік күші. Сондықтан бірлігі мығым мемлекетіміздің қорғаны бұзылмасы сөзсіз.