Саясат • 21 Сәуір, 2025

Әкімдерді тікелей сайлау институтын дамыту мәселесі талқыланды

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

18 сәуір күні Еуразиялық интеграция институтында «IV Ұлттық Құрылтайда айтылған басымдықтар негізінде әкімдерді тікелей сайлау институтын дамыту» тақырыбында «Ашық саясат» сарапшылар клубының отырысы өтті, деп жазады Egemen.kz.

Әкімдерді тікелей сайлау институтын дамыту мәселесі талқыланды

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, ауыл әкімдері, саяси партиялардың өкілдері, еліміздегі түрлі институттардың сарапшылары мен өкілдері қатысты. Жиынды Еуразиялық интеграция институтының Ғылыми-теориялық талдау бөлімінің меңгерушісі Арман Ешмұратов ашып, әкімдерді тікелей сайлау институтын енгізу орталықсыздандыру үдерісін күшейтетінін баса айтты.

«2021 жылдан бастап Қазақстанда үлкен саяси және әкімшілік өзгеріс болды. Азаматтардың тікелей мандатына негізделген жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі қалыптасып жатыр. Бұл жергілікті деңгейдегі заңдылық моделін сапалы түрде өзгертіп, өңірлердегі саяси субъективтіліктің дамуына ықпал етеді», деді ол.

Ешмұратовтың айтуынша, тікелей сайлау биліктің жауапкершілігін арттыруға, саяси бәсекелестік пен азаматтық белсенділік мәдениетін дамытуға ықпал етеді. Сайып келгенде, бұл бастамалар мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты өзара іс-қимыл мен сенімді күшейтуі керек.

Жиынға қатысушылар реформаның тағы бір әсері партиялық саланың жандануы екеніне назар аударды. Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар тікелей сайлауды қолдайтынын, Қазақстан халықтық партиясының 2023 жылға арналған бағдарламасында мұндай ұсыныс болғанына тоқталды.

«Әкімдерді тікелей сайлау демократияландырудың элементі ғана емес, сонымен қатар саяси партиямызды танымал етудің жақсы құралы. Біз өз кандидаттарымызды ұсынған сайын қолдаушылар санын көбейтеміз. Халық қызығушылық танытып, біздің қатарымызға қосылуға ниет білдіріп жатыр», деді депутат.

Сонымен бірге, жиынға қатысушылар реформаны жүзеге асырудағы қиындықтарды, атап айтқанда, жергілікті әкімдердің қаржылық өкілеттіктерінің шектеулі екенін атап өтті. Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Қажымұқан ауылының әкімі Алпамыс Әбенов бұл өз кезегінде аймақтардағы жол, саябақ салу, коммуникация тарту мәселесін шартты түрде ғана әкім шешетінін аңғартатынын айтты. 

«Әкімдер өздерінің сайлауалды бағдарламалары аясында коммуникация орнатуға, жол салуға және тағы басқаларға уәде бере алады. Десе де қызметке кіріскеннен кейін бұл жұмыстарға аудан, облыс деңгейінде мақсатты бюджет бөлінбегенін біледі. Нәтижесінде әкімдер азаматтардың алдында ақталуға мәжбүр болып отыр», деді Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар.

Сарапшылар бюджетаралық қатынастар саласындағы қолданыстағы заңнаманы жан-жақты қарастыру қажеттігін, сондай-ақ облыстық бюджеттерді жергілікті деңгейге беру мүмкіндігін атап өтті. Әкімдік корпустың кадрлық әлеуетіне ерекше назар аударылды. Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Серік Жүсіпов әкім лауазымына үміткерлер үшін міндетті тестілеу енгізуді ұсынды.

«Көптеген елдерде жергілікті атқарушы органдардың басшылары тестілеуден өтеді. Қазақстанда бұл тәжірбие мемлекеттік қызметшілерге қатысты қолданылып отыр. Сайланатын әкімдерге де осы үрдісті қолдансақ тікелей сайлау идеясына да сын болмаушы еді», деп түсіндірді ол.

Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева «Аманат» партиясының «Әкімдер мектебі» жобасы аясында әкімдерді жүйелі оқыту туралы айтты. Жобаға 2400-ден астам әкім қатысады деп жоспарланып отыр.

«Заңнама мен бюджет саясатынан бастап салық базасы мен өкілеттіктерді кеңейту тетіктеріне дейін негізгі салалар қамтылатын болады. Бұл ретте цифрландыру да маңызды рөл атқаруы керек. Көптеген ауыл әкімдердің қолында мал басының саны, экономикалық профилі мен ауылдың өсу басымдықтары туралы ресми мәлімет жоқ», деді Мәдина Нұрғалиева.

Қорытындылай келе, қатысушылар әкімдер жұмысының тиімділігі саяси жүйенің тұрақтылығына тікелей әсер ететініне сенім білдірді. Оларды сайлау мәселесі саяси және экономикалық талқылаулардан тыс қоғамда кең талқылауды талап етеді. Тек осылай ғана Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқарудың оңтайлы моделін іздеу табысты бола түседі.