
«Халықаралық ғылыми ынтымақтастық орталығы» («International Centre of Scientific Collaborations») жеке мекемесі Астана қаласының Білім басқармасы мен «Астана дарыны» орталығымен бірлесіп өткізген үш күндік іс-шара Ғылым қызметкерлері күніне және ғылыми білім беруді енгізу жөніндегі Астана декларациясының (IBSE) қабылданғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Елордадағы Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында өткен форум жұмысына Астана қаласы әкімдігі Білім беру басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев, Ғылым және білім саласындағы «Бір белдеу, бір жол» Халықаралық консорциумының (BRISEC) вице-президенті, профессор Манзоор Сомро, жерлесіміз, Куала-Лумпур қаласындағы UTAR университетінің профессоры Гүлназия Исабаева және басқа мамандар, мектеп мұғалімдері, халықаралық байқаулардың жеңімпаз-оқушылары қатысты.
Бұл дарынды балалар Қытайда (CASTIC-38), Оңтүстік Кореяда (IPCP, WICO), Малайзияда (KLESF), Тунисте (I-FEST) өткен байқауларда ғылыми жобасын жоғары білікті қазылар алдында дәлелдеп, мыңдаған баланың арасында жүлдегер атанған.
Форумның ашылу салтанатында сөз алған шетелдік мамандар өскелең ұрпаққа ғылыми білім берудің маңызын атап айтты. Париж обсерваториясы (LIRA) мен Париж-Сите университетінің құрметті профессоры, Франция ғылым академиясының мүшесі Пьер Лена форум қатысушыларына бейне-сәлем жолдап, еліміздің дарынды балаларды қолдауына ризашылығын білдірді.
«2015 жылы зерттеулерге негізделген ғылыми білім беруді енгізу жөніндегі Астана декларациясы қабылданып, Қазақстан да ғылыми білім жөніндегі академияаралық әріптестік бағдарламасына қосылды. Мен және бір топ ғалым әзірлеген бұл бағдарлама балаларға ғылым ғажайыбын таныстыруға арналған. Бүгінгі күрделі әлемде мұндай форум өткізу өте маңызды. Сіздер қоршаған ортаның сұлулығын, адам ақыл-ойының ғаламатын аша отырып, балаларды кішкентай кезінен табиғат құбылыстарын, яғни ақиқатты тануға қызықтырып, таным қабілетін шыңдайсыздар. Қазір ақиқат ұғымы жалған ақпарат пен үгіт-насихаттың тасасында қалды. Ғылыми қызмет нәтижесінде қол жеткізген ақиқат еркін ойға жол ашады. Ғылыми білім бүкіл әлемдегі, Қазақстандағы, Орталық Азияның барлық еліндегі балалардың бойына ақиқат, еркін ой, әділет сезімін, адамшылық дәнегін егетініне сенемін», деді профессор Пьер Лена.
Әлемдік тәжірибеге қарағанда, озық елдердің білім жүйесі балаларды балабақшадан бастап ғылымға баулиды. Ғылыми-танымдық іс-шаралар мектептегі оқу бағдарламасының бір бағыты ретінде жүйелі түрде жүргізіледі. Малайзиядағы UTAR университетінің профессоры Гүлназия Исабаеваның айтуынша, бұл елде жастарды ғылымға баулуға ғылыми-танымдық контент әзірлеуге баса назар аударылады, оған белгілі ғалымдар тартылады.
– Корольдік ғылым академиясының ғалымдары ғылыми дәрістер өткізуге белсене қатысады. Балаларға арналған қызықты бағдарламалар көп және олар телеарналардан, сайттардан тұрақты түрде көрсетіледі. Мектептерде мұғалімдер STEM-білім беру үдерісінде (ғылым мен технологияға, инженерия мен математикаға бағдарланған білім) осы контентті пайдаланады. Қазақстанда да осы әдістерді қолдану керек. Елімізге техникалық мамандар керек дейміз, балаларды инженерлік білімдерге қызықтыра білсе, осы мамандықты таңдайды. Баланың жас ерекшелігін ескере отырып, ізденіске тартқан жөн. Ғылыми байқауларға келсек, оған барлық мектеп қатысуы керек. Жақсы білім – зерттеуге қызығушылық тудырады. Балалардың танымдық қабілетін шыңдау өте маңызды. Бұл – мектептегі білім берудің міндеті. Бүгін өтіп жатқан форум сияқты іс-шаралар балаларды ғылымға қызықтырады. Малайзияда оқушылардың зерттеу қызметіне, жаңа идеяларға жол ашық. Қызығатын тақырыбына қарай ниеттес адамдарды табу да оңай. Жастарға арнап мемлекет және жеке кәсіпкерлер тағайындайтын шәкіртақылар да көп. Жас ғалымдарға мүмкіндік мол. Ең бастысы, жастардың өзіне деген сенімін нығайту керек, адам капиталының елге қызмет етуіне жағдай жасау керек, – дейді Гүлназия Исабаева.
Ғылыми іс-шараның басты ұйымдастырушысы, білім-ғылым саласының белгілі маманы Ләззат Құсайынова өз сөзінде «Ғылымдағы балалар» жобасының барлық жастағы жеткіншектердің ғылыми әлеуетін, қабілетін ашуға бағытталғанын атап өтті. Халықаралық байқауларда топ жарған балалардың жетістігі – жоба қызметінің нәтижесі екені анық.
Форум барысында еліміздің әр өңірінен келген балалар өздерінің ғылыми жобаларын таныстырды. Көкшетаулық оқушы Аружан Жәнібек топырақтың құрамын талдайтын әрі құнарлылығын сақтауға және егістікте суды үнемдеуге көмектесетін құрылғы әзірлеген. Оны «Жерұйық» деп атапты, бұл аппарат күн сәулесінен қуат алады. Осы ғылыми жобасы үшін Аружан Кореяда өткен байқауда алтын медаль жеңіп алған. Ал шымкенттік 11-сынып оқушысы Әмина Сәуленбек ғылыми жобасының арқасында болашақ мамандығын таңдағанын айтады. Оның пластик заттарды қайта өңдеп пайдалану әдісі қоршаған ортаға жанашырлықтан туған. Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласында өткен ғылыми жобалар көрмесінде (KLESF) Ә.Сәуленбек қола жүлдеге ие болды.
Халықаралық ғылыми форумның екінші күні белгілі генетик М.Жабағинмен және Жошы ұлысы ғылыми зерттеу институтының директоры Ж.Сәбитовпен кездесу болды. Ғалымдар өздерінің зерттеу саласындағы жаңалықтармен таныстырды. Сондай-ақ форум аясында еліміздегі ғылыми журналистиканың дамуы жайында да сөз қозғалды.
«Ғылымдағы балалар» жобасының ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, жоба тәлімгерлері ғылымға бейімі бар жеткіншектерге жол ашып, бағыт-бағдар беруге әрдайым дайын. Биылдан бастап халықаралық ғылыми байқауларда жеңімпаз болған оқушылар ЖОО грантын иеленеді және ақшалай сыйақы алады. Бұл да жастарды ғылымға тартудың бір жолы.
Дина ИМАМБАЙ,
журналист